
Бүгін Астанада Халықаралық Түркі академиясының жыл қорытындысы барысында академияның қолдауымен жарыққа шыққан бірқатар кітаптар туралы айтылды.
baq.kz хабарлағандай, Академияның қарамағындағы «Ғылым» баспасынан биылғы жылы К.Конкобаев. Н.Усеев, К.Шабданалиевтардың «Атлас древнетюркских письменных памятников республики Алтай» деп аталатын атласы, «Жетісу-Ыстықкөл қасіреті» және «Древнетюркский словарь», Ә.Ахметовтің «Жаһанды жалғаған терең тамырлар», Қ.А. Иасауидің «Диуани хикмет», Ғабдолла Тоқай тағылымы қатарлы 50-ге жуық кітап жарыққа шыққан.
Осы құнды мұралардың қатарында қазақтың маңдайына біткен әйгілі тұлғасы Тұрар Рысқұловтың Моңғолияда болған кезіндегі қайраткерлік өміріне арналған екі бірдей кітаптың жарық көруі өте қуанышты жағдай.
И. Саруул, Ч.Дашдаваа, Н. Болд қатарлы үш автордың бірлесіп дайындаған. «Коминтерний төлөөлөгч Турар Рыскуловын Монгол дах үй ажиллагаа» («Коминтерн мүшесі Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметтері») және «Турар Рыскуловын Монгол дахь үйл ажиллагаанд холбогдох баримтууд» («Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметтеріне қатысты құжаттамалар») деп аталатын екі бірдей толымды еңбек сол кездегі Тұрар Рысқұловтың қазақтың ғана емес, нағыз халықаралық деңгейдегі дипломат екенін танытатын еңбек. Екі кітап та академияның тапсырысы бойынша Ұланбатыр қаласында басылып шыққан.
Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің айтуына қарағанда бұл істі қолға алып, жүзеге асыруға Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сүхээ Жагир мырзаның, Моңғолия орталық архив басқармасы мен орталық музей басшылығының еңбегі зор.