jasqazaq.kz

Нұрсан Әлімбай: «Талай баһадүрдің бас сүйегін көрдім»

11 қыркүйек 2017, 14:49

Газетіміздің өткен санында Кейкі батырдың бас сүйегінің жер қойнына тапсырылатыны туралы хабарлаған едік. Енді міне, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің басты тұлғасының бірі, ел ішінде «Кейкі батыр» атанып кеткен Нұрмағамбет Көкембайұлының бас сүйегі жерленгелі отыр. Батырдың бас сүйегін елге қайтару үшін бес-алты жылдан бері тынбай еңбектенген белгілі этнолог-ғалым, Алматыдағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей директоры Нұрсан Әлімбаймен әңгіме-сұхбат құрған едік.

Нұрсан Әлімбай:
«Талай адамның бас сүйегін көрдім»

Жас қазақ: Нұрсан аға, газетіміздің өткен санында «Кейкі батырдың бас сүйегін туған топырағы Торғай жеріне апарып жерлейміз» – деген едіңіз. Міне, бүгін батырдың бас сүйегін туған жері қойнауына тапсырғалы отырсыздар ғой. Газет арқылы осы жұмыстың басы-қасында жүрген барлық азаматтарға алғыс айтамыз!
Нұрсан Әлімбай: Рақмет! Бірақ «Кейкі батырдың бас сүйегі» деп айтпаған сияқты едім. Әсілі, бұл ретте марқұмның сүйегін «бас сүйек» деп нақтылаудың қажеті жоқ. Қазақы жосын бойынша да, мұсылманшылық тұрғыдан да бұлай атау дұрыс емес. «Батырдың сүйегін қалай алып келдіңіздер?» – деген дұрыс болар еді.
Жас қазақ: Ел ішінде осылай аталып, баспасөз бетінде осылай атау қалыптасып кетті емес пе?
Нұрсан Әлімбай: Оған Сіздер журналистер кінәлі емессіздер!.. Қазақы болмыстан бейхабар және қазақшасы да онша емес кейбір жандардың шығарып жүргендері ғой. Негізгі тақырыпқа оралайық. Батырдың сүйегі Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамера деген атаумен әйгілі Ұлы Петр атындағы Антропология және этнология музейінің антропологиялық зертханасында сақталғандығы баршаға мәлім болатын. Кейкі батырдың сүйегін елге қайтару мәселесі сонау өткен ғасырдың 90-жылдардың орта кезінде қаузалып еді. Ол кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясына қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтінмін. Әлі есімде академик Манаш Қозыбаев бастаған ғалымдар барлығымыз жиылып, осы Кейкі батырдың сүйегі туралы әңгімені қозғадық. Академик ағамыз бізге республика үкіметіне атына жолданатын хаттың мәтінін әзірлеуді тапсырды. Мәтінді әзірлегендердің ішінде қазір аталмыш институттың бас ғылыми қызметкері көрнекті ғалым Қайдар Алдажұманов ағамыз да болды. Сөйтіп, көп болып әзірленген хат үкімет басшыларына жіберілді. Хаттың мазмұны Кейкі батырдың, әсіресе, 1916 жылғы қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыс барысында көрсеткен жанқиярлық ерлігі, оның кісілік болмыс-бітімі жайында еді. Бұдан кейін де аталмыш мәселеге байланысты әртүрлі мемлекеттік органдарға Манаш аға Қозыбаевтың атынан жазылған сан хаттардың мәтінін әзірлеуге тікелей қатысып жүрдім. Бірақ, өкінішке орай, осынау өрелі істің арты белгілі себептермен сұйылып кетіп, ақыры аяқсыз қалды. Осы орайда мен сол кездегі аталмыш институт басшылары мен ғалымдарының өз қолдарынан келген іс-шаралардың бәрін жасағандығын ерекше екшеп айтуға тиіспін… Өз басым батырдың сүйегін алғаш рет 1983 жылы көрдім. Батырдың адам айтқысыз азаппен өлтіргендігін айғақтайтын әлгі сүйектегі өткір қарудан болған бірнеше ауыр соққының іздерін көргендіктен болар, берекем қашып, мұқият қарай да алмаппын. Обалы нешік, бұрыннан таныстығым бар аталмыш зертхананың ғылыми қызметкері батырдың сүйегін қолға алып көруге рұқсат та берген еді. Бірақ, жүрегі бар болғыр дауаламады.
Жас қазақ: Ел арасында аталмыш зертханада көп қазақтардың сүйегі жатқандығы жөнінде әңгіме көп айтылады.
Нұрсан Әлімбай: Бұл ретте қарапайым жұртшылық жөнінде ештеңе айта алмаймын. Бірақ, ғалымдарға, әсіресе, физикалық антропологиямен айналысатын мамандарға әлгі зертханада қазақтардың ғана емес, өзбек, түркімен, қырғыз, дағыстан, гүржі, шешен, ингуш, қарашай, балқар сынды Орталық Азия мен Кавказ халықтары өкілдерінің бас сүйектері бар екендігі бесенеден белгілі жайт. Сол жолы Кейкі батырдың сүйегінен басқа антропологиялық материалдармен танысуға мүмкіндік болмады. Физикалық антропологияның маманы емеспін ғой. Оның үстіне маған музей қызметкерлерімен тамыр-таныстығымды пайдаланып, шынын айтқанда, көбінесе, бейресми, яғни, тіркелмей жұмыс істеу қажет болды. Мұндайда дабыралық жасау еш жақсылық әпермейтіндігі түсінікті жайт. Дегенмен, кейін Кейкі батырдың сүйегіне байланысты музейлік құжаттармен жұмыс істеу барысында көзім жеткені әлгі бас сүйектердің біразы отаршылдыққа қарсы күрескен жандардікі екендігі болды. Мысалы, маған Лев Толстойдың әйгілі «Қажымұрат» деп аталатын хикаятына арқау болған Қажымұраттың бас сүйегін қолыма ұстап көрудің сәті түсті. Сондай-ақ, осы музейде көптен бері қызмет істейтін аты-жөнін айтпауды өтінген бір жасамыс әйел адам ХІХ ғасырдың ортасында көтеріліс жасаған Сырдария қазақтарының біразының бас сүйектерінің антропологиялық зертханада сақтаулы тұрғандығын айтқан еді. Бұл кеп, шамасы, даңқты Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған әйгілі көтеріліске қатысқандарға байланысты болуы керек… Сонымен, әлгі зертханада аталмыш құжаттармен жұмыс істеп жүрген күндердің орайы келген бір сәтінде музей қызметкерлерінен барынша абайлап, төмендегідей сұрақ та қойып көріп едім: «совет одағының құрамындағы барлық халық туыстай болып кетті ғой. Қазақтар үшін ерекше құрметті батырымыздың да, мүмкін болса, осында сақталған басқа халықтардың да есімдері белгілі тұлғаларының сүйектерін ел-жұртына қайтарып, жер қойнына берген дұрыс болар. Сауабы тиер еді әрі достығымыз нығая түсер еді». Бірақ, жауап ала алмадым. Ушықтырып алармын деп мәселені одан әрі қозғауға батылым жетпеді.
Жас қазақ: Аталмыш музейге батырдың сүйегін қайтаруға талпынған сізден басқа қазақстандықтар тарапынан барған адамдар болды ма?
Нұрсан Әлімбай: Әрине болды. Бірнеше қазақ азаматтары арнайы іздеп барып, батырдың сүйегін елге қайтару жөнінде Кунсткамера басшылары және қызметкерлерімен келіссөз жүргізді. Ал, өз басым Тұрсын Жұртпай, Думан Рамазан сынды елімізге әйгілі азаматтар батырдың сүйегін елге қайтаруға барынша күш салғандарын естідім. Бірақ бұл кісілер Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасының 1993 жылы қабылдаған «Тарихи-мәдени ескерткіштер мен құндылықтарды сырттан алып келу және сыртқа шығару туралы» заңының ыңғайымен жұмыс істей алмағандықтан болар, батырдың сүйегін қайтара алмады.
Жас қазақ: Ол қандай заң?
Нұрсан Әлімбай: Ол заңның негізгі мәні Ресей аумағындағы кез келген тарихи-мәдени құндылықтарды сыртқа шығаруға қатаң тыйым салынады дегенге саяды. Сонымен бірге, бұл заңда ерекше жағдайда ғана кейбір басқа елдердің мәдениеті мен тарихы үшін құнды артефактілер Ресей Федерациясының Президенті немесе Премьер-министрінің арнайы шешімімен ғана қайтарылуы мүмкін деген бап та бар. Бірақ, белгілі бір музейлік құндылықтарды әлгіндей жолмен қайтару үшін сол құндылықтар сақталған музей (немесе музейлер) қызметкерлерінің ортақ келісімі қажет деген шарт та екшеп көрсетілген. Демек, мәселені оңтайлы шешу үшін, ең алдымен, Ресей басшыларының келісімін алу және Кунсткамера басшылары һәм қызметкерлерінің тілін табу жолында жұмыс істеу керек болды. Өз басым осыны ескеріп, дабыра қылмай, 6 жылға жуық жұмыс істедім. Әлбетте, бұл аталмыш мерзім бойы үзбей жұмыс істеу деген сөз емес, бұл ретте мен істің осыншама уақытқа үздік-создық созылғандығын айтып отырмын. Жасыратыны жоқ, біздің тарихымыз бен мәдениетімізге байланысты айырықша құнды материалдарға келгенде Ресейдің кез келген мұрағаты, музейі, кітапханасы қызметкерлері таршылық танытып, кіртие қалатындары бар. «Көңіліне жақсаң көл, жақпасаң шөл», – дегендей қажетті құжаттарды кейде береді, кейде толық бермей, «ертең, бүрсігүні келге» салып, ит әурелеткен жайттар аз болған жоқ. Яғни, аталмыш музейде іс тындыру оңай соқпады…
Айтпақшы осы өрелі істе айырықша жітілік танытып, ұйымдастырушылық талантымен көрінген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі жетекшісінің орынбасары Ержан Бабақұмаров 2016 жылдың тамыз айының басында маған сол кездегі республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен Алматыдағы Үкімет резиденциясында кездесу ұйымдастырған еді. Кездесу осы мәселені шешуге байланысты болды. Мен оған 1923 жылы Әлихан Бөкейханның өзінің «Степняк» деген бүркеншік есіммен жарыққа шығарған «Кенесары батырдың ажалының соңғы күні» – деген кітапшасын апарып бердім. Әңгіме барысында жоғарыда айтылған Ресейдің 1993 жылғы мәдени-тарихи құндылықтардың тысқа алып кету және алып келу жөніндегі заңы туралы айттым. Осы заң бойынша, Ресейде құнды бұйымдарды қайтаруға қатаң тыйым салынатынын, бұл мәселені шешуге тек Ресейдің Президенті мен Премьер-Министрі ғана құқылы екендігін жеткіздім. Сөз арасында ол кісі Кенесары ханның сүйегін табу және қайтарудың мүмкіндігі жөнінде де екжей-тегжейлі сұрады. Премьер-Министрге қандай жағдай болсын, ханның сүйегін іздестірудің өте-мөте қажеттілігін әлім келгенше негіздеп бақтым (өйткені, бетін аулақ қылсын, ханның сүйегі жойылып кетті деген де қауесет қазір желдей есіп тарап кетті ғой)… Сөйтіп, тамыз айында Санкт-Петербор қаласына Кейкі батырдың басын қайтару мәселесі бойынша ұшып кеттім. Басты мақсат батырдың сүйегін елге қайтаруды музей деңгейінде ұйымдастыру болды. Себебі, жоғарыда айтылғандай, кез келген музейлік құндылықты сыртқа шығару үшін, ең алдымен, сол музейдің ұжымының һәм басшыларының ресми келісімі қажет.
Сонымен, маған, ең алдымен, «Осы бас сүйек Кейкі батырдікі ме?» – деген сауалға нақты жауап табу керек болды. Аталмыш музейдегі барлық қажетті мәліметтерді зерделеп, іздестірген бас сүйектің батырдікі екендігіне еш күмән қалмады.
Жас қазақ: Қалай көз жеткіздіңіз? Бізге де, оқырманға да күдік туғызатын сауал осы болып тұр.
Нұрсан Әлімбай: Музей қызметінде бір тәртіп бар. Келіп түскен құнды дүниелер жайында барлық ақпарат жиналады. Әлгі құндылықтар қалай келді? Қай жерден келді? Кім алып келді? Осындай сауалдарға нақты жауап табу үшін жан-жақты мұқият тексеру һәм зерттеу жүргізіледі. Онсыз тапсырылған кез келген бұйымның музейлік (тарихи және мәдени) құндылығынан айырылады. Яғни, ондай зат елге де ұқсатып көрсету үшін, зерттеуге де ерекше қажетті музейлік құндылық деп аталатын арнайы статусқа ие болмайды. Осы ретте Ресей музейлерінің бұл мәселеге айырықша жауапкершілік пен ыждаһаттылық танытатындығын ерекше екшеп айтқан ләзім. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, әлгі бас сүйекке түскен өткір қарудан болған бірнеше ауыр жарақаттың іздерінің өзі-ақ батырдың өлімі туралы халық арасында сақталған ауызша тарихи мәнді мәліметтер мен ресми деректердегі ақпаратты айқын айғақтайды. Үшіншіден, осы бас сүйек арқылы венгр антропологтары жасаған батырдың ғылыми антропологиялық мүсініне зер салып көріңіз. Оның батырдың дәл өз кейпін беретіндігін жан жүрегіңізбен сезесіз. Бұл орайда мені, бәлкім, сезімнің жетегінде кетті деп айыптаушылар да табылар. Бірақ, менің бұған байланысты орныққан кәміл сенімім батырдың сүйегінің Кунсткамераға қалай, қашан және кімнің алып келгендігі туралы, сондай-ақ, өлімге әкелген бас сүйектегі жоғарыда айтылған ауыр соққының іздеріне байланысты аталмыш музей қызметкерлерінің 1926 жылы, яғни, сүйектің жеткізілген уақытында арнайы жасаған қорытындысына негізделеді. Мұндағы фактілер мен сипаттаманың тәптіштеп жазылғандығы соншалықты, олар арнайы дәлелдеуді еш қажет етпейді. Осыған орай белгілі қоғам және мемлекет қайраткері бұрынғы сенатор өзі де батырға туыс болып келетін Серік аға Ақылбайдың батырдың антропологиялық мүсінін алғаш көргендегі әсерін айтпай кетуге әсте болмас. Ол кісі әлгі мүсінді көргенде көзіне жас алып, балаша қуанғандығы өз алдына, оны батырдың қазіргі туыстарына бірден қатты ұқсатты.
Жас қазақ: Нұрсан аға, осы ретте батырдың сүйегін Кунсткамераға алып келген кім және қашан алып келді деген сұрақ туындайды.
Нұрсан Әлімбай: Ең алдымен, кез келген музейге құндылықты тапсырушы адам әлгі құндылық жөнінде де, өзі туралы да анықтама береді. Жоғарыда аталған Кунсткамерадағы тиісті материалдарға сүйенсек, аталмыш музейге батырдың сүйегін 1926 жылы Д.Д. Букинич атты кісі тапсырыпты. Оның берген анықтамасына қарағанда, батырдың жасы қаза болардың алдында 45 шамасында болыпты. Бірақ, кейін батырдың сүйегін зерттеген аталмыш музейдің антрополог ғалымдары марқұмның жасын 50 шамасында деп көрсеткен екен. Сөйтіп, батырдың сүйегі Кунсткамераның антропологиялық коллекциясына №3383-1а деген инвентарлық ретпен тіркелді. Осы ретпен басталатын екі құжат бар. Мазмұнына қарағанда, екі құжат та жоғарыда аталған Д.Д. Букинич өз қолымен толтырылғанға ұқсайды. Ондағы келтірілген мәліметтің мазмұны мынадай: «Инв. №3383. 45 лет. Череп знаменитого киргизского бандита Кейки Тургайского уезда, Кайдаульского волости, свирепствовавшего в Степи в 1922 и 23 гг. Наводил ужас своими зверствами на местное население и на переселенцев двигавшийся из Ак-Тюбинска в Атбасар. Был очень набожен и всегда в молитвах раскаивался в преступлениях. Его бандиты участвовали в отрядах красных и в отрядах белых. Участвовал в осаде киргизами город Тургая в 1916 году. Он почитается киргизами за свою храбрость «батыром», несмотря на свой невзрачный вид (низкого роста, худощавый). Был неоднократно арестован, всякий раз бежал. При поимке голову отрубили китменем и доставили в Тургай, где она была вывещено на площади. Д. Букинич». Ал, екіншісінің мазмұны төмендегідей: «3383. Череп знаменитого бандита – казаха Кейки, уроженца Кайдаульской волости, Тургайского уезда, казненного в советской период. От Д.Д. Букинича в дар в 1926 г. документы: Записка Собирателя 3/ХІ – 33».
Өзіңіз байқаған шығарсыз, бұл және осы құралыптас басқада тарихи деректерден Д.Д. Букиничтің қызыл заманды орнатушы большевиктердің революциялық императивизм деп аталатын идеологиясының уытты уысына мықтап түскендігі айқын аңғарылады. Сондай-ақ, бұл кісі кезінде осы Орталық Азия мен Қазақстан экономикасы және ауыл шаруашылығы жөнінде біраз еңбектер жазған белгілі ғалым да еді. Ал, енді осы құжаттардың мазмұнына нені аңғаруға болады. Соған келейік. Оларда бізге белгілі себептермен батырды бандит деп көрсеткенімен, ерекше назар аударарлық екі «штрих» бар. Біріншісі – қазақтардың Кейкіні батыр ретінде ерекше құрмет тұтқандығын айғақтайтын жолдар, екіншісі – батырдың мұсылмандық жолын берік ұстанғандығы туралы мәлімет. Демек, большевиктік идеологияның әсерімен жазылса да, аталмыш ақпараттың әлеуметтік-мәдени антропологиялық құндылығы айырықша деуге әбден болады. Өйткені, бұл ақпарат Кейкінің батыр ретіндегі болмысын һәм қазақы ортаның бар игі қасиетін бойына сіңіріп, мұсылманшылықпен рухтанған кісілігін айғақтағандай. Расында да, мұсылмандық жолын шынайы ұстанған жанды жамандыққа қиюдың өзі мүмкін емес қой.
Ал, Д.Д. Букиничтің батырдың сүйегін кімдердің тапсырмасымен, қандай жолмен һәм қандай оймен тапсырғанын өз басым әлі күнге дейін білмеймін. Бұл жайт арнайы зерттеуді қажет ететін шығар.
Жас қазақ: Осынау күрмеуі күрделі мәселенің шешімін табуға қатысқан азаматтарды атап өтсеңіз.
Нұрсан Әлімбай: Жоғарыда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында осы мәселені қозғап, үлкен азаматтық көрсеткен марқұм академик Манаш Қозыбаев, Қайдар Алдажұманов сынды ғалымдар жөнінде қысқаша болса да айтып өттім. Ал, соңғы кезде осы істі өз қолына алып, табандылық һәм ұйымдастырушылық қасиетін көрсеткен бұрынғы сенатор, еліміздегі заң саласының көрнекті өкілдерінің бірі – Серік Ақылбай. Ол кісінің Кейкі батырға туыс болып келетіндігін жоғарыда айттым ғой. Серік аға Ақылбай Қазақстан Республикасының Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына 2009 жылдың 21 наурызы күні көлемді хат жолдаған еді. Одан кейін Секең ұйымдастырып, Кәрім Мәсімовтың атына 2016 жылдың 5 ақпаны күні жіберілген хаттың соңына өзі бастап бір топ депутат қол қойғаннан кейін ғана іс оңға басып, жүріп берді. Әлбетте, бұл ретте сол кездегі Премьер-Министр К.Қ. Мәсімовтың жеке басының рөлінің айырықша болғандығын ерекше екшеп айтуға тиіспін. 1993 жылы қабылданған «Тарихи-мәдени ескерткіштер мен құндылықтарды сырттан алып келу және сыртқа шығару туралы» заңына сәйкес, ерекше жағдайда ғана кейбір басқа елдердің мәдениеті мен тарихы үшін құнды артефактілер Ресей Федерациясының Президенті немесе Премьер-Министрінің арнайы шешімімен ғана қайтарылуы мүмкін деген бап бар екендігін жоғарыда айттым ғой. Демек, бұл іске Кәрім Мәсімовтың өзі тікелей араласпағанда батырдың сүйегінің дәл осы уақытта елге қайтарылуы неғайбыл еді. Сондай-ақ, оның жақын көмекшісі Премьер-Министрдің кеңсесі басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаровтың да осы істі ұйымдастырудағы еңбегі ерен болды. Бұл ретте осы азаматтың, әсіресе, батырдың бас сүйегін елге жеткізуді жедел ұйымдастырғандығын айтуды өзімнің парызым деп санаймын.
Ал, Қазақстан мен Ресей арасындағы министрліктер деңгейінде мәселені саяси һәм ұйымдық жағынан оңтайлы шешімімен реттеген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болды. Министрдің осынау күрмеуі мейлінше күрделі мәселені реттеу үшін Мәскеуге әлденеше рет барып, өзінің әріптесі Ресей Федерациясының мәдениет министрі Владимир Мединскиймен сан кездескендігін көпшілік жақсы біледі. Өз басым Арекеңнің В. Мединскиймен батырдың сүйегін қайтару жөнінде 2016 жылғы 5 қыркүйек күні болған ұзаққа созылған кездесудің тікелей куәсі болдым. Бұл өте сәтті кездесу болды. Осы кездесуде Ресейдің көрнекті актерлары қатысуымен жасалған Елбасы туралы көркем фильм көрсетіліп, соңында кішігірім жайылған дастархан басында біздің министр өзінің әріптесінің батырдың сүйегін қайтару ісін жеделдететіндігі туралы уағдасын алды. Егер Ресей тарапының, әдетте, мұндай іске келгенде «түлкі бұлаңға» салып, әлгі істің ақырын, тіпті, сұйылтып жіберуге әбден төселіп алғандығын ескерсек, бұл үлкен жетістік еді. Осы жерде жиналған жұртшылық (оның ішінде белгілі дипломат, қоғам және мемлекет қайраткері Тайыр Мансұров та болды) Арыстанбек Мұхамедиұлының ұйымдастырушылық шеберлігі, әбжілдігі һәм табандылығына дән ризашылығын білдіріп жатты. Сөйтіп, тура бір ай өткеннен кейін, яғни, 2016 жылдың 6 қазан күні таңғы 3 сағат 40 минут шамасында батырдың сүйегін елге жеткізуді Жаратқан менің пешенеме жазыпты. Бізді аэропортта министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Серік Ақылбай қарсы алды. Бірлесе атқарған осынау айтулы істің айырықша тарихи һәм рухани маңызын табанымыз туған жердің топырағына тиген сәтте, әсіресе, айқын сезіндік. Осы ретте біздің министрліктің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевтің үлкен ұйымдастырушылық көрсете білгендігін ерекше екшеп айтқан жөн. Ол кісі осынау күрделі істің басы-қасында жүрген біздердің жұмысымызды кәсіби біліктілікпен үйлестіріп отырды.
Жас қазақ: Нұрсан аға, батырдың сүйегін елге қайтару неге кешікті?
Нұрсан Әлімбай: Жақсы сұрақ қойдыңыз. Аталмыш кездесу барысында күтпеген жерден В. Мединскийдің көмекшісі оған Ресейдің Премьер-Министрі Дмитрий Медведевтің телефонға шақырып жатқандығын хабарлады. Ресей министрі кешірім өтініп шығып кетті. Жиналғандарды қайдам, өз басым тіксініп қалдым. Біраз уақыттан кейін келген В.Мединский біздің министрге батырдың бас сүйегін қайтару мәселесі Ресейдің Мемлекеттік Думасына сайлаудан кейін шешілетіндігін айтты. Яғни, 2016 жылдың 18-қыркүйегінен кейін. Ресей министрінің айтуына қарағанда, аты шулы Владимир Жириновский мен Сергей Миронов сияқты депутаттар мәселенің оңтайлы шешілуіне кереғар іс-әрекетке барулары мүмкін еді. Шамасы, Ресей Президентінің партиясы есебіндегі «Единая Россия» құрамындағы Үкімет мүшелері, ең алдымен, Президент пен Премьер-Министрдің өздері, В. Жириновский мен С. Миронов сияқты саяси оппоненттерінің жоғарыда аталған 1993 жылғы заңды бұзушылық деп айыптауларынан тайсақтаған болулары керек. Әйтпесе, дәл осы аталмыш кездесуден кейін бұл мәселе шешілуі әбден мүмкін еді. Өйткені, біздің Премьер-Министрдің өтініші бойынша, Арыстанбек Мұхамедиұлының әлденеше рет тікелей атсалысуымен 2016 жылдың 24 тамызы күні екі музейлік бұйымды Ресей Федерациясының музейлік қорынан шығару жөніндегі Ресей Федерациясы мәдениет министрінің 1930 нөмірмен хатталған бұйрығы жарық көрді емес пе. Бұл жерде екі музейлік бұйым деп отырғаны – батырдың Кунсткамера қорына 3383-1а деген нөмірмен тіркелген бас сүйегі мен 3383-1б нөмірлі жақ сүйегінің бөлігі. Ал, енді осы бұйрықта көрсетілген Кунсткамераның тарапынан жасалған сан құжаттарды жедел әзірлеуге және батырдың сүйегін Мәскеуге жеткізу ісіне мен және менің орынбасарым Бейбітқали Қақабаев тікелей қатыстық. Реті келген соң айтпай кетпеске болмас, бұл бұйрықтың көшірмесін және батырдың сүйегіне байланысты барлық құжаттарды, соның ішінде, мысалы, бас сүйекке Ресей антропологтары тарапынан жасалған камералық талдау-сипаттаманы Серік аға Ақылбайға және өзіміздің мәдениет министрлігіне электрондық пошта арқылы беріп отырдым. Осы құжаттардың біразы үстіміздегі жылы Павлодарда жарық көрген Кейкі батырдың өмірбаяны һәм қоғамдық-саяси харекетін көптен бері зерттеп жүрген Мақсұтбек Сүлейменнің «Кейкі Көкембайұлы» деп аталатын кітабына еніпті. Шамасы, өзі жақсы араласатын Серік аға Ақылбайдан алған болуы керек.
Жас қазақ: Аталмыш автор әлгі құжаттарды қайдан және кімнен алғандығын неге айтпаған.
Нұрсан Әлімбай: Кім біледі? Ол кісіні танымаймын ғой. Оны өзінен сұраңыз. Өз басым мұндай жайтқа ешқашан мән берген емеспін. Ең бастысы ел-жұртқа жария болғандығы жақсы болды.
Жас қазақ: Осы оқиғадан кейін немен айналыстыңыздар?
Нұрсан Әлімбай: Әуел баста батырдың сүйегін Санкт-Петербургтан елге бірден жеткіземіз деп жоспарлағанбыз. Бірақ, маған Ержан Бабақұмаров телефон шалып, сүйекті Мәскеуге жеткізудің қажеттілігін айтты. Себебі, екі елдің Премьер-Министрлерінің алдын ала жасалған бізге беймәлім өзара келісімі бойынша, батырдың сүйегін Дмитрий Медведев Кәрім Мәсімовке өз қолымен тапсыратын болыпты. Сөйтіп, орынбасарым Бейбітқали Қақабаев екеуміз батырдың сүйегін Мәскеуге, Премьер-Министрдің Кеңсесіне жеткізуді ұйымдастырдық.
Жас қазақ: Батырдың антропологиялық реконструкциясын жасауға Венгр антропологтарына тапсырыс берген және ұйымдастырған сіздің бастамаңыз ба?
Нұрсан Әлімбай: Иә. Бұл ретте Орталық музей мен Мажар еліндегі батырдың антропологиялық реконструкциясын жасаған антропологтар қызмет істейтін әйгілі Ұлттық жаратылыстану тарихы музейі арасындағы бұрыннан орныққан әріптестік қарым-қатынас үлкен септігін тигізді. Аталмыш реконструкцияны бастан аяқ тікелей орындаған Шандор Эвингер мен Агнер Куштар есімді антролог-ғалымдар. Бұлар, өздерінің айтуы бойынша, Ресейдің атақты антропологы М.М. Герасимовтың әдістемесі негізінде жұмыс істейді екен. Әлбетте, жаңа заман талабына сай мүлдем жетілдірілген методика бойынша. Сөз арасында айта кетейін, мажарлықтар батырдың тек қана басының антропологиялық реконструкциясын жасады. Ал, аздап сурет салатыным бар еді, Кейкі батырдың антуражын – сақал-мұртының және шашының түр-тұрпатының нұсқасын жасаған мен едім. Сонымен бірге, батырдың кеудесімен бірге жасалған реконструкция Орталық музейде атқарылды.
Жас қазақ: Сіз аталмыш реконструкциялауға қатысқандардың ішінен біздің елге жиі келетін Андраш Биро деген профессор-антропологтың есімін атаған жоқсыз. Неге, ол кісінің бұл іске қатысы болмағаны ма?
Нұрсан Әлімбай: Жаңа ғана батырдың антропологиялық мүсінін жасағандардың есімдерін атадым ғой. Сіз атаған антрополог аталмыш реконструкциялау үдерісіне тікелей қатысқан жоқ. Реті келген соң айта кетейін, Андраш Биро ешқандай профессор да емес, тіпті, Мажар еліндегі аталмыш музейдің бас директоры доктор Золтан Коршоштың айтуынша, бұл азаматтың арнайы ғылыми атағы да, дәрежесі де жоқ. Ал, біздің журналистердің Андраш Бироны неге профессор деп атайтындығын білмедім. Бірақ, бұл кісі батырдың антрпологиялық реконструкциясын жасау ісінде үлкен ұйымдастырушылық-дәнекерлік іс атқарды. Осы сәтті пайдалана отырып, аталмыш мажарлық әріптестеріме шын жүректен алғысымды айтамын.
Жас қазақ: Реконструкциялауға байланысты қаржыны кім шешті?
Нұрсан Әлімбай: Жоғарыда аталған Серік аға Ақылбайдың өтінішімен осы істі қаржыландырған мәдениетіміз бен тарихымыздың жанашыр азаматы бизнесмендер Сапар Ысқақов пен Мақсұт Нәлібаев есімді жандар. Мәселенің өзектілігіне көздері жетіп, бірден көмек көрсеткен осынау аяулы жандарға деген алғысым шексіз. Ал, қаражаттың жетпеген бөлігін өзім көтердім. Бірақ, батырдың әбден бүлінген бас сүйегін антропологиялық реконструкцияға әзірлеу һәм оны 3D виртуалдық моделдеу, әсіресе, осы сүйектің нәсілдік ерекшелігін қатаң ескере отырып, дәл антропологиялық түр-тұрпатын қалпына келтіру үрдісі біз ойлағаннан қымбат болып шықты. Осы ретте Арыстанбек Мұхамедиұлы қосымша қаражат бөліп, нағыз ұлтжанды азамат екендігін тағы көрсетті.
Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты алған – Жарас КЕМЕЛЖАН

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде