Ол қазақтың рухын көтерді, біз оның рухын сындырдық

19 ақпан 2021, 10:50

2015 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында алтын медаль олжалап, рухымызды асқақтатып, көк байрағымызды аспандатқан арда ұлдың еңбегіне берілген үй өзге біреуге сатылып, меншігіне өтіп кеткен. Алты жыл бұрын Айдар Қазов Таиландтан Азия чемпионы болып оралғанда, сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алған болатын. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол» деп хәкім Абай айтқандай, облыс басшысының мәрттігіне біз де сүйсіндік. Сүйсінгеніміз ұзаққа созылмайтынын қайдан білейік, ол кезде. Жергілікті ақпарат құралдарынан бастап республикалық басылымдарда ақжолтай жаңалық жарияланып, теледидардан көрсетіліп, радиодан айтылған. Өңірді басқарған Ерік Сұлтановтың қолынан «Мечта» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін алып көңілі көк тіреген атлет те ағынан жарылған болатын. Облыс басшысына, тұрғын үй құрылысын жүргізген компанияның директорына алғысын жаудырып, ризашылығын білдірген де. «Жас өркен» шағынауданындағы әсем кешеннен баспана тип, ауыр атлеттің мерейі тасыған.

Айдар Қазовқа баспана 2016 жылы, яғни Азия чемпионы атанған соң берілді. Көпшіліктің көзінше, жарияға жар салып, алты Алашқа сауын айтып берген пәтер сыйға тартылғанымен, оның құжатын рәсімдеу бар емес пе? Айдар батыр сонда пәтер берілген соң аңғалдығына салып, алаңсыз жүре берген бе? Құжатын реттеп, қысқа күнде қырық құбылатын мінезге бай әкімдік өкілдеріне өңешін соза бермей неге қарманбады екен дегенбіз жайсыз жайтты естігенде. Сөйтсек, мәселенің мәйегі тым тереңде екен, бойлаған сайын ұйығына тарта береді. Басына баспана тиген соң-ақ Айдар Қазов құжаттарын рәсімдеу үшін аяғынан тозады. «Мечта» тұрғын үй кешеніндегі пәтерін өз атына рәсімдейін деп барса, пәтер банкте кепілде тұр екен. Бұл қалай болғанын білмекке құрылыс компаниясының директоры Александр Авдеевке келеді. «Казградстрой» құрылыс компаниясының директоры Авдеев ауыр атлетке сыйға берілген үйдің расымен де ипотекалық бағдарламамен байланысты екенін, банктен қалай кепілден алынады, бірден Айдарға аударылатынына сендіріп, арқасынан қағады. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп спортшы күтеді. Сырғып 2018 жыл да келеді. «Мечтада» арманы орындалмайтынын айтып құрылыс компаниясындағылар Қазовты «Қызылжар» деп аталатын тұрғын үй кешенінен басқа пәтер ұсынады. Ол жаққа көшіп барса болды, құжаты бірден өз атына аударылады деп имандай сендіреді. Батыр аңғал ғой қашанда. Әрлеу, әктеу жұмыстары шала бітіп, асығыс тапсырылған тұрғын үйден тиген пәтерде өз ақшасына жөндеу жұмысын жүргізеді. Жеке мүлкі ретінде тіркеліп, құжаттары дереу рәсімделуі тиіс бұл пәтер арада уақыт өткенде басқа біреуге сатылып кетеді. Сонда құрылыс компаниясы әу баста ауыр атлетке тиесілі екі бөлмелі пәтерді облыс әкімі арқылы сыйға берген соң, ол үйден шығарудың қитұрқы амалын осылай жасаған болып тұр.
Енді екі оттың ортасында қалғандай пұшайман күйге түскен ауыр атлет қайтеді? Темірдей мінезі бірден морылып кетпей ақырына дейін арпалысады. Әкімдікке барса, талап бойынша Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне ғана пәтер беріледі екен жергілікті билік тарапынан спортшыларға. Айдар Қазов Олимпиада ойындарында жүлде алмаса да, құрлықта қара үзіп дара шықты, Универсиада ойындарында олжа салды. Катар елінде өткен Азия кубогында қара үзді, Қытайдағы гран-при турнирінде толағайлығын танытты. Жасөспірімдер арасында да Азия құрлығында өзімен күші шендесетін спортшы жоқ екенін паш етті. Аз табыс емес қой мұның бәрі!

Илья Ильин, әлемнің төрт дүркін чемпионы, ауыр атлет:

«Ауыр атлетикадан Азия чемпионы және Универсиада жеңімпазы Айдар Қазовтың басындағы жағдайға қатысты өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.

Бұл нағыз масқара жағдай! Біздің спортшыларға деген мұндай көзқарас ашу-ызамды келтірді. Чемпионның отбасымен далада қалғаны қалай? Мен осындай жағдайға тап болған басқа да спортшыларды білемін.

Бұлай болмайды! Спортшылар жастық шағы мен денсаулығын тәрк етіп, жарыста еліміздің туын желбірету үшін бар күшін аямайды емес пе?!».

СҚО әкімдігі талап бойынша Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне ғана пәтер кезексіз берілетінін айтады. Олардың көмейінің арғы жағында «Қазов Олимпиада медалін алмады» дегенді айтпақ қой. Рас, Айдар Жазғы Олимпиаданың жүлдесін алған жоқ. Дегенмен өте талантты спортшы. Кезінде әйгілі маман Әнуар Түркелери осы Айдарға ерекше назары ауып, «Түбінде Олимпиада чемпионы атанады» деп баға берген еді. Бүтіндей бір отбасының асыраушысы, дарынды спортшыны жылы ұясынан айыру кімге опа береді? Әкесінен тым жас қалған, анасы да өмірден озғанына бірнеше жыл болған Айдар – екі қарындасының арқа сүйер ағасы. Осы жағын да ескеріп, баспанасынан айырмау керек болды. «Мынандай шырмауықтай шырмаған шырғалаңнан шаршап та кеттім. Спорттағы сапарымды аяқтайтын шығармын», – дейді. 28 жасқа толатын таланттың жолын осылай кескеніміз өкінішті-ақ. Бұдан кейін болашақта Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, әлем чемпиондары шығады деп неменемізге сеніп күпсінеміз? Бүтіндей бір облыс басшылығы қазақтың арда ұлына аядай ғана пәтерді енші етіп бере алмауы сүйектеріне таңба!

Қуаныш Рахмет,
Алматы қаласы

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды