
Елімізде діни экстремизмді насихаттауға тосқауыл қойып, бұл бағытта ескерту жұмыстарын үзбей жүргізу керек.
24.kz хабарлағандай, бұл туралы Елбасы Жолдауында да атап айтылған. Бас прокуратураның мәліметінше, түрлі діни ағымдарға жетелейтін топтардың ісі әлеуметтік желілерден бастау алады. 10 ағымның 8-і ғаламтор арқылы теріс үгіт жасап жүр. Өткен жылы экстремистік көзқарастағы 100 мыңнан астам ақпаратқа тосқауыл қойылды. Мамандардың пікірінше, қауіпсіздікті сақтау үшін бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырып, қатаң шешімдер қабылдаған жөн. Анастасия Решетняк, ҚСЗИ сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің қызметкері: — Президент радикалды үгіт-насихатқа барынша мұқият қарауға шақырады. Осындай ұйымдардың қатарына қосуға үндейтіндерге қарсы бәріміз дайын болғанымыз жөн. Бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы күшейеді. Ең бастысы, отбасының маңызды рөл атқаратынын ұмытпауымыз керек. Туған-туыс, жақындарың мен таныстарыңа дер кезінде көмек қолын созып, әрқашан демеу көрсеткеніміз дұрыс.