
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұған дейін атқарылып келген мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жоба форматына көшіру қарқынды іске асырылып жатыр. Міне, сондай ұлттық жобаның бірі – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» деп аталады. Жалпы бұл ұлттық жоба туралы сөз қозғалғанда «Білім беруді дамыту тұжырымдамасын» қоса айтуға тиіспіз. Себебі қыздың қос бұрымындай екі саланың да барар бағыты бір – еліміздің білім көкжиегін кеңейтіп, іргесін нығайту.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы 4 негізгі бағыттан, оның ішінде 5 міндет, 15 көрсеткіштен, 26 іс-шарадан жиынтықталады. Ұлттық жобаның пайдасы қандай? Ең алдымен 2016-2019 жылдарды қамтыған мемлекеттік бағдарламаның іске асыру көрсеткішімен салыстырғанда, ұлттық жобаның ұтымды тұсы көп. «Білімді ұлт» сапалы білім берудің» негізгі өзегі қоғам дәл қазір қажет ететін міндеттерді алдымен жүзеге асыруға екпін салады. Ұлттық жобаның басым бағытының бірі – балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту. Осы бағыттың өрісі туралы Алматы қаласындағы №191 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Мөлдір Ерназаровамен сұхбаттасып, ой-пікірін жазып алдық.
Jas qazaq: Мөлдір Нұрбекқызы, сұхбатымыздың негізгі арқауы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында айтылған балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытуды қамтамасыз ету болмақ. Алғашқы сауалымызды да өзіңіз басшылық еттін ұжымның педагогикалық әлеуетіне қатысты қойсақ. Алматы қаласындағы №191 бөбекжай-балабақшасының оқыту, тәрбие беру бағытында еңбек ететін құрамы туралы айтсаңыз.

Мөлдір Ерназарова: Әрбір үйдің еркесі мен серкесінің басы тоқайласатын орта – балабақша. Тәрбиенің қазығы мектепке дейінгі тәрбиелейтін ортада, яғни балабақшада қағылады. Демек осы ортада жұмыс істейтін, әрбір баланың тілін тауып, үйрете білетін тәрбиешілердің білімі мен біліктілі жоғары болуы заңдылық. Сондықтан да біздің яғни №191 бөбекжай-балабақшасында жұмыс істейтін педагогикалық құрам мүшелерінің барлығы да жоғары білімді мамандар. Бұл мектепке дейінгі білім беретін мекеме болғандықтан, тәрбиешінің де, педагогтің де қолында мектепке дейінгі білім беру мамандығын оқығаны жөнінде құжаты болуы шарт. Сол себепті де кейбір қызметкерлеіміз екінші жоғары мамандық иесі атанып, университетте білім алып жатыр. Балабақшада тұрақты түрде екі жылдан аса жұмыс істеген мамандар өзінің біліктілік санатын көтереді. Ең әуелі педагог-модераторлықтан бастайды. Ұжымда 20 педагог бар болса, соның жартысы осы педагог-модератор мәртебесіне құжатын тапсырды. Енді саралау, сараптау қорытындысы шығады.
Jas qazaq: Балабақшаның қызметкерлері педагог-модератор санатына өтсе, еңбекақыларына да үстеме қосыла ма?
Мөлдір Ерназарова: Әрине, айлық еңбекақысына 30 пайыз қосылады, егер модератор санатын алатын болса. Жалпы балабақшамызда тәрбиеші, психолог, әдіскер, логопед, музыка жетекшісі секілді мамандық иелері де жұмыс істейді. Осы бірнеше сала бойынша еңбек ететін ұжымның жетістігі атқарған шаруасынан байқалады. Алматы қалалық білім басқармасының жоспарына сәйкес, әріптестеріміз біліктілігін арттырып, білімін жетілдіру курстарына жіберіледі. Мұндай курстардың мемлекет тарапынан оқытатын тегін және ақылы негізде оқытатын да орталықтар бар. Тегін курстарға әрбір тәрбиеші педагог ретімен, кезегінің жетуіне қарай барып оқып келеді. Ал ақылы негізде оқытатын орталықты әркім өзі таңдайды.
Jas qazaq: Биылғы оқу жылында ұжымыңыз қандай конкурстарға қатысты?
Мөлдір Ерназарова: Жылдық жоспарға сай өтетін түрлі конкурста, іс-шараларға қатысуға қатысты қалалық әдісемелік бірлестік орталығы шақырту қағазы мен конкурстың ережесін жолдап отырады. Соған сай конкурстарға да қатысып, балалбақшамыздың тамыры тереңге жайылмаса да орасан зор жетістіктермен оралып жүрміз. Алдымен аудандық сайыста бағымызды сынаймыз. Жеңіске жетсек, қалалық додада бағымызды сынау мүмкіндігі туады.

Биылғы жылы қыс мезгілінде «Қар ханшайымы» деген ертегінің желісінде көрініс қойып конкурсқа қатыстық. Осы сайысқа ұжым ғана емес, ата-аналар да айтарлықтай үлесін қосты. Нәтижесінде біздің өнерпаз әріптестерімізге Алматы қаласы әдістемелік бірлестігінің арнайы аталымының сыйлығы бұйырды. Одан кейін «Шексіз талант» конкурсына да талантты педагогтеріміз барын салып әзірленіп қатысты. Қолөнер, декламатор, хореографиядан аудандық сайыста 3-орын бұйырды. Осыдан екі жыл бұрын, яғни балабақшамыз ашылған жылы ұжымымыз аудандық конкурста гран-при иеленіп, қалалық сайыста да жүлделі орын алған еді. Биыл сол биігімізге шығу бұйырмады. Алдағы уақытта басқа да конкурс, байқауларда барымызды саламыз енді.
Jas qazaq: Алматы қаласындағы маңызды мәселенің бірі – балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндерді орынмен қамтамасыз ету. Бостандық ауданы да қаланың іргелі ауданы саналады. Соған сай халық саны да арта түсетіні анық. Өзіңіз басшылық ететін №191 бөбекжай-балабақшасына қанша бала бар?
Мөлдір Ерназарова: Біздің бөбекжай-балабақшамыз сегіз топтық болып саналады. 195 бала тәрбиеленіп жатыр. Мамыр айының соңында мектепалды даярлық тобындағы үш топты жіберіп, орнына тағы да үш топ қабылдап аламыз. Сөзіңіздің жаны бар, Алматы — еліміздегі ең үлкен мегаполис. Балабақша кезегінде тұрған балалардың саны да арта түсуде. Мемлекет басшысы да, жергілікті басқару орындарының басшылары да бұл мәселені оңтайлы шешудің жолдарын қарастырып отыр.

Jas qazaq: «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бірінші міндеті – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Расында да, тек Алматы қаласында ғана емес, елімізде балабақшада орын тапшылығы маңызды мәселе. Осы түйткілді шешу үшін алдағы уақытта ұлттық жоба аясында «қаражат балаға» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жүзеге асырылмақ. Ол дегеніңіз, мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдар желісін дамыту қарқынды жалғастыру деген сөз. Ұлттық жоба түбегейлі іске асса, 2025 жылы 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95 пайызға, 3-6 жастағыларды қамтамасыз ету 100 пайызға орындалады. Ұлттық жобаның ұтымды тұсының бірі осы бағыт дер едік. Сонымен қатар балабақша қызметкерлерінің еңбекақысы да өсті. Бұл да қызметкерлерге серпіліс әкеліп, демеу болғаны анық.
Мөлдір Ерназарова: Әрине, әлеуметтік, тұрмыстық мәселе негізгі шаруа. Жаңа сөз басында педагогтеріміздің жартысына жуығы модераторлыққа тапсырды дедім ғой. Егер педагог-модератор санатына өтсе, онда айлық еңбекақысына тағы да 30 пайыз қосылады. Педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші сынды санаттарға өткен сайын да еңбекақысы арта түседі. Мұның барлығы да педагог тәрбиешілерді ынталандыру мақсатында жүзеге асырылады. Оқу жоспары бойынша аудандық білім бөлімі мен қалалық білім басқармасына іс-әрекет жұмыстарымызды көрсетіп, бағдарламаның жүзеге асыру барысын баяндадық. Бүгінгі таңда балалардың ой еркіндігі қарқынды дамуы үшін бірнеше аумаққа бөлінген: ойын, табиғат, кітапхана бұрышы, денешынықтыру деген секілді. Балаларға қатып қалған қағида жоқ, педагогтер осы аумақтар бойынша сабақ оқуды қамтиды.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет ,
Алматы қаласы