jasqazaq.kz

Өнегелі өмір, тағылымды тағдыр иесі

13 мамыр 2023, 14:52


Астана қаласындағы ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының концерт залында Қазақстан Қраулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Марат Нағұмановтың 75 жасқа толуына орай салтанатты жиын өтті. Бар саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне бағыштап, төл әскерімізді құруға сүбелі үлес қосқан, қазақ офицерлерінің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған азаматты құттықтауға халық көп жиылды.

Біздің кейіпкеріміз қатардағы солдаттан генералға дейінгі қиындығы мол жолды кителіне кір жұқтырмай абыроймен өткен адам. Қарапайым қазақ баласының қатардағы сарбаз кезінде-ақ «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталуы көп нәрседен хабар берсе керек.

Ол кейін әскери оқу орнына түсіп, Кеңес Армиясы сапында полковник дәрежесіне дейін көтеріліп, «КСРО Қарулы күштері қатарындағы Отанға қызметі үшін» орденін омырауына тақты. Кейін елге оралып, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетовтің қол астында қазақ әскерін құруға белсене кіріседі.
1992 жылдың 24 ақпанында И.Конев атындағы Алматы жоғары командалық әскери училищесіндегі қызметін бастап кетеді (бұл оқу орны қазір С.Нұрмағамбетов атындағы ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің әскери институты).


Кадр тапшылығына қатысты бір ғана мысал. Сол жылы аталған оқу орнын бітірген 200-ден астам лейтенанттың тек 22-сі Қазақстанда қалды, ал соның 12-сі ғана қазақ болатын. Кейін Киев, Харьков, Қазан, Саратов сияқты басқа әскери училищелерден қазақ жігіттері ауысып келе бастады. Бүгінде олардың алды генералдар мен полковниктер, әскерлерде әртүрлі жоғары қызметтерде жүр.
Уақыт өте келе полк-дивизия-корпус буынында кадр жетіспеушілігі байқалды. Ірі әскери бөлімдердің командирлерін өзімізде оқытуды қолға алу қажет болды. Сондықтан Марат Сералыұлы Алматы жалпы әскери училищесін ҚР Қарулы күштерінің Әскери академиясы етіп қайта құру қажеттігі туралы құжатты Президенттің атына дайындаумен тікелей айналысты. Қазіргі Ұлттық қорғаныс университетінің іргесі солай қаланған болатын.
Бұдан кейін М.Нағұманов ҚР ҚК Жалпы мақсаттағы әскерлері қолбасшысының орынбасары, Қорғаныс министрлігінің департамент бастығы ретінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды жолға қойды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, ҚР ҚМ Әсери-техникалық мектептердің бастығы генерал-лейтенант Болат Дарбеков, контр-адмирал Ратмир Комратов және басқалар мерейтой иесінің әскерге сіңірген еңбегіне жоғары баға беріп, бірге қызмет атқарған жылдарынан жылы естеліктер айтты.
Генерал М.Нағұманов запасқа шыққаннан кейін де «ҚР Қарулы күштері ардагерлері» ұйымы төрағасының орынбасары, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің бақылау кеңесінің мүшесі ретінде елге қызмет етуден, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруден қол үзбей келеді.
Қазір «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін салу туралы ұсынысты көтеріп жүр. Оның себебін ардагер былайша түсіндіреді:
— Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған бір жарым миллион қазақстандықтың 630 мыңнан астамы майданда опат болды, 270 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кетті. Қаза тапқан жауынгерлердің жерленген жерлері де белгісіз. Олардың аты-жөндерін түгел қалпына келтіру енді мүмкін емес. Осыған байланысты, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін орнатуды ұсынып отырмыз. Осылайша біз бостандық жолында қаза тапқан боздақтардың алдындағы азаматтық парызымызды орындаймыз. Бұл ескерткіш соғыста хабар-ошарсыз кеткен немес қайда жерленгені белгісіз барлық қазақстандықтардың рухына тағзым ететін көпшілік орынға айналар еді.
Бір сөзбен айтқанда тағылымды тағдыр иесінің мерейтойы жасандылықтан ада, риясыз көңіл-күйде және жоғары деңгейде өтті. Елу жылдан астам отасып, әскери қызметтің барлық ыстық-суығын бірге татқан жұбайы Ақжібек жеңгемізге деген ризашылық сезімін Марат аға Ұлыбританияның премьер-министрі У.Черчильдің сөзімен жеткізді: «Менің өмірімдегі ең үлкен жетістігім әйелімді өзіме тұрмысқа шығуға көндіре алғаным болды». Ал біз кез келген мықты еркектің ту сыртында мықты әйел тұрады деген қанатты сөздің өміршеңдігіне тағы да бір рет көз жеткіздік.

Әбубәкір Смайылов

 

Бүгін, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
Бүгін, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
Бүгін, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
Бүгін, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
Бүгін, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
Бүгін, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
Бүгін, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
Бүгін, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата