
Еліміздің ертеңгі болашағы — жастардың қолында. Мемлекет тарапынан жастардың дамуына, әлеуетін арттыруға, әлеуметтік мәселелері оңтайлы шешіліп, сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Бүгінде қала, облыс, аудан мен ауыл жастарына арналған жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі — Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы жастар ресурстық орталығы. Осы орталықтың басшысы Нұрғали Отаров аудандағы жастардың дамуына қатысты кеңінен әңгімелеп берді.
— Түркістан облысында жастар саясатына ерекше мән берілетінін білеміз. Өзіңіз басқарып отырған Сарығаш ауданындағы Жастар саясаты ресурстық орталығы да өз үлесін қосып отырған болар?
— Сауалыңызға жауап бермес бұрын, статистикаға аз-кем тоқтала кетейін. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында 14-35 жас аралығында 54795 жас мекендейді. Аудан халқының 25 пайызын жастар құрап отыр деп сенімді айта аламыз. Ауданда 6 арнаулы орта оқу орны жастарға білім беріп келеді. 6 арнаулы оқу орындарында білім алып жатқан студент жастардың саны – 4404. Бес жатақхана бар. Сонымен қатар, ауданымызда оқушыларға білім беретін 77 мектеп бар. 14-18 жас аралығындағы оқушылардың саны – 20320.
Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталығы жастардың бастамаларына ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдауды, жастар арасындағы ахуалға мониторинг жасау және оны талдауды жүзеге асырады.
Сарыағаш ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ 2023 жылға Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасарымен жастар саясатын жүзеге асыру бойынша 11 бағытта іс-шаралар жоспарын бекітіп, жемісті жұмыс жүргізіп отыр. Жоспарға сәйкес, бүгінге дейін 11 бағыт бойынша 462 түрлі іс-шара ұйымдастырылып, 18973 жас қамтылды. Орталық тарапынан ұйымдастырылған іс-шараларға аудан жастарының белсене араласып, үлес қосатыны қуантады.
— Аудан жастары волонтерлікпен, қайырымдылықпен айналыса ма? Осы бағытты дамытуда қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?
— Еріктілер қызметін жандандыру жұмыстары бойынша Сарыағаш аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан «Адал көмек» еріктілер клубы жұмыс істейді. «Адал көмек» еріктілер тобында студенттерден, оқушылардан, жұмысшы жастардан құралған 360 мүше бар. Сонымен қатар, Құркелес, Қапланбек, Жібек жолы, Қызылжар, Дарбаза ауылдық округтерінде еріктілер клубы құрылып, олардың қатары арта түсті. Алдағы уақытта Дербісек және Тегісшіл ауылдық округтерде еріктілер клубы ашылу жоспарланған.
«Адал көмек» клубының ұйымдастыруымен ерікті жастардың қатарын арттыру мақсатында «Ашық есік» күні өткізіледі.
Волонтер жастардың бойындағы патриоттық сезімдерін ояту, қоғамға деген қамқорлығын арттыру мақсатында «Жылу сыйла» акциясы ұйымдастырылып, ауа райының қолайсыздығына байланысты суықта еңбек етіп жүрген жұмысшыларға көмектесу үрдісі бар.

«Қайырымдылық — жастардың қағидасы» жобалары аясында ерікті жастар жалғызбасты қариялардың үйінің ауласына тазарту жұмыстарын, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде ҰОС ардагерлері мен тыл ардагерлерінің үйлерінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ аумақты қоқыстан тазарту мақсатында ерікті жастармен «Менің аулам» атты экосайыс ұйымдастырылды. 1-наурыз «Алғыс айту күні» мерекесіне орай «Жақсылық ұмытылмайды» тақырыбында кездесу, «Алғыс айту парызым» атты жастар арасында онлайн-челлендж, Халықаралық әйелдер күніне орай «Көктемгі гүл шоқтары» атты құттықтау акциялары ұйымдастырылды. Қасиетті Рамазан айында «Рамазан — мейірім айы» тақырыбында жағдайы төмен отбасылардың балаларына киім алып беру мен азық-түлік тарату, ораза ұстаған жандарға «Айлардың сұлтаны — Рамазан айы» атты ауызашар уақытында құрма мен су таратылды. Осы сынды айту даталар мен мереке күндері қарсаңында ұйымдастырылатынг арнайы іс-шаралар тізбектеліп кете береді. Ең бастысы, ауыл жастары ерікті болуға ниеттеніп, өздерінің қол ұшын бергісі келіп тұратыны қуантады. Қазір жастардың көзі ашық. Олар елінің дамуына титтей де болса үлес қосқысы келеді. Ал үлес қосу дегеніміз кішкентай ғана көмек беруден басталады.
— Біздің елімізде жастардың білім алуы мен кәсіппен айналысуына барлық жағдай жасалуда. Аудан жастары мемлекет тарапынан жасалған бағдарламалармен таныс па? Бос уақыттарын қалай өткізеді? Жастардың жұмыспен қамтылуы, уақытын тиімді өткізуі қалай жүргізілуде?
— Жастарды жұмысқа ынталандыру, жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жағдайлар жасау бағыты бойынша «Ұлттық жоба» аясындағы бағыттарды түсіндіру мақсатында барлық қала, кент және ауылдық округтегі ауыл жастары, студенттер, NEET санатындағы жастар арасында, мектеп бітіруші түлектерге «Жастарға ақпараттық керуен» тобы 17 рет кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ жұмыссыздық дейін азайту мақсатында жастарға «Жұмыссыз жастарға кеңес» атты бос жұмыс орындарын таныстыру, 2,5 пайыздық несие мен «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Алғашқы жұмыс орындары» Серпін-2050, т.б. мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жұмыстары есіктен-есікке арқылы жастардың мекен жайларына барым түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 5 айдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша бос және уақытша жұмыс орындарына жастар жолданды.
Білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында 218 азамат жастар практикасынан өтуге жолданды.

Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында ақылы қоғамдық жұмысқа 346 жас Әлімтау, Қызылжар, Жартытөбе, Ақжар, Дербісек, Тегісшіл, Қапланбек, Құркелес, Дарбаза, Жылға ауылдық округ, Көктерек кенті мен Сарыағаш қаласының әкімшіліктеріне және аудандық полиция бөліміне, мекемелерге жолданды.
Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру ағымдағы жылы 133 жас жолданған. Алғашқы жұмыс орындарына 51 жас жолданса, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1139 жас оқып, сертификаттарын алды. 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі қайтарымсыз грантты 11 жас жеңіп алды.
2,5 пайыздық несие бойынша 76 жастың өтінімдері қабылданып, несие алу үшін комиссияның қарауына ұсынылды.
Дарынды жастарды дамытуға жәрдемдесу және мәдени бос уақыт пен демалыс үшін жағдайларды қамтамасыз ету бағытында қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттау, жас келіндерді инабаттылық пен әдептілік сияқты қасиеттерден ауытқымауға шақыратын «Жақсы келін – шаңырақтың ырысы» атты аудандық жас келіндер байқауы, «Бозбала мен бойжеткен» байқауы, Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай салт-дәстүр мен ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында аудан жастарымен «Ақ сүйек» ойын-сауық кеші ұйымдастырылды. Жастардың шығармашылығын, сахна мәдениеті мен шеберлігін, сөйлеу мәнерін, ой ұшқырлығын дамыту мақсатында «Қазақстанның болашағы – жалынды жастар», «Жастар – елдің болашағы» атты жайдарман ойындары, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 92 жылдығына орай «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты ақынның шығармашылық кеші ұйымдастырылды.
Сондай-ақ жастардың кітап оқуға ынтасын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерімен бірлесе «READх» оқырмандар клубы ашылды. «Шынықсаң — шымыр боласың», «Жастар салауатты өмірді қолдайды», «Спорт — бейбітшілік елшісі» тақырыптарында волейбол, кіші футбол, тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен бірге аудандағы жас қызметкерлер арасында Аудан әкімінің кубогы үшін спорттың шағын футбол түрінен сайыс, 1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні меркекесіне орай этнос жастары арасында «Достық лигасы» ұйымдастырылды. Сондай-ақ пробация есебіндегі жастарды тарихи орындармен таныстыру мақсатында «Ұрпақтар жолы ұрпаққа аманат» тақырыбында киелі орындарға экскурсиялар ұйымдастырылды.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқан жұмыстарды таныстыру мақсатында біз жастар, әсіресе шалғай жатқан шағын елді мекен тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды түрде жүргізудеміз.
Түсіндірме жұмыстары барысында Құркелес ауылдық округінің жастарына, тұрғындарына «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» және «Әлеуметтік жұмыс орны», «Жас маман» жобасы, «Бастау Бизнес», Жас кәсіпкер, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы, ОАОО Білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттар, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» — «Серпін-2050» оқыту бағдарламасы сынды жастарды мемлекеттік қолдау бағдарламалары жөнінде ақпараттар берді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5 пайыздық несие жөнінде де толыққанды мағлұматтар айтылып, жадынамалық парақшалар тарқатылды.
Жастар практикасының негізгі мақсаты — алғашқы тәжірибе жинақтауға көмектесу. Сондықтан 35 жасқа дейін бұрынғы немесе жаңа мамандық бойынша тәжірибе болмаса, жастар практикасы бағдарлмасына қатысуға болады. Жастар практикасының мерзімі – 1 жыл. Жалақыны да төлеп тұрады.

Алдағы уақытта қала, кент және ауылдық округтерде жастардың рухани әлеуетін арттыруға бағытталған «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында ардагерлермен «Тәрбиелі отбасы – Ел кепілі!» тақырыбында үлгілі отбасылар мен жастардың кездесуілері, жасөспірімдер арасында дін және терроризммен экстремизмге қарсы тұрақтылықты қамтамасыз ету, құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, әлімжеттіктің алдын-алу, салауатты өмір салтын сақтауды насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар және отбасыдағы ата-ананың міндеттері атты ата-аналармен жұмыстар жоспарланған. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, аудан жастары арасында достық қарым-қатынас орнату және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қала, кент және ауылдық округтерде жастар арасында футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, асық ату, үстел теннис ойындарынан спорттық сайыстар, «Street workout» көше спорты, зияткерлік сайыстары, ОАОО студенттері арасында аудан әкімінің кубогы үшін «Студенттер лигасы-2023», сондай-ақ, аудан әкімінің кубогы үшін «Ауыл жастары лигасы-2023» спорт ойындарын ұйымдастыру жоспарланған.
— Аудандағы белсенді жастар кімдер? Олар немен айналысады? Жастар саясатын дамытуға әлі де не жетіспейді?
— Ауданда белсенді жастар өте көп. Аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Талантты жастардың базасы жасақталған. Ауданды белсенді жасатарға арналған «Жас жайдарманшылар» клубы, «Әлем пікірсайысшылар» клубы, «Көшбасшылар» клубы жұмыс істейді.
Сарыағаш аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастармен тығыз қарым-қатынаста болу, жастардың көңіл-күйін көтеру мақсатында караоке өтті.
Жастарды қолдау үздіксіз жалғаса бермек. Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. «Мен жастарға сенемiн!» деп үкілі үміт, салқар сенім артқан Мағжанның жауһар жырына арқау болған ел ертеңі жастар қашанда елдің ертеңі үшін аянбақ емес.
Сарыағаш ауданының жастары 2023 жылы облыс көлемінде ұйымдастырылған түрлі сайыстарға белсене қатысып, жеңімпаз атанып келеді. Атап айтқанда, Келес ауданының құрылғанына 5 жыл толуына орай, ұйымдастырылған спортакиадада бас жүлдені ұтып алды. Жетісай ауданында спорттың волейбол түрінен өткен сайста 2-ші орынды иеленді.Төле би бабамыздың 360 жылдығына орай, Төлеби ауданында өткен облыстық «Көшпенділер» сайысында бас жүлдеге қол жеткізді. Отбасы күні мерекесінде Тркістан қаласында өткен облыстық жас отбасылар сайысында 2-орынды иеленді.
Міне, осындай азды-көпті жетістіктеріміз бар. Ең бастысы, жастарымыз дұрыс бағытта келеді. Өз тарапымыздан олардың болашақта елін-жерін сүйетін азамат болып қалыптасуына барынша үлес қосамыз.

Қазір біздің елімізде жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама өте көп. Осы мүмкіндіктерді пайдалануда жастарға белсенділік қажет деп білемін. Білім аламын, кәсіппен айналысамын, жұмысқа орналасамын деген әр жастың алдында даңғыл жол сайрап жатыр. Тек дұрыс таңдау жасай білсін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева
Суреттерді Сарыағаш ауданы «Жастар ресурстық орталығы» ұсынды