Оңай олжа оңдырмайды

05 наурыз 2021, 14:34

Қандықол қарақшы

Кенже Абдуллаева Шымкенттегі «Қырғы» базардың алтын бұйым сататын павильонында жұмыс істейтін. Өмірінде тірі жанға зияны тимеген, өз арбасын өзі сүйреген нағыз еңбек адамы еді. Мамыражай мамырдың бір күнінде, жұмыс аяқталғанда ақшасы мен алтынын сөмкесіне салып, кәсіпкер әйел үйіне қарай беттейді. Сыртынан бір адамның аңдып жүргені үш ұйықтаса түсіне енбеген. Кенженің отбасы оқиға болған 2019 жылғы 11 мамырды орны толмас қаралы күн боп қаларын біліп пе?! Жазықсыз әйелді аяусыз өлтірген қылмыскер кім?

К.Абдуллаеваның қолында қомақты ақша, сөмкесінде алтын бұйымдар жүретінін байқаған Н.Бердібековтің ойы бұзық еді. Ол өз құрбанын жарты жыл бойы аңдыған. Оның жұмыстан қашан қайтатынын және қай күні қайда баратынын жақсы біледі. Тек қомақты қаржы мен құнды заттарды қолға түсірудің ұрымтал тұсын күтіп жүрген.

Кәсіпкер әйелдің әдеттегідей үйіне қайтып бара жатқанын білген Н.Бердібеков таксимен одан бұрын жетіп, бесінші қабаттағы дәліздің терезесінен оның үйге кіргенін тосып тұрады. Лифтімен түсіп, алдынан шыққан. Жәбірленуші лифтіге еніп, есігі жабылғалы тұрғанда «Тоқтай тұрыңызшы, төбеде затым қалып кетіп еді!» деген белгісіз ер адамның сөзіне бола жеделсатыны тоқтатады. Оңай олжаға қарық болуды көздеген қарақшы сол лифтінің ішінде арам ойын іске асырады. К.Абдуллаеваның желке тұсынан ұрып, қолындағы сөмкесін тартып алуға әрекет жасайды. Зәре-құты қалмай шыңғырып, қарсылық танытып, шу шығарған сәтте оған сегіз жерден пышақ сұғып үлгереді. «Тек тірі қалдыр, мынаның ішіндегі ақшаны ал!» деген әйел қансырап, лифтіден сүйретіліп, көршісінің есігінің алдына кеп жығылады. Сол арада сөмкені қолтығына қысып төменге баспалдақпен зуылдаған Бердібеков таксиге мініп ізін суытқан еді. Көршісі не істерін білмей, абдырап 102-ге қоңырау шалады. Сол арада жаралы әйел оқиға орнында жантәсілім етіпті.

Шымкент қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Нұрсұлтан Өмірзақовтың айтуынша, 2019 жылдың 11 мамырында Шымкент қаласы ПД Әл Фараби аудандық полиция басқармасына 102 сымтетігі арқылы Тәуке хан даңғылындағы 33 үйдің №7 пәтерінің алдында әйел азаматшаның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түседі.
Аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 8-тармағымен қылмыстық іс қозғалады. Істі тергеп-тексеру барысында белгісіз біреудің Кенже Абдуллаеваға шабуыл жасап, қол сөмкесін және ішіндегі жалпы сомасы 2 125 766 теңгені құрайтын алтын бұйымдары мен ақшасын, екі ұялы телефонын алып кеткендігі анықталған.

Қол сөмкені қолтығына қыстырған күдікті ізін жасыру үшін үйіне жеткенше бірнеше көлікке отырған. Тергеу деректерінен көлік иелерінің бәрі бір адамды сипаттап бергені белгілі болды. Такси жүргізушілері Бердібековтің бетпердесін сыпырды. Ол киімін ауыстырып, пакетке салып, ақшаны үйдегі бір етіктің қонышына тығып, босаған сөмке мен пакеттегі киімдерін қаланың басқа бір жеріндегі қоқыс жәшігіне тастап кетеді. Оқиға орнынан із суытқан күдікті бәрібір алысқа ұзай алмады.

Жеке дерек-қорын тексеру барысында бұрын-соңды қасақана кісі өлтіру бойынша сотты болғаны, 15 жыл жазасын темір тордың ар жағында өтеп келгені анықталды. Аса қауіпті қылмыскерді жергілікті ПД мамандары бір тәуліктің ішінде анықтап қолға түсірді. Дегенмен әккі қылмыскер өз әрекетін бірден мойнына ала қоймады.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Самидин Темірәлиев Қылмыстық кодекстің 58-бабы 4-бөлімінің талаптары негізінде жазаны ішінара қосу арқылы қылмыскерге түбегейлі 19 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын айтты. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қылмыстық қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеу белгіленген. Үкім заңды күшіне енген. Қандықол тас түрмеге тоғытылды.

Өзін қанша жерден айлалы санаса да, Бердібеков құрған жоспардың күл-талқаны шықты. Сот залында әдейі өлтіргісі келмегенін, марқұмның туыстарынан кешірім сұрайтынын, іс-әрекетіне өкінетінін айтты. Қанша ақталып, айыбын жуып-шайғысы келсе де, ол енді 19 жылын тар қапаста өткізіп, зейнет жасынан асқанда ғана бостандыққа шығады.

Тергеп-тексеру барысында қылмыскердің соңында төрт баласының қалғаны белгілі болды. Ол өзінің қаныпезерлігін «жоқшылықтың кесірі» деп ақталды.

Безбүйрек ана

2020 жылдың 1 қаңтарында Шымкент қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасына Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасынан өз баласын саудаға салған ана туралы іс-құжат келіп түседі. Түсінікті болу үшін айтайық, жедел уәкілдердің арасында халықтың ортасында жүріп, ақпарат іздестіретін «құпия агенттері» болады. Сол агенттер жүргізген іс-құжат бойынша жедел-тергеу әрекеттерінің нәтижесінде Шымкент қаласы Қаратау ауданы Нұрсат м/а, №20 үйдің №4 пәтер тұрғыны Назгүл Есенованың адам саудасымен айналысып жатқандығы анықталған.
ПД жедел уәкілдерінің жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде адам сенгісіз жағдай болған. Полиция қызметкерлері әуелі Н.Есеновамен телефон арқылы байланысқа шығып, баласы жоқ ерлі-зайыптының рөлін ойнауына тура келеді. Ары қарайғы диалог былай өрілеген:

– Саламатсыз ба, Назгүл! Сарығашта тұрамыз. 10 жылдан бері бала сүйе алмай жүрміз. Сіз балаңызды бізге бересіз бе? Жолығайық та! – дейді полиция.

– Саламатсыз! Менің телефон нөмірімді қайдан алдыңыз? – деп әлгі келіншек шақ ете түседі.

– Достарымыздан алдық.

– Пәленше ме, түгенше ме? – деп Н.Есенова көршілерінің атын атап, түсін түстеп, күдіктене бастайды. Бірақ полицейлер сөзден ұстатпайды.

Ақырында ол кездесуге келісіп, сол күні кешке қарай Бәйдібек би даңғылының бойындағы Наурыз алаңына келеді. Сол жерде ерлі-зайыптының рөлін ойнап тұрған екі қызметкерден өзі туралы мәліметті қайдан алғанын тағы да тәптіштеп сұрайды. «Таныс адамнан естідік, бірақ кім екенін айта алмаймыз. Ары қарай үйге барып сөйлесейік те!», – дейді рөлге кіріп алған полиция өкілдері. Үшеуі Назгүлдің үйіне барғанда, 28 жасар келіншектің бес баласын көреді. Ең кенже баласы (2018 жылы туған) Санат ол кезде әлі бір жасқа толмаған сәби еді. Анасы еш шімірікпестен «Сатқалы отырған балам осы» деп көрсетеді. Күдіктінің әлеуметтік жағдайының төмен екені пәтердегі шәй ішетін үстелдің жоқтығынан, тіпті бірде-бір жиһаздың жоқтығынан, сүреңсіз қабырғалардан-ақ көрініп тұрады.

Қызметкерлер телефонмен сөйлескен кезде:

– Білесіз бе, мұның заңсыз екенін, ертеңгі күні дауға айналып кеткенін қаламаймыз, – деп ескертеді. – Баланы берсеңіз, біз тексертіп алайық, емдетейік! – дейді.

– Тексерткенмін, баланың еш жері ауырмайды, дені сау, – дейді бала сатушы әйел.

– Бағасын қанша деп жатсыз?

– Не деп айтам, мал емес қой, өздеріңіз білесіздер.

– Білмейміз, өзіңіз айтыңыз!

– Бұған дейін туыстарыма бермекші болғанмын. 1 миллион теңге деп едім, олар ақша беруден бас тартты.

– Сіздің ойлағаныңыз 1 миллион теңге ме?

– Иә.

Осы кезде «ерлі-зайыпты» полицей қалтасынан алдын ала арнайы дайындап қойған ақшаны шығарып, әйелдің көзінше санап қолына ұстатады. Н.Есенова оны терезенің жақтауына қояды. Сөйтеді де, баланы апыл-ғұпыл киіндіріп береді.

– Құжаттары ше?

– Құжаттары туысқанымның үйінде, кейін әкеп беремін, әзірше баланы алып кете беріңдер.
Осылайша безбүйрек ана әлі жасқа да толмаған сәбиін киіндіріп, бөгденің қолына ұстата салады.
Қос полицей пәтерден шыға сала, тергеу тобы үйге кіріп Н.Есенованы ұстайды. Үйіне тінту жүргізгенде, қомақты қаржы шығады. Шымкент қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Бекжан Қыдырбаевтың айтуынша, күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекістің 225-бабы бойынша іс қозғалған. Назгүл Есенова сол баласын сатып, ақша тапқысы келгенін, өз іс-әрекетінің терістігін, ол үшін қатты өкінетінін, алдағы уақытта мұндай істі қайталамайтынын айтыпты.

– Тергеу деректерінен бұған дейін өз баласын саудалаған ананың Қаратау аудандық сотында Қылмыстық кодекістің 190-бабы, 2-бөлімі, 2-тармағымен алаяқтық қылмысымен 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын, 2019 жылдың сәуірінде екінші рет Әл Фараби аудандық сотымен 190-бабының 1-бөлігімен тағы 1 жыл бас бостандығын шектеу алғаны белгілі болады. 2018 жылдың 12 қарашасында Еңбекші аудандық соты күдіктіні 190-баптың негізінде алаяқтығы үшін үшінші рет соттайды. Айыпталушы арызданушыдан кешірім алып, екі жақтың татуласуына орай іс қысқартылған. 2020 жылы ұрлық бабы бойынша Қаратау аудандық ПБ-да күдікті ретінде тіркелген. Полиция капитаны Бекжан Нұрматұлы «Ол бұл қылмысына дейін 5 рет қылмыс жасаған. Төртеуі – алаяқтық, біреуі – ұрлықпен байланысты», – дейді.

Күдікті Н.Есеноваға қатысты сот алдында «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтініш хат жолданып, Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотымен қанағаттандырылған. Сот күдіктінің кәмелеттік жасқа толмаған бес бірдей баласының бар екенін ескеріп, «үйқамақ» түріндегі шара қолданған.

2020 жылдың 20 шілдесінде Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен күдікті ҚК-нің 135-бабының 2-бөлігінің 12-тармағымен 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілген.

Тергеу жұмыстарының барысында көпбалалы ана Назгүлден «Не себептен мұндай қадамға бардыңыз?» деп сұраған ғой. Ол: «Күйеуіммен ажырасып кеттім. Мұқтаждықтан», – деп жауап беріпті. Қос тараптың уәжін тексеру барысында көпбалалы анаға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы беріліп келгені, тұрып жатқан пәтерін де мемлекеттен алғаны анықталған. Күйеуінен жауап алғанда, ол «пәтердің шығынын мен төлеп жүрмін» деген. Жанжалдасып, ажырасқан соң, әйел сот арқылы әкімшілік шара қолданып, әкесіне балаларын көрсетпей қойған. Содан кейін күйеуі үйдің ақшасын төлемей қояды. Әлі отызға да жетпеген жап-жас келіншек жұмыс істеуге қауқарлы. Арнаулы орта білімі бар. Бірақ адал жолмен еңбек еткісі келмейді. Оған ең оңайы бес баланың кішкентайын сата салу болыпты.

P.S.
Жоғарыда жазған қылмыстық істің екеуі де оңай жолмен олжалы болғысы келгендер туралы. Маңдай термен адал ақша тапқысы келмегеннен арсыз әрекетке, ауыр қылмысқа барған. Алтын мен ақшаға арбалып, пейілі бұзылған қандықол қарақшының артында жәутеңдеп төрт баласы мен келіншегі қалды. Ал 1 миллион теңге үшін емшектегі сәбиін сатпақшы болған безбүйрек ана аяуға да тұрмайды. Шиеттей бес баласы соттың шешімімен күйеуіне берілді. Оңай олжа кімді де болса, оңдырмайды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Шымкент қаласы

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады