
Түлкібас ауданында құрылған волентерлік ұйымның бірі «Мейірім» еріктілер тобы деп аталады. Сегіз жыл бұрын жастардың ынта-ықыласымен іргесі бекіген еріктілер ұйымы түлкібастықтар үшін жыл сайын түрлі қайырымдылық іс-шараларын өткізіп келеді. «Мейірім» еріктілер ұйымының бағыт-бағдарын, болашақта атқаратын жұмыстары жайында түлкібастық еріктілерге жетекшілік етіп жүрген Оралбай Нұрлыбектен сұрап сұхбаттастық.
– «Мейірім еріктілері» ұйымы қашан құрылды? Негізі көздеген мақсаты қоғамдық істерге белсене араласып, қайырымдылық шараларын жүзеге асыру ғой?
– Әрине. «Мейірім» еріктілер ұйымы 2015 жылы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған. Содан бері қарай белсенді жұмыстар атқарып келеміз. Жаңа сұрағыңызда негізгі мақсаты қандай дегенді айттыңыз. Біздің ұйым құрылғалы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтатын орталықтар іс-шаралар өткізуді, жалғызбасты қарт кісілер мен соғыс, тыл ардагерлерінің үйінде сенбілік жұмыстарын атқаруды, қайырымды, атымтай-жомарт меценат адамдарды тарта отырып, мұқтаждардың қажеттілігін өтеуге күш салу. Негізінен осы мақсатта құрылды десем, артық айтпаған болар едім.
– Елімізде волонтерлік ұйымның жұмыстарына мемлекеттік қолдау да жоғары. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер жылы деп жариялады. Осы жылы еріктілерге қатысты көптеген іс-шаралар өткізілді. Еріктілердің көмегін қоғам сол жылғы карантиндік шектеулер кезінде, ковид індетімен күресте көп көрді.
– Дұрыс айтасыз, біздің «Мейірім» еріктілер ұйымының мүшелері де медицина саласының қызметкерлері сынды карантиндік шектеулер кезінде науқастарға көмек қолын созуда өте белсенді, жанкештілікпен жұмыс істеді деп айта аламын. 2020 жылдың наурыз айында енгізілген карантиндік шектеулер кезінде көпшілік әлемді бір тарының қауызына сыйғызып жіберердей бүрген індетпен абдырап қалғаны рас. Дәріханаларда кезек, бетперденің жетіспеушілігі, дәрі-дәрмектің тапшылығы, жасанды тыныс алу аппараттарының аздығы үлкен қиындық тудырды. Міне, осындай қысылтаяң шақта түлкібастық еріктілер табанды түрде жұмыс істеді. Ағысқа қарсы жүзгендей тәуекелмен мұқтаж жандарға азық-түлік өнімдерін таратты. Блок бекетте қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалап тұрған күштік құрылым өкілдері мен медицина мамандарына ыстық тамақ жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асырды. Мемлекет тарапынан бөлінген әлеуметтік жәрдемақыны қалай алатыны жөнінде көпшілікке түсіндіру жұмыстарын да жүргіздік. Карантин кезінде ұйымға мүше еріктілер елдің ішін аралап баллон жинап, оның бәрін де ауруханаларға жеткізіп бердік. Сөз басында айтқанымдай, атымтай-жомарт азаматтардың қаржылай қолдауымен түрлі қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып ауруханаларға жеткізіп отырдық. Мұның барлығы еріктілердің өз ісіне деген адалдығының нәтижесінде жүзеге асырылды.
– Қайырымды жандар көп пе, еріктілерге қолдау көрсетіп демеушілік танытуға ұмтылатын?
– «Жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге әсте болмайды. Қазір қайта мейірімді жандардың, қайырымды істерге қол ұшын созуға әзір тұратын адамдардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Біз олардың қаражатымен жүзеге асырылатын қайрымдылық шараларды өткізгенде кәсіпкерлерді де бірге ертіп жүруге ұмтыламыз. Өйткені бәрінің де есебі ашық, жария түрде жүргізіледі. Қолдау көрсеткен жандардың қайырымды істері көбейіп келе жатқаны қуантады. Жақында ғана Құрбан айт мейрамы өтті. Құрбандыққа шалынған малдың етін мұқтаж отбасыларға таратып беру жұмыстарына да біздің ұйымның еріктілері белсене араласып іске асырды.

— Түлкібас ауданында сіздерден бөлек тағы қандай волонтерлік ұйымдар бар? Өзге волонтерлермен әріптестік байланыс орнатқан боларсыздар?
–Түлкібас ауданында жұмыс істейтін волонтерлердің негізгі орталығы осы «Мейірім» еріктілер ұйымы. Біздің ауданда 60 мектеп бар болса, соның барлығымен де волонтерлік ұйымның мүшелері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Бұл жағынан жұмысымыз жүйелі жолға қойылып, өзінің арнасында жүргізіліп келеді. Одан сырт орта арнаулы оқу орны, яғни колледж студенттерімен де тығыз байланыс орнатып, филиалдарымыз ашылған.
Түркістан облысындағы және басқа да өңірлердегі волонтерлармен қарым-қатынасымыз жақсы, түрлі шараларда бас қосып, кейбір шаруаларды бірлесіп те атқарамыз.
– Ұйым жұмысын жандандыру мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асырылып келеді? Түрлі форум, басқосу жиындар өткізіле ме?
– Еріктілер тұрақты түрде ардагерлерді аялайық акциясы аясында қарт кісілердің үйіне барып қолғабыс жұмыстарын жүргізіп отырады. Қысқы уақытта қар күреп, көктемгі уақытта жер аударып, күзде тазалық жұмыстарын жасайды. Барлық айтулы мереке кезінде (1 наурыз, 8 наурыз) аудан тұрғындарын құттықтап, сыйлықтар үйлестіреді. Кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік үйлестіреді. Дертке шалдыққан балаларға арнап қайырымдылық шараларын өткізіп, соның нәтижесінде ашылған арнайы есепшотқа қаражат жинау шаруасын да жүзеге асырады және түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырады. Тұрақты түрде тазалық акцияларын өткізіп отырады. Ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалар емделетін Оңалту орталығына барып мерекелік концерт ұйымдастырып, сыйлықтар табыстап қайту да бізідң волонтерлік ұйымның бұлжымас парызы дер едім. Ауданымыздағы өткізілетін барлық қайырымды істің басында «Мейірім» еріктілер тобының волонтерлері жүреді. Соның нәтижесінде волонтерлердің еңбегін бағалап, оларға аудан әкімінен, облыс әкімі орынбасарынан, басқарма басшыларынан және республикалық алғыс хаттармен марапатталды. Ұйымның жұмысын жандандыру мақсатында киелі, тарихи жерлерге рухани саяхат, өзге қалаларға экскурсиялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар республикалық, халықаралық форумдарға қатысып жүр. Түрлі көңілді кештер өткізіліп тұрады. Біздің ұйым мүшелерінің барлығы дерлік колледж студенттері мен мектеп оқушылар. Сондықтан да олардың ерікті болуға деген ынта-ықыластары өте жоғары.

– Жергілікті әкімдік, облыс әкімдігімен бірлесіп іс-шаралар өткізіп тұрасыздар ма? Әкімдіктің волонтерлік ұйымға қолдауы қалай?
– Әрине, облыстық, аудандық әкімдік қолдау көрсетіп отырады. Біз бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай, ынтымақты жұмыс істеп, өзіміздің дәрежемізді биіктетіп келеміз. Біздің ұжым сондықтан да облыстағы ең үздік команда. Ағымдағы жылы 4 маусым — Рәміздер күніне орай 11 бағытта облыс үздіктерін марапаттаған болатын. Соның ішінде волонтерлік бағытта облыс үздігі атандық. Команданы түрлі алғыс хаттармен марапаттап отырады. Аудандық әкімдік, облыс әкімдігі де түлкібастық еріктілерді назардан тыс қалдырмайды. Мұның барлығы да жастарға үлкен демеу, қолдау екені анық.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Көшек
Түлкібас ауданы