jasqazaq.kz

Нариман Мархабаев: Жас маманды жұмыспен қамтуда аянып қалмаймыз

18 мамыр 2023, 14:58


Жастар — еліміздің қозғаушы күші. Кез келген мемлекеттің басты байлығы – еңбекқор, білімді жастары. Ал Түркістан өңірі дарынды да талапты жастарымен шын мәнінде мақтана алады. Бүгінде аймақтағы әр ауданда жастар ресурстық орталықтары белсенді жұмыс істеп отыр. Біз Түркістан облысы Келес ауданы әкімдігі «Жастар ресурстық орталығы» Талантты жастарды қолдау бөлімінің басшысы Нариман Мархабаевпен арнайы сұхбаттасып, аудандағы жастардың тыныс-тіршілігімен таныстық.

Jas Qazaq: Нариман Әбубәкірұлы, Түркістан облысы — еліміздегі жастардың ең көп шоғырланған аймақтың бірі саналады. Облыста жастар саясатын жүзеге асыруға баса мән берілетінін білеміз. Келес ауданы жастарының көшбасшысы ретінде айтыңызшы, аудан жастарының белсенділігі қандай?

Н.Мархабаев: 2018 жылы Келес ауданы қайта құрылып, Сарыағаш ауданынан бөлініп шыққан болатын. Міне, биыл сол жас ауданға да 5 жыл толып отыр. Құрылған сәттен бастап ауданымызда түрлі мекемелер бой көтеріп, даму бағытында біраз шаруа қолға алынды. Сол мекемелердің бірі және бірегейі — «Жастар ресурстық орталығы». Мекеме ашылған сәттен бастап аудан жастарының тұлғалық дамуы, дарынды, талантты жастардың өнерін шыңдап, белсенділігін арттыру үшін жұмыс істей бастады. Келес ауданының жастары түрлі салаларда бой көрсетіп, жан-жақты дамып, түрлі шыңдарды бағындырып келеді. Ауданымыздың жастары — нағыз «сен тұр — мен атайын» деген мықты азаматтар. Жастар саясатын дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде. Түрлі бағыттағы аудандық, облыстық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың қамтылу деңгейі жоғары.

Jas Qazaq: Аудан жастары волонтерлікпен айналыса ма? Бұл бағытта қандай шаралар ұйымдастырылды?

Н.Мархабаев: Ауданымызда волонтерлық жұмыс қолға алынғаннан бері ерекше қарқын алды. Айталық, өңірімізде болған түрлі апат кезінде аудандағы еріктілер күн-түн демей, көмек көрсетті. Атап айтар болсақ, Арыс қаласында болған жарылыс кезінде және Мақтаарал ауданындағы топан су салдарын жою, қалпына келтіру жұмыстарына білек сыбанып кірісті. Пандемия кезінде бастау алған «BIZ BIRGEMIZ» жобасы аясында ауданымыздағы мұқтаж жандарға, аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себетін үлестіріп, қайырымдылық шараларына белсенді атсалысты. Сонымен қатар, өткен жылы Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккен тұрғындарға, осы қыста Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісі кезінде аудан көлемінде құрылған жедел штабта волонтерлер көмек көрсетті. Басқа да бағыттарда ауданымыздың еріктілері жарап тұр. Біз қашанда жастарға сенеміз. Ерікті болу — мамандық емес. Бұл — жүрек қалауы. Келес ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен сенбілік жұмыстары жүргізілді. Аталмыш сенбілікте аудан жастары, еріктілер, сонымен қатар орталық мамандары төбе көрсетті. Тазалық жұмыстарын жүргізудегі басты мақсат — аудан жастарын, тұрғындарын тазалыққа шақыру. Табиғаттың ластануының алдын алу, қоршаған ортаны қорғау, айналаны таза ұстауға шақыру болып табылады. Осындай сенбіліктер ерікті жастардың ұйтқысымен жиі ұйымдастырылады.

Jas Qazaq: Жастардың жұмыспен қамтылу жағы қалай? Орталық олардың өз уақытын тиімді өткізуіне де септесетін болар?

Н. Мархабаев: Қазіргі таңда аудан көлемінде Жастар ресурстық орталығы КММ-нің септігімен түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіледі. Сол іс-шараларға белсенді түрде атсалысып, өздерінің тұлғалық дамуы үшін ерікті түрде орталықпен тығыз қарым-қатынастағы жастарымыз көп. Ауданымызда Жұмыспен қамту бөлімімен бірлесе отырып, тығыз қарым-қатынаста аудан жастарын мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі. Жаңадан оқу бітіріп, дипломын қолына алған жас мамандарды барынша жұмысқа тарту — біздің басты мақсатымыздың бірі. Қолынан іс келетін әрбір жасты жұмыспен қамтуда аянып қалмай, көмек беретінімізді жеткізгім келеді.

Jas Qazaq: Жастардың білім алуы мен кәсіппен айналысуына қандай жағдай жасалып жатыр? Аудан жастары мемлекеттік бағдарламалармен таныс па?

Н.Мархабаев: Келес ауданында кәсіп ашуға ниетті жастар қатары күннен күнге артуда. Себебі мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдетілген несиелер, гранттар, сонымен қатар түрлі шағын қайтарымсыз гранттар жайында ұдайы хабардар етіледі. Жастар ресурстық орталығы да шет қалып отырған жоқ. Жастарды осы бағдарламалармен ақпараттандыру барысында тыңғылықты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданымызда 21-35 жас аралығындағы жастарға 2,5 пайыздық шағын несие қарастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соған орай, өз кәсібін бастағысы келетін жастардың қатары артып келеді. Бұл бағдарламада кәсіптің басқа түрі үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы үшін 7 жылға арналған 2,5 пайыздық номиналды сыйақы мөлшерімен 5 млн теңгеге дейін гранттар берілуде. Қазіргі таңда осы бағытта жан-жақты жұмыс жүруде. Оған қоса, ауданымызда түрлі бағыттағы кәсіп ашқан жастарымыз көп. Солардың бірі Ұшқын ауылдық округіндегі Айбек. Ол ауылымызда анар жемісін өсіруді қолға алып, шаруасын дөңгелетіп жүр. Осы сияқты түрлі кәсіп ашқан жастарымыз баршылық.

Jas Qazaq: Аудандағы белсенді жастардың ішінде топ жарыш шыққандар көп пе?

Н.Мархабаев: Сөз басында айта кеткенімдей, Келес ауданы — жас аудан. Десек те, ауданымыздың атын шығарып жүрген жастарымыз да жетерлік. Спорт саласы болсын, түрлі мәдени бағытта болсын, кенде емеспіз. Өздеріңізге белгілі, кеше ғана бокстан Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Санжар Ташкенбай ересектер арасында 46 кг салмақ дәрежесінде алтын жүлде иеленіп, қазақтың намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап шықты. Ондай спорт саңлақтарын атап айтар болсақ, өте көп. Спорттың күрес түрінен болсын, аралас жекпе-жек түрлерінен де талай биікті бағындырып, жетістікке жетіп жүрген жастарымыз баршылық. Ал дарынды жастарымызға келсек, елімізге танымал жайдарман ойыншылары да бар. Шыңғыс Қожабеков сынды жайдарманшы және актер Ардақ Ермеков сынды жастарымыз туған жерлерінің атын шығарып жүр. Одан бөлек, арнайы Жастар ресурстық орталығының дарынды жастары да бар.

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева,
Түркістан облысы
Суреттерді ұсынған Келес ауданындағы Жастар ресурстық орталығы

Бүгін, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
Бүгін, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 15:04
Астаналық зейнеткерлерге интернет-алаяқтардан қорғану жолдары түсіндірілді
13 мамыр, 12:58
Туркестан: Борьба с саранчой продолжается
12 мамыр, 15:00
Аким Туркестанской области встретился с президентом компании "Magister Art" Ренато Сапорито
12 мамыр, 14:38
Туркестан: Ведется масштабная работа по улучшению дорожной инфраструктуры
12 мамыр, 14:30
Туркестан: Социальные объекты - на благо населения
12 мамыр, 14:16
Туркестан: В Жетысайском районе завершаются работы по восстановлению вертикального дренажа
12 мамыр, 14:14
Туркестан: В Тюлькубасе прошел республиканский конкурс молодежного творчества