![]()

Бүгінде еліміздің алға қойған мақсаты — өңірлерді дамытып, халықтың тұрмыс-тіршілігін барынша жақсарту. Осы бағытта 2021 жылдан бері «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Өңірлерді өркендетуге арналған бұл бағдарлама барлық әлеуметтік саланы қамтиды. Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында Алматы облысы, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас өңірдің дамуы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында 30 ұлт, барлығы169 мың адам мекендейді. Аумағы 19 300 шаршы шақырымды құрайтын аудан құрамына 24 ауылдық округ пен 61 елдімекен кіреді. Орталығы – Ұзынағаш.

Аудан әкімі Нұрлан Ертас айтқандай, батыл бастаманың бәріне қызу қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың толыққанды жүзеге асырылуына Жамбыл ауданы да көштен қалмай атсалысып келеді. Сонымен өңірді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
«Ауыл аманаты»&»Кең дала». «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биылдан бастап 24 ауылдық округте 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Бүгінге дейін мал шаруашылығын дамытуға 233 адамнан несие алуға жалпы құны 1,2 млрд теңгеге өтінім түсті», — дейді аудан әкімі. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске көптеп тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында «Кең дала» бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама шеңберінде «Ұзынағаш» несие серіктестігі арқылы 2 шаруа қожалығына 5 пайызбен 74 млн теңге несие берілді. Бір шаруа қожалығына 78 млн теңге несие беру жоспарланған.

Жұмыспен қамту. Әкімнің айтуынша, биыл Жамбыл ауданында 8421 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні өңірде 2537 (30 пайыз) жаңа жұмыс орны ашылып, орташа еңбекақы 248 мың 761 теңгені құрады. Осы жылдың І тоқсанында жұмысқа орналасуға 2 543 адам өтініш берген. Қазір 1 мың 573 адамы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жұмыссыздықты шешудің бір жолы – кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау. Нұрлан Ертас аудандағы кәсіпкерлікті дамыту жайында былай деді: «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба 3 бағыттан тұрады. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша: қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға 50 азамат жіберілді (20 аспазшы, 30 тігінші). Бағдарламаның екінші бағыты — жаппай кәсіпкерлікті дамыту жоспары бойынша 91 азаматқа грант беру, бүгінгі күнге 15 азаматқа 400 АЕК көлемінде грант берілді. (9 — мал шаруашылығына, 6 — қызмет көрсету). Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша: қоғамдық жұмыстарға 695 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына 82 азамат, жастар тәжірбиесіне 47 азамат, алғашқы жұмыс орындарына 26 азамат, ұрпақтар келісім шартына 1 азамат, күміс жас жоба бойынша 51 азамат жұмыстарға жіберілді».
Мектеппен қамту. Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі — үш ауысымды мектеп санын азайту. Оқушылар санының жыл санап артуына байланысты үш ауысымды мектеп саны бүгінгі күн 9-ға жетті. Биылғы оқу жылының өзінде аудан мектептері 36 929 оқушыны қабылдады, өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны – 5 пайызға немесе 1763 балаға артты.
«Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндеріміздің саны артып келеді. Сәйкесінше, жылдан жылға мектеп құрылысының қажеттілігі туындап отыр. Қазір Ұзынағаш ауылында жоба құны 4,6 млрд теңгені құрайтын 1500 орындық мектептің құрылысы басталды. Биыл пайдалануға беріледі деп отырмыз», — деді аудан әкімі. Оның айтуынша, үш ауысымды мектеп мәселесін толық шешуге бағытталған ауқымды бағдарлама «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жалпы тізіміне ауданымыздан 7 мектеп енгізілген, Алтауы — үш ауысымды. Аталған мектептерге жер телімдері берілген, құжаттамалары дайын.
Бүгінгі күнге Ұзынағаш ауылында 1500 орындық, Еңбекшіарал ауылында 600 орындық, Қарғалы ауылында 900 орындық орта мектеп құрылыстарына 6,3 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек 569,6 млн теңгеге Қастек ауылындағы мектепке жапсаржай құрылысы жүргізілуде.
Медициналық қызмет. Аудан халқына 1 аудандық орталық аурухана, 1 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 21 дәрігерлік амбулатория, 29 медициналық пункттер және жұқпалы аурулар бөлімшесі қызмет көрсетеді. 275 дәрігер, 906 орта медициналық қызметкер бар.

Нұрлан Ертас: «Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету тапсырылды, Осыған байланысты «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді. Біздің ауданнан 16 денсаулық сақтау мекемесін салу аталған жобаға енгізіліп отыр», — деді.
Ұзынағаш ауылында жалпы құны 3 млрд 211 млн теңгені құрайтын, бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын аудандық емхана құрылысына 1,4 млрд теңге бөлініп, мердігер «AK Construction Company» ЖШС жұмысты бастады.
2022 жылы 58 млн теңгеге Ақтерек, Үлгілі ауылдарында медициналық қосын салынды.
Сөз соңында Нұрлан Ертас: «Біздің алдымызда үлкен міндет-мақсат тұр. Әр ісіміз ел игілігіне бағытталады. Алдағы уақытта осы міндеттерді толығымен орындауға бар күш-жігерімізді саламыз. Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиісті дәрежеде орындауға ауданның мүмкіндігі мол. Біздің міндет — аудан халқының әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарта отырып, ел экономикасын көтеруге, өңірді дамытуға бар біліміміз бен күш-жігерімізді жұмсау», — деді.
Әкімге үш сұрақ
1-сауал: Әр аудандағы негізгі мәселелер жол, газ және жарықпен қамту, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін салу. Өзіңіз басқаратын ауданда бұл мәселелер қалай шешімін тауып отыр?
Жауап: Аудан бойынша 61 елді мекеннің 59-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен (96,7%) қамтылған. 2 елді мекенге — Ащысу мен Бозой ауылына ауыз су тасымалданады. Қазіргі таңда 364 млн теңгеге Ащысу ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. 24 мл теңгеге Бозой ауылының ауыз су жүйесі құрылысына жобалық сметалық құжат (ЖСҚ) даярланып жатыр.
Ұзынағаш, Мыңбаев, Ынтымақ, Шолаққарғалы, Қасымбек, Еңбекшіарал, Қастек, Ақсеңгір ауылдарының ауыз суы мен Ұзынағаш ауылының кәріз жүйесі құрылыстарына жалпы құны 3,8 млрд теңгеге жұмыстар жүргізілуде.
Ауылдарды газдандыруға тоқталсақ, 61 елді мекеннің 28-і (46 пайыз) немесе 32 мың ауланың 21 мың ауласы (65 пайыз) газдандырылған.
Ақтерек, Самсы, Тарғап, Үлгілі, Ақсеңгір, Көкдала, Жайсан, Б.Қыдырбекұлы ауылдарын газдандыруға жергілікті бюджеттен бастапқы жұмыстарына 2,3 млрд теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Беріктас, Дегерес, Таңбалытас, Қазыбек бек, Бірлік, Архарлы ауылдарын газдандыруға 139,3 млн теңгеге ЖСҚ әзірленуде. Нәтижесінде 8 елді мекеннің мәселелерін шешу арқылы газбен жабдықтау деңгейін 53 пайызға, аула санын 82 пайызға жеткізу жоспарлануда. Аудандағы елді мекендерді жарықтандыру блойынша да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күнде Ұзынағаш, Үңгіртас ауылдарын жарықтандыру жұмыстарына 290,2 млн теңге бөлінді және Жамбыл, Ұзынағаш ауылдарының жаңа тұрғын үй аумағын электірлендіру үшін ЖСҚ әзірлеуге 25,3 млн теңге бөлінді.
2-сауал: Жамбыл ауданында жол салу, жол жөндеу жұмыстарының барысы қандай?
Жауап: Аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1903,2 шақырымды құрайды (оның ішінде: республикалық маңызы бар – 331 шақырым, облыстық маңызы бар – 581,6 шақырым және аудандық маңызы бар – 990,6 шақырым). Біздің өңірде аудандық маңызы бар ауылішілік жолдардың ұзындығы 991 км, қанағаттанарлық жағдайы 597 км немесе 60,3 пайыз.
Жаңа тұрғын үй массивтердегі жолдардың ұзындығы — 272 км немесе 500 көше.
Аудан тұрғындарының көңілін алаңдатқан мәселенің бірі — ауылішілік жолдардың жағдайы. Аудан бойынша автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына 2 млрд 227 млн теңгеге ауданның 16 елді мекенінде ұзындығы 64 шақырымды құрайтын 60 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 1,4 млрд теңгеге 4 елді мекен (Жаңақұрылыс, Қайназар, Қасымбек, Үмбетәлі) қамтылған.
3-сұрақ: Еліміздегі ең маңызды мәселенің бірі — халықты қолжетімді баспанамен қамту. Аудан бойынша қанша адам тұрғын үй кезегінде тұр және олар тұрғын үймен қалай қамтылады?
Жауап: Ауданда 3 286 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың ішінде, көп балалы отбасылар – 1037, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 1251, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар – 411, бюджет қызметкерлері — 585.
Кезекте тұрған халықтың барлық санатындағы тұрғындарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін ауданымыздың орталығы Ұзынағаш ауылында жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 5 көп қабатты 10 несиелік тұрғын үй салынуда. Ол аяқталған соң 480 пәтер пайдалануға беріледі. Тұрғын үй кезегінде 3 286 адам тұрғанын ескерсек, қосымша 10 көп қабатты тұрғын үй салу қажет. Міне, осы бағытта жұмыстар жалғасуда.
Аудандағы аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғынүймен қамтамасыз ету мақсатында биыл 345 млн 600 мың теңге бөлініп, 36 баспана сатып алу жоспарлануда. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу конкурсының құжаттары дайындалып жатыр.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жылма-жыл 50-ге жуық келген жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде несие және 200-ге жуық маманға 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы беріледі.
Ағымдағы жылы 45 жас маманға тұрғынүй сатып алу үшін 233 млн теңге, 175 жас маманға көтерме жәрдемақы алу үшін 60 млн теңге бөлінді.
Дайындаған Мақпал Ноғайбаева,
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы
Суреттерді Алматы облысы өңірлік коммуникация қызметі ұсынды