
Қалижан Бекхожин атындағы №12 жалпы орта білім беру мектебінде орын алған ұрлықтың таң қалдырарлық мән-жайын анықтады. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Павлодар қаласында №12 мектепте мектеп инспекторы Махаббат Қисатова мұғалімдердің сөмкесін ұрлап бара жатқан 40 жастағы азаматты қолға түсіргені жайында жазған болатынбыз.
pavlodarnews.kz хабарлағандай, аталмыш білім ордасы директорының орынбасары Майра Боранбаеваның айтуынша, ұрының сөмкені ұстап мектептен шығып бара жатқанын ең бірінші оқу ісінің меңгерушісі байқаған. -Мұғалімдердің бірі ұрыға айғай салған. Ал, кіре беріс тұсында стендті іліп жатқан белсенді оқушылардың бірі, біздің мақтанышымыз әрі спортшы 9-сынып оқушысы Нариман Мұқанов пен басқа да балалар ұрыны көріп, бірден тоқтатты. Осыдан кейін жақын маңда жүрген мектеп инспекторы Махаббат Қисатова келіп, полицияны шақырды. Көп ұзамай тәртіп сақшылары ұрыны алып кетті, — деді Майра Боранбаева. Өз кезегінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейтова ерлік жасаған оқушыны марапаттау жағын қарастыратынын алға тартты. Бір өкініштісі, 11-ақпан сенбі күні кезекшілік еткен вахтадағы апай қан қысымы көтерілгендіктен жексенбі күні ауруханаға түсіп, 59 жасқа қараған шағында қайтыс болған. Мұғалімдердің айтуынша, ол кісі осыған дейін бірнеше мәрте қан қысымының көтерілуі салдарынан ауырған.