jasqazaq.kz

Нұрайым Ержігітқызы: Ерікті болу жасқа қарамайды

30 маусым 2023, 11:33


Адамзатқа әлемдегі апаттар мен қиындықтар айтып келмейтіні анық. Ал сондай қысылтаяң кезеңдерде халыққа қол ұшын созып жүрген жандардың бір бөлігі волонтерлер екені даусыз. Елімізде кеңінен етек алған еріктілер қозғалысы бүгінге дейін мыңдаған отбасының алдында тұрған кедергілерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан олардың қоғамдағы орны мен қызметтерінің маңызын біле жүргеніміз абзал. Осы орайда, бірнеше жылдан бері волонтерлықпен айналысып жүрген түркістандық жас Нұрайым Ержігітқызымен өткен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Нұрайым, сіздің есіміңіз өңір жұртшылығына ғана емес, елімізге де біртіндеп танылып келе жатыр. Сондықтан әңгімені осыған дейінгі жүріп өткен өмір жолыңыздан бастағанымыз дұрыс болар.

– Мен 2002 жылдың 21 сәуірінде Түркістан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келгенмін. 2017 жылы Сауран ауданы, Шорнақ ауылындағы Қ.Рысбекова атындағы №5 мектеп-интернатында 9-сыныпты аяқтадым. Мектепте оқып жүрген кезден арманшыл болатынмын. Өз мамандығымды таңдайтын сәтке келгесін, ата-анамның қолдауының арқасында 2017 жылы мұғалім мамандығы бойынша Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжіне оқуға түстім. Мектептен басталған арман-мақсатыма жету жолында сол колледжде білім алдым. Бойымда еріктілік қасиеті болғандықтан деп ойлаймын, колледжге түскеннен бастап «Жастар ұйымының» мүшесі атандым. Уақыт өте келе ұйымның вице-президенті болып, жауапкершіліктің жүгін ерте сезіндім. Жиі-жиі колледжішілік іс-шаралар ұйымдастырып, өзім де қатысып жүрдім. Ол мен үшін үлкен мәртебе болатын.

– Бұл салаға қалай келдіңіз? Волонтер болып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Волонтерлық жолындағы жұмысым колледжге оқуға түскен сәттен басталды. Себебі, «Jas Otan» жастар қанаты және облыстық жастар ресурстық орталығы біздің оқу орнымызбен бірлесе жұмыс істейтін. Осы орайда, оқу орнындағы жастар ұйымының маманы мен жастар орталықтарының қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіремін. Қандай ұсынысты айтсақ та, олар әрдайым өз қолдауларын білдірді. Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағаны мен үшін ұмытылмас оқиға. Себебі, бұл жыл менің өміріме ерекше өзгерістер алып келген кезең болды. Қазіргі таңда «Жастар рухының» мүшесімін, «Асар», «Тайқазан», «Жомарт жандар», «Лига», «Эковолонтер» сынды волонтерлық топтарда еріктімін. Бұл ұйымдардың қатарында жүріп көптеген іс-шаралар мен қайырымдылық жұмыстарын іске асырдық. Қазір «елімнен не аламын деп емес, еліме не бере аламын» деп қызмет етіп келемін.

– Волонтер ретінде қандай жетістіктерге қол жеткіздің?

– Атап өтер болсам, «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студентінің» қатарына кіріп, 2021 жылы Түркістан облысы бойынша «Үздік ерікті» атандым. «Jastar Otanga» жүлдесін жеңіп, «Jas Otan» жастар қанатының «жыл белсендісі» болдым. «Қауіпсіз мекен» тақырыбындағы ерікті жастарды оқыту курсына, волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған оқуларға, Қазақстан мен Өзбекстан жастарының I Конгресіне қатысып, мол тәжірибе жинадым. Үздік студенттер академиясының мүшесі атанып, Қазақстан жастарының «Алтын кітабы» республикалық байқауының жеңімпазы ретінде «Алтын төсбелгі» тағындым. «Қазақстан жастарының 100-жаңа есімі» атты республикалық байқауының жеңімпазы болып, «100-жаңа есім» төсбелгісін алдым. «Елбасы медалін» иемденіп, 2020 жылы «Қала патриоты» атандым. Мұның барлығы еріктілік жолындағы тәжірибемді толыстыруға ықпал етті десем, қателеспеймін.

– Ерікті болып жүріп, қандай істердің атқарылуына үлес қостың?

– Менің осынау қоғамдық жұмыспен айналысып жүргеніме бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде Түркістан облысы көлеміндегі 10 000-ға жуық көп балалы, жағдайы төмен отбасыларға тегін азық-түлік таратуға қатарластарыммен бірге көмек бердік. Мақтаарал ауданында орын алған топан су салдарын жою, қалпына келтіру барысында бір ай бойы сол ауданның тұрғындарына көмек көрсеткенім бар. Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккен тұрғындарға, Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісі кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде облыста құрылған жедел штабта белсенді болдым. «Таза әлем» бағыты бойынша Түркістан облысының оннан астам жерінде тазалық жұмыстарын жүргіздік. Бірақ мұның барлығын мақтану үшін емес, бір адам болса да қатарымызға қосылса екен деген ниетпен айтып отыр деп ойлаңыз.

 

– Қазіргі волонтерлардың бойында қандай қасиеттер болуы қажет? Кей еріктілерге не жетіспей жүр?

– Қазіргі волонтер жастардың бойында мейірімділік және бірлесіп жұмыс істеу аздау болып жатыр. Бір-біріне деген жанашырлық басым болуы қажет деп ойлаймын.

– Еліміздегі жастар саясатының іске асырылуына еріктілердің ықпалы қандай?

– Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен», – деген болатын. Ел Президентінің осы сөзінің өзі еріктілердің жастар саясатындағы ықпалын айқын көрсетіп тұр деп ойлаймын.

– Жергілікті атқарушы биліктің еріктілерге деген көзқарасы қалай?

– Облысымызда еріктілер жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр деп білемін. 17 аудан, қаламыздың барлығында белсенді волонтерлар саны көп және оларға көрсетіліп жатқан қолдау да жақсы. Сонымен бірге, нәтижелі жұмыс атқарған еріктілер өздеріне лайық марапатқа кенеліп келеді.

– Кеше Астанадағы волонтерлардың форумына қатысып қайттыңыз. Онда қандай идеялар айтылды? Сол форумнан не түйдіңіз?

– Бұл жолғы форум өзім осы уақытқа дейін қатысқан жиындардың ішіндегі ең ерекшесі болды. Түрлі тақырыптарға арналған сессияларға қатысып, әлем волонтерлерінің тәжірибесін алмастық. Ең қызықты тақырыптардың бірі – «Экологиялық мәселелерді шешудегі волонтерлердің үлесі» тақырыбы болды. «Эко әлем» жобасымен таныстым. Бұл жобада жастар 4 сектор бойынша түскен тапсырмалар аясында қоқысты жинап, келесі секторларға өтетін болады. Одан бөлек, біз Қазақстаннан шыққан алғаш волонтер Телжан ағамызбен таныстық. Ол кісінің ең қызықты оқиғасы – шетелде жүрген кезінде қара нәсілді әйел адамды босандырып, өмірін аман алып қалғаны. Сол кішкентай балаға ағамыздың есімін берген екен. Бұл оқиға да волонтерлердің жетістігі.

– Волонтерлік қозғалысты дамыта түсу үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

– Волонтерлердің жұмысын тек жыл соңында емес, әр ай сайын бағалап, ынталандыру сыйлықтары ұсынылса деп ойлаймын. Волонтерлерге арналған лагерьлер болғанын қалаймын. Жалпы қазіргі уақытта еріктілікті дамыту жолында жақсы жұмыстар іске асырылып келеді. Ал қалғаны ерікті боламын дейтін жастардың қолында деп ойлаймын.

– Волонтер ретінде кімдерді үлгі тұтасыз?

– Осы уақытқа дейін ешкімді үлгі етпеген едім. Халықаралық волонтерлер форумынан кейін 87 жастағы Телжан атамыздан алатын өнеге көп екен деп ойладым. Себебі, ол кісі бізге волонтер болу жасқа қарамайтынын дәлелдеп берді.

– Еріктілікпен қай уақытқа дейін айналысамын деп ойлайсыз?

– Еріктілік жұмыспен өмірімнің соңына дейін айналысқым келеді. Қазіргі волонтерлік жұмысымды ата-анам, отбасым қолдап жүр. Қыз бала болғасын, алдағы уақытта тұрмысқа шығамын. Тиісінше, жолдасымның да осы жұмысымды қолдағанын қалаймын.

– Еріктілік жолында талай жасқа үлгі бола беріңіз! Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан облысы

07 мамыр, 19:59
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті
07 мамыр, 13:25
Айбек Дәдебай: Біздің ісіміз — Әділет! Жолымыз — Заң мен Тәртіп!
06 мамыр, 15:42
Қазақстанда ҰОС ардагерлерінің әрқайсысы 10 мың доллардан астам қаражат алды
06 мамыр, 13:48
Сарыагаш: Вопросы питьевой воды в Дербисеке находятся на постоянном контроле
06 мамыр, 13:46
Туркестан: Весенне-полевые работы идут полным ходом
06 мамыр, 8:59
Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды
05 мамыр, 14:11
Учащиеся Туркестанской области стали призерами чемпионата мира по робототехнике
05 мамыр, 14:09
Сотрудничество Туркестанской области с Узбекистаном выходит на новый уровень
03 мамыр, 14:00
Жайнагуль Толемисова: Новые школы в Туркестане - это шаг в будущее