jasqazaq.kz

«Өлмесең, өмірем қап!» немесе жедел жәрдем қызметін қысқартуды кім ойлап тапты?

25 қыркүйек 2024, 15:57

Бізде жедел жәрдемнің жұмысына көңілі толатындар бар ма? Пайызбен есептеген ешкім жоқ, бірақ өте аз. Алдағы уақытта наразы жандардың қатары тіпті көбейеді. Егер денсаулық сақтау министрлігі дайындап, талқылауға ұсынған бұйрық өтіп кетсе…

Өтіп кетсе, жедел жәрдем шақырған адамның бәріне жетіп келмейді. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған бұйрық жобасында жазылған. Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған құжат 8 қазанға дейін талқыланады. Онда не айтылған?

Құзырлы мекеме жедел жәрдем шақыратын науқастарды 4 топқа (категорияға)  бөледі.  Денсаулық саласындағы шенеуніктер «жіліктеген»  4 топ төмендегідей:

  • 1 — шұғыл түрде медициналық көмек көрсетуді қажет ететін;
  • 2 — медициналық қызмет көрсетілмеген жағдайда өміріне қауіп төнетін;
  • 3 — медициналық қызмет көрсетілмесе, денсаулығына қауіп төнген;
  • 4 — өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген науқастар.

Алдыңғы үш топ тәптіштеуді қажет етпейді. Жұртты ойландырып қойған – 4-топ. Оған жедел жәрдемнің көмегінсіз-ақ аяққа тұрып кететін сырқаттар жатқызылады. Егер әлгі құжат қабылданып, күшіне енсе, қан қысымы көтерілгендер жедел жәрдемге жүгіне алмайды. Аяғының  буыны қақсағандарға көмек көрсетілмейді. Іші өтіп, дәретханадан шыға алмай қалғандарға ақ халатты абзал жандар қол ұшын созбайды. Басы айналып, жүрегі айнып, құсқысы келгендерге жедел келетін жәрдем жоқ.

Есесіне, сырқаттың ыстығы 38° градустан жоғары болса, инфекциямен ауырып жатқан адаммен қарым-қатынас жасап қойса немесе инфекциялық ауруға шалдықса, денесі бөртіп кетсе, жедел жәрдем шақыруға болады.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерісті қаржы тапшылығымен байланыстырады. Жедел жәрдем бригадасын тәулік бойы ұстауға шамасы жетпейді-мыс.

Ал біз сияқты жұмыр басты пенделердің миы мына нәрсеге жетпейді: жедел жәрдемді әдетте телефон арқылы шақырады. Айталық, қан қысымы көтеріліп, қатты қысылған сырқат (немесе оның жақындары) жедел жәрдемді келтіру үшін өтірік айтса ше? Мәселен, ыстығы 38° градустан жоғары деп?

Аяқтың буыны қақсаған адамға, жарайды, келмей-ақ қойсын. Ал жүрегі айнып, құсу, біздің білуімізше, көп аурудың симптомы. Сондай-ақ қан қысымы көтерілген адам кез келген сәтте инсульт болуы мүмкін дегенді дәрігерлер өздері де жиі айтады.

Мына құжатты дайындаған шенеуніктердің қаперіне салайық: күні кеше Қосшыда жүрек талмасы ұстаған сырқат әйелге көмек көрсетуден бас тартқан фельдшер үш жыл, алты айға сотталды.

Енді дер кезінде ем алмай денсаулығы нашарлайтындар мен көмек көрсетпей сотталатындар қатары көбеюі мүмкін.

Қалай десек те, «Өлмесең, өмірем қап» дейтін мұндай құжатқа жұрт қарсы.

Наргүл Мырзахмет

Сурет: pixabay.com
03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде