Өңірдің дамуына серпін беретін өндіріс

30 мамыр 2023, 14:25

Фото: Автордан

Фото: Автордан

Петропавл қаласында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында былтыр іске қосылған қағаз өнімдерін өндіретін «РимКазАгро» фабрикасы небәрі бір жылға толар-толмас уақыттың ішінде қарқын алып, бүгінде ел бойынша импорт алмастыруға үлес қосып отыр. Алдағы уақытта жылына 21 мың тонна картон өндіретін зауыт іске қосылмақ. Отандық өнім үлесін арттыратын мұндай кәсіпорындар өңірдің дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Akorda.kz

Akorda.kz

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев фабрика жұмысының алғашқы нәтижесімен танысты.
«Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайтын фабрика бүгінде жиырма шақты өнім түрін өндіреді. Соның ішінде «LEO» маркалы түрлі форматтағы кеңселік, санитарлық-гигиеналық қағаз, мәселен, сүлгі, майлық, дәретхана қағазына дейін бар. Бағасы нарықтағымен салыстырғанда әжептәуір арзан.
«Радуга» ЖШС директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, кәсіпорында өндірістің толық циклы жолға қойылған.

Akorda.kz

Akorda.kz

«Негізгі цехтың ғимаратын өзіміз салып, инженерлік коммуникациялар тарттық. Өндіріс барысында Петропавл 2-ші жылу-электр орталығының буын біз ғана пайдаланамыз, ол бірден өндірістік циклға жіберіледі. Бұл өз кезегінде өнім бағасын арзандатуға сеп. Жобаны жүзеге асыруға 2,5 миллиард теңге инвестиция құйылды», — деді Дмитрий Анатольевич.
«РимКазАгроның» өндіріс жөніндегі директоры Андрей Титов жұмыстың қыр-сырын әңгімелеп берді. Қағаз өндіруге әдетте өте көп су жұмсалады, әрі көп қалдық қалады екен. Алайда «РимКазАгрода» ондай қиындық мүлдем жоқ. Себебі мұнда тазарту қондырғылары орнатылған. Соның нәтижесінде бір рет пайдаланылған су қайта қолдануға жарай береді, яғни экологияға зиян жоқ. Тіпті бір түп ағаш та кесілмейді: целлюлоза кептіріліп, оған пішін беру үшін қажетті қалыпқа салынады. Сондай-ақ заманауи қондырғылардың арқасында мұнда қайталама шикізатты, яғни макулатураны да қолдануға мүмкіндік бар.

Фото: Автордан

Фото: Автордан

Кәсіпорын директоры Ирина Демидованың айтуынша, мұнда 80 адам жұмыспен қамтылған. Орташа еңбекақы көлемі – 190 мың теңге. Солардың бірі – гидроараластырғыш машинаның операторы Руслан Толстых бір кездері вокалмен айналысып, сахнаға шығуды армандаса, бүгінде еңбек адамының қадірі арта түскеніне риза екенін жеткізді. «Осыдан он шақты жыл бұрын заңгер не экономист мамандығы беделді саналатын. Мен де түрлі салада жұмыс істедім, тіпті өз кәсібімді де ашып көрдім. 2015 жылы осында металл-пластик бұйымдарын жинаушы болып жұмысқа орналастым. Содан кейін ғана өз қолыңмен халыққа қажетті, пайдалы зат жасау қандай ғанибет екенін түсініп, зауыт өміріне құштарлығым арта түсті. Қазіргі заманда еңбек адамы үлкен құрметке ие. Президентіміз адамдардың адал еңбегі құрметтелуіне, қорғалуына және оған лайықты ақы төленуіне баса назар аударып отыр. Мемлекет басшысы қарапайым жұмысшыларға осылайша көңіл бөлгеніне ризамыз», — деп өз пікірімен бөлісті Руслан Умарович.
Фабриканың қуаты жылына 5 мың тонна қағаз өндіруге жеткілікті. Бұл фабриканың екінші кезегі іске қосылса, өндіріс көлемі жағынан Қазақстан бойынша Алматыдағы «Каринадан» кейінгі екінші орында болмақ, ал солтүстік өңірдегі ең ірісі. Осы өндіріс орнының арқасында елімізге импортталатын қағаз өнімдерінің көлемі 16 пайызға кеміді. Дайын өнімнің 40 пайызы көршілес Ресейге экспортталады.

Жалпы «Радуга» ЖШС отыз жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Барлығы 2 мың адам жұмыспен қамтылған. Мұнда сондай-ақ қатты және сұйық сабын, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, бас-аяғы  600-ден астам өнім өндіріліп, еліміздің барлық өңірінде сатылады. Алдағы уақытта жылыжай ашып, қияр, қызанақ өсіру жоспарда бар. Бұл өңір тұрғындарын жыл он екі ай көкөніспен қамтамасыз етуге жол ашады. Айта кету керек, бұған дейін «РимКазАгро» екі мың тонна өнім сақтайтын көкөніс қоймасын ашқан болатын. Одан соң мемлекеттің қолдауымен тоғыз мың шаршы метр көкөніс қоймасы бар көтерме-тарату орталығы іске қосылды. Орталықтың қуаты бір мезгілде 10 мың тонна көкөніс сақтауға жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов: «Көкөніс қоймасы маусымаралық кезеңде көкөніс тапшылығын жоюға және бағаны реттеуге сеп болып отыр. Бұл орталық фермерлер мен көтерме саудагерлерге өз өнімдерін қосымша шығынсыз сақтауға, тасымалдауға, буып-түюге және сатуға жол ашты. Қыстыгүні біз көкөністі елдің оңтүстік аймақтарынан және шетелден импорттаймыз, бұл бағаға әсер етеді. Жаңа жобаларды жүзеге асыру облыс тұрғындарын жыл бойы арзан әрі сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

Akorda.kz

Akorda.kz

Сонымен қатар алдағы уақытта 12 млрд теңгеге картон өндіретін зауыт салынбақ. Жаңа кәсіпорын қосымша 200 жұмыс орнына ашуға мүмкіндік береді. Оның қуаты жылына 21 мың тонна өнім өндіруге жетеді деп болжанып отыр.

Зауытты аралаған соң ел Президенті «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға және халық тұтынатын тауар түрлерін кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтіп, кәсіпорын басшылығына сәттілік тіледі.

Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде