«Өлгендер» қайтып келгенде

17 қазан 2022, 11:19

«Сіз кеше қайтыс болғансыз». Иә-иә, қағыс естіген жоқсыз, ап-анық айтып отыр. Ақтөбе қаласының қарт тұрғыны басы ауырып, балтыры сыздаған соң емханаға бармай ма, медициналық анықтама алмаққа. Компьютеріне шұқшиған маман көзі алақандай болып, алдында отырған қарияға қарап «сіз кеше 5 қазан күні күндізгі сағат 12-де өмірден өтіпсіз, біздің базаға солай тіркелген» депті.

Жетпіске жасы таяған қария Ромахан Кенжебаевтың жүрегін ауыртпады дейсіз бе, емхана қызметкерінің «тірідей өлтіруі»! Ромахан ата сырқатынан сақая бастаған соң, емханадан анықтама алуға барғанда осындай жайтқа тап болған. Жайсыз хабар аз болғандай, «Цифрлы Қазақстанның» желден де жылдам электронды жүйесінің арқасында қарияның құжаттары заңдық күшін жойған, өйткені ол базада қайтыс болғандардың тізімінде тұр. Халыққа қызмет көрсету орталығына барса, ондағылар «о дүниеден оралған» қарияны көріп талып түсе жаздаған. Сөйтсе, емхананың статистика бөліміндегі дәрігер қайтыс болғандардың тізімін түзіп отырып, жеке сәйкестендіру нөмірінің соңғы санын қате жазыпты. Соның кесірі Ромахан қарияға тиіп отыр. Салғырттық пен салақтықтың салқыны емхана қызметкеріне тие қоймаса керек. Ақсақалдан кешірім сұрап, басшылықтан сөгіс алып құтылыпты. Ал қария жеке куәлігін қайта рәсімдетіп, бұғатталған банк картасын аштыру сияқты шаруамен айналысуға мәжбүр. Қателескен медицина қызметкері мен емхана басшылығы «қарияның құжатын рәсімдеу жұмыстарын өздері тындырамыз» деп уәде берген көрінеді.

Ромахан қарияның басынан өткен жәйт біздің елде бірінші рет туындаған жоқ. Мысал керек болса, менің сыныптасым 2004 жылы оқуды аяқтаған соң, Отан алдындағы борышын өтеуге бел буады. Бірақ үйіне әскерге шақырту қағазы келмеген. Анық-қанығын білмекке аудандағы әскери комиссариатқа бармай ма? Құжаттарын мекеменің мамандары түп көтере іздеп таппайды. Амалы таусылған әлгі маман: «Айып етпесеңіз, тірілердің тізімінде жоқсыз, қайтыс болған адамдардың іс-қағаздарынан қарап көрсек» деп архивті ақтарса, құрдасымыздың құжаттары марқұм болғандардың қағазына қосылып кетіпті.

Мұндай мысалды молынан айтуға болады. Ақмола облысында да зейнет жасындағы әжей бірнеше жылдан бері бұл жалғанда бар екенін дәлелдей алмай әуреге түскенін ақпарат құралдары жарыса жазған кезінде. Бақандай 24 жылдан бері ешқандай көмек, жәрдем, қолдау алуға құқығы болмай, «өлгендердің тізімінде тұрғандықтан» осындай күйге түскен еді. Қызығы, бұл кісі де өзіне қажетті құжатты рәсімдеу үшін, яғни зейнет жасына толғанда қағазын өткізуге барғанда, Щучинск қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығынан білген. Мұнда да адам факторының кесірі тиіп отыр. Анастасия Малашенконың есім-сойын жаңылысып жазып жіберген жазғанның жауапсыздығы әжейді әбден сандалтқан. Малашенко да мұқалмайтын жан екен, түбін қопара індетіп сұрастырса, Алматы облысының Көксу ауданында Анастасия Милашенко есімді кісі қайтыс болып, Малашенко болып жазылып кеткен.

Осы күнде өмірден өткен жандардың базасын жүйелеп отыру денсаулық сақтау министрлігінің құзіретінде. Егер сіз зейнет жасына жетіп, ұзақ жылғы табан ақы маңдай теріңіздің өтеуіне берілетін зейнетақыңыз ойда-жоқта сап тиылса, қайтесіз? Ешқандай сұраусыз, ескертусіз. Бірден тиісті мекемеге шағымданбайсыз ба! Орал қаласының тұрғыны Мәнсия Жақыпованың да зейнетақысы банк картасына аударылмайды. Бұл да былтыр орын алған жағдай. Себеп – базада қайтыс болғандардың тізіміне еніп кеткен. Қудалап көргенімен, ақырына бойлай алмапты. Бір-біріне сілтеп, табанынан тоздырып жүріп «құжатын тірілтіп» берген. Тағы бір мысал, осыдан бес жыл бұрын Шымкент қаласының тұрғыны Бағдат Жұмаділовтің есімін мемлекеттік деректер қорына «16 жасында қайтыс болды» деп іліп жіберген. Бәзбіреулердің салғырттығынан бозбала шағында «мына өмірден ана дүниеге құжаты рәсімделіп кеткен» Бағдат та аз мехнат тартпапты. Жоғары оқу орнын бітіргенде, тіпті отбасын құрып, балалы болғанда да осы бір олқылық жолын кес-кестей берген. Соның кесірінен кіндігінен тарағын өзінің қаны баласының туу туралы куәлігінде әкесінің аты-жөні жазылатын орны бос тұр, баласы әйелінің тегіне жазылған. Бағдат секілді қаншама адамның басында осы кеп. Олар ертең құжатын қайта рәсімдеп, тірілер санатына заңды түрде қосылуы үшін, біраз табалдырықты тоздырады. Ал біз мұндай бассыздыққа етіміз өліп кеткені сондай, қалыпты жәйт деп қабылдаймыз.

Қуаныш Рахмет

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде