Қазақстанда мектеп оқушыларының 16 пайызы семіздікке ұшыраған. Бұл туралы «Оңтүстік Рабат» газеті жазады. Артық салмақ жеткіншектің бойында түрлі қауіпті ауруларды тудыратыны белгілі. Семіздікпен дер кезінде күреспесе соңы қатерлі ауруларға алып келеді. Қан қысымының жоғары болуы, қант диабеті, асқазан-ішек жолдарының аурулары, бауыр дерті осы семіздіктен ушығады. Дәрігерлер, тіпті, өлімге алып келуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда.

– Семіздік – ауру болып есептелетіндіктен диспансерлік есепке алынады. Емханада 2015 жылы – 25, 2016 жылы – 31 бала семіздік бойынша есепке алынды. 3-15 жас аралығындағы балаларда жиі кездесуде. Зат алмасудың бұзылысынан пайда болатын кесел баланың дұрыс тамақтанбауынан туындайды. Көше тағамдары мен газдалған сусындарды көп ішіп-жесе, артық салмақ пайда болады. Бүгінгі балалар аз қимылдайды. Аурудың пайда болуына бұлардан бөлек, әйелдердің жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбауы әсер етеді. Баланы алты айдан бастап қосымша тамақтануды қолға алғанда жіберілетін қателіктерден кейін балалары зардап шегеді. Сондықтан, қосымша тамақтануда мамандардың кеңесін алған артықтық етпейді,-дейді №1 Шымкент қалалық емхананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі Зүлфия Бақтиярқызы
Шынтуайтында, мектеп оқушылары білім беру мекемесі немесе оның айналасындағы дүкендерден – «кириешки», «чипсы», фастфуд, газдалған сусындар немесе химиялық бояулардан тұратын сусындардың түр-түрімен жүрек жалғауды әдетке айналдырған.
Жуырдаға ғана республикада мектеп жасындағы балалар арасында семіздікпен күресетін «Баламан» бағдарламасы таныстырылды. Жоба мектептегі тамақтануды жақсартып, спорттық белсенділікті көбейтуде мақсат етіп отыр. Осы арқылы балалалардың саулығын жақсартпақ. Бұл жоба әзірге Алматы, Астана қалаларындағы мектептерден сынақтан өтуде.
oinet.kz