Өңір «көгілдір отынмен» көркейеді

27 қазан 2023, 13:28


Маңғыстауда газдандырудың игілігін ел көреді. Осы аптада Бейнеу –Жаңаөзен магистральді газ құбырының екінші желісі пайдалануға берілді. Сөйтіп елді мекендерге, ірі өндіріс ошақтарына, сондай-ақ электр қуаты және жылумен қамтамасыз ететін облыстағы негізгі энергия кәсіпорны — Маңғыстау атом энергетикасы комбинатына (МАЭК) газды тұрақты әрі жеткілікті дәрежеде жеткізу ісінде зор қадам жасалды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов стратегиялық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқанын, «көгілдір отынның» келуі облыс экономикасының қарқынды дамуына септігін тигізетінін атап өтті. Премьер-Министрдің пікірінше, ұзындығы 308 шақырым, жылдық қуаты 5,8 млрд текше метр газды құрайтын құбыр желісі тұтастай алғанда еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінін нығайтуға сүбелі үлес қосады. Бұған дейін аталған бағытпен 3 млрд текше метр газ тасымалданатын.

Ендігі жерде екі газ құбыры желісінің қуаты 9 млрд текше метрге жетеді.
Айта кеткен жөн, «Qazaqgaz» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы жобаға 180 млрд теңге инвестция салды. Құрылыс барысында коррозиядан қорғайтын материалдар пайдаланылып, негізгі басымдық отандық өндірушілердің өніміне берілді.
Қуат көзінің бұл түрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық тірішілігінде көкейкесті мәнге ие. Өйткені Маңғыстау — еліміз бойынша газды ең көп тұтынатын аймақ. Мұнда автокөліктердің 90 пайызы отынның осы түрін пайдаланады. Мәселен, былтырғы жылы өңірде «көгілдір отынды» пайдалану көрсеткіші 2,8 млрд текше метрге жеткен. Бұл -еліміздегі ішкі нарықтағы сұраныстың 19 пайызы деген сөз.
Бұған қоса, облыстағы газ тасымалдау жүйесін жаңғырту ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау газ құбыры желісінің үш тармағы күрделі жөндеуден өткізілді. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев атап өткендей, енді қосымша 1 млрд 800 млн текше метр «көгілдір отынды» Ақтау қаласына жеткізуге мүмкіндік бар. Облыс басшысы аталған жобалардың жүзеге асуы шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне де ықпал етеді деген пікірде.
Құт дарыған өлкеде табиғи газдың әлеуетін пайдаланып, экономиканың түрлі салаларын дамытуға бағытталған өзге жобалар да баршылық. Биылғы сәуірде Құрық ауылы мен Сарша елді мекенін бір-біріне жалғайтын ұзындығы 60 шақырымдық жоғары қысымды жер асты газ құбыры желісі пайдалануға берілді. Жобаны қаржыландырған «Qazaqgaz» ҰК АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешовтың айтуынша, «Сарша» туризм, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларының дамуына ықпал етеді. Туризмге тоқталсақ, саяхатшылар үшін тартымды киелі мекендер, теңіз жағасында орналасқан демалыс орындары жетерлік. Газ берілсе, жайлы қонақ үйлер мен «Жылы жағажай» курорттық аумағы сияқты демалыс орындарына саяхатшылар жыл он екі ай бойы келе алады. Арзан қуат көзі егіншілікке қолайсыздау аймақта диқандардың жылыжайда көкөністі көптеп өсіруіне жағдай жасайды. Өңірде ауыз сумен қамту да өзекті мәселе. Осыған орай, су тұшытатын жаңа зауыт салу көзделіп отыр. Ол сағатына 21 мың текше метр газды қажет етеді. Кәсіпорын іске қосылғанда жергілікті тұрғындарға қосымша 1,2 млн текше метр көлемінде тіршілік нәрі беріледі.

Маңғыстауда газ өндірісі жылдан жылға артып келеді. Әлемдік тәжірибе шикізатты өңдеп, дайын өнімді пайдалану тиімді екенін көрсетіп отыр. Осы мақсатпен Жаңаөзенде заманауи технологиямен жабдықталған өңдеу кәсіпорнын салу қолға алынды. Өйткені облыстағы жалғыз Қазақ газ өңдеу зауыты облыс тұтынушыларының сұранысын толығымен қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне, 1973 жылы салынған өндіріс ошағында құрал-жабдық та ескірген. Сондықтан жылдық қуаты 900 млн текше метрді құрайдын жаңа кәсіпорын мұнай-газ саласын әртараптандыруға, өңірдің өркендеуіне серпін беретін драйвер болары анық.

Талап Тілеген

Суреттер: Премьер-Министрдің баспасөз қызметі

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді