jasqazaq.kz

Қолмерген немесе Малайзия маңдайына басқан қазақ

10 наурыз 2017, 11:16

Берікқазы Сексенбаев – көгалдағы хоккейден Кеңес одағының 6, Малайзияның екі дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының 2, Малайзия біріншілігінің 5 мәрте үздік мергені, Малайзия ұлттық чемпионаттарының 5 дүркін үздік ойыншысы, КСРО құрамасының белді ойыншысы әрі «Азия жұлдыздары» құрамасының мүшесі, Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ хоккейшісі.

1992 жыл 28 шілде. Барселона Олимпиадасы. Көгалдағы хоккей додасы өтіп жатқан «Террассе» стадионы қала орталығынан едәуір қашықта. Кешегі жалы күдірейген КСРО-ның уақытша мұрагері ТМД құрамасының белді ойыншысы Берікқазы бауырға көтермеші болу үшін жер түбіндегі «Террассеге» де жеттік. Жігіттер су себілген алаңда тер үгіп жүр екен.
Бүгінгі қарсылас – Малайзия командасы. Көгалдағы хоккей малайлар үшін ұлттық спорттан кем емес.
…Екі жақ ашық айқасқа кірісті. Сергей Плешаков сол қапталдан малай қақпасына ұмтыла бере допты Берікқазыға дәл тастады. Қарсы алдындағы үш ойыншының тасасынан шірене тартқан Сексенбаевтың қулығын қақпашы аңдай алмай қалды. Есеп – 2:2. Тарих үшін тіркеп

ойыңыздар: бұл қазақ хоккейшілерінің Олимпиада ойындарындағы тұңғыш голы!
Берікқазыны ойын басталғаннан екі қорғаушы «бағып» жүр. Соңынан қалатын емес. Біздің жігіттің қимылына көз тояды. Айлалы. Аяқ тастасы нық. Ұрымтал сәтте қақпаға жолбарысша атылады. Ондай кезде қос «көлеңке» қауқарсыз. Беріктің жолын үшінші қорғаушы кес-кестейді.
…ТМД-ның кезекті шабуылы малайларды сең соққандай қылды. Амалы таусылған қорғаушылар допты қақпадан ала қашамын деп, сыртқа жіберіп алды. Келте бұрыштамадан шырқырай ұшқан допты қақпашы Лопэс зорға қайтарған. Кері серпілген допты Берікқазы іліп алып, қақпашының басынан асыра тастады. Гол! 4:3.
Берікқазының голы бүкіл стадионды гу еткізді. Төргі трибунадағы жерлестер көк туды төбелеріне көтерген бойда: «Берік! Берік!» деп дуылдасып жатыр. Тамағымызды жыртып біз де қалыспадық.
Сексенбаев алаң ортасынан шабуылға шықты. Қарсы келген сырықтай қорғаушыны орағыта зулаған Берікқазы жұдырықтай допты екінші қорғаушының екі аяғының арасынан зу еткізді. Үшінші ойыншы допқа жетіп-ақ қалғандай еді, Сексенбаев оны да жер соқтырып кетті. Сәл кідірсе, бармақ шайнайтынын сезген Лопэс оқтай атылған. Жолбарыстай жырынды қазақ құлаштай ұратын ыңғай таныта бере, допты қақпашының екі бұтының арасынан жып еткізді. Го-о-о-л! Есеп 7:3!
Көз алдым буалдыр тартып, көмейіме ыстық жас тығылды. Бір сәт командаластары жабыла құттықтап жатқан Берікқазыны бауырыма басқым келіп кетті.
Сексенбаев Малайзия, Жаңа Зеландия, Германия, Аргентина құрамаларының қақпасына 8 доп енгізіп, Барселона Олимпиадасындағы мерген шабуылшылардың қатарынан орын тепті. Әттең, командасы әлсіз, әйтпесе, біздің жігіт сол додадағы ең таңдаулы ойыншылардың бірі болды.
1994 жылы шілде айында Берікқазының Малайзия чемпионатындағы бірнеше ойынын көзбен көрдім. Малайлардың біздің хоккейшіге деген ықыласын тілмен бейнелеп жеткізу қиын. Кезінде қазақ жанкүйерлері Жақсылық Үшкемпіровті қалай ардақ тұтты, Серік Қонақбаевты қалай құрметтеді?! Саттарханов пен Ыбрайымовқа деген сүйіспеншілігіміз қандай еді! Малайлардың Берікқазыға деген ақжарма көңілі бізді шын толқытты. Жат жерде жүріп те осындай сый-құрметке бөленуге болатынына сол сапарда көзіміз анық жетті.
Сөзімізге дәлел ретінде «Малай Мейл» газетінің хоккей бөлімінің меңгерушісі Мұстафа Камаруддиннің Сексенбаев туралы бірауыз пікірін келтіре кетейік: «Берік қарсы қақпаға 100 мәрте ұмтылса, соның 80-інде гол соғады. Егер Сексенбаев Малайзия құрамасында ойнаса, біздің құрама әлем чемпионатында жүлдегер болар еді. Берік мен көрген хоккейшілердің ішіндегі ең мықтысы. Бұл досымның ойын мәнері, қарсыласты алдауы, жетпіс минут талмай жүгіруі – фантастика! Біздің елдің королі Сұлтан Азлан Шахтан бастап хоккейді түсінетін балаларға дейін малай құрамасында Беріктей орталық шабуылшы болса, деп армандайды…»
Мұстафа мырза король туралы жай айтып отырған жоқ. Малайзияның сол тұстағы королі Сұлтан Азлан Шах көгалдағы хоккей десе, ішер асын жерге қоятын жанкүйер екен. 90-жылдардың басында Малайзиядағы турнирде Сексенбаев совет командасы сапында малай қақпасына 2, Корея құрамасына 1, әлем чемпиондары Пәкістан командасына 3 доп соғады. Осы бәсеке үстінде король Берікқазыны Малайзия чемпионатында ойнауға шақырады.
Азия көгалдағы хоккей федерациясының тізгінін ұстаған Сұлтан Азлан Шах Берікқазының алаңдағы қимылына қатты риза болғаны соншалық, 1995 жылы біздің жігітке малай азаматтығын ұсынып, өз елінің ұлттық құрамасында ойнауға шақырды. Бір елдің патшасынан мұндай бас айналдырар сый-құрметті күтпеген Сексенбаев қабырғасымен кеңесе келе, кіндік қаны тамған ата жұртына қайтуға бел буады. Оның орнында нәпсісі күштілеу, тартпасы бостау біреу болса, патшаның мысы басып, ендігі сол елдің бай-манабы боп жүрер ме еді, кім білсін.
Отанына оралған Берікқазы Төлеубекұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Кейін бизнеске біржола бет бұрды.Қазір шаруасы мығым, белді кәсіпкер. Бір жағынан Азия көгалдағы хоккей федерациясының вице-президенті. Ендігі арманы, өзі тәрізді қаракөз бауырлары хоккей алаңын дүркіретіп, жасындай жарқырап жүрсе дейді.
Бір кездері Кеңес одағы құрамасы сапында әлем, Еуропа чемпионаттарында атой салған Берікқазы кейін шаруасы дөңгелене келе Семей жерінде мешіт тұрғызып, үлкен сауапқа кенелді.

Қыдырбек Рысбек

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде