
Солтүстік Осетияда ащы суға масайған екі ер адам кішкентай мысықты қағып кетіп, оған жедел жәрдем шақыртқан. Бұл туралы республиканың ІІМ-і хабарлады. Таяуда полицияға медициналық мекеменің бас дәрігері қоңырау шалған. Оның айтуынша, кешкі уақытта «03» пультіне белгісіз ер адам жол-көлік оқиғасы және одан жарақат алғандар жайында хабарлаған.
Baq.kz хабарлағандай, ақ халаттылар оқиға орнына жетіп барғанда, ащы суға тойып алған екі жігітті жолықтырады. Олар көліктерімен қағып кеткен үй жануарын көрсетіп, оған көмек берулерін сұрайды. Кейін олар кішкентай мысықты басып кетіп, қалжың ретінде жедел жәрдем шақырғандарын айтты.
«Шала мас «қалжыңбастар» полиция бөліміне жеткізілді. Жауап алу кезінде олар кінәларын мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкінетіндерін айтты. Жалған шақырту үшін тәртіп сақшылары әкімшілік хаттама толтырып, кінәлілердің үстінен 1 мың рубль көлемінде айыппұл салды», — деп көрсетілген ІІМ хабарламасында.
Сондай-ақ құқық қорғаушылар «оқиғадан мысық қатты жарақат алмағанын, соңыра оқиға орнынан қашып кеткенін» алып қосты.
Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын youtube әлеуметтік желісінде жол ортасына шығып кеткен кішкентай мысыққа жаны ашып, құтқарып қалған жалғыз жүргізуші жұртты елжіретіп, алғысына бөленген еді.