jasqazaq.kz

Мереке күні Алматы облысында 120 гектардан астам аумақ тазартылды

01 мамыр, 19:25

Алматы облысында туристік бағыттарда ауқымды сенбіліктер өтіп жатыр. «Тазалық күндері» экологиялық акциясы аясында шатқалдар мен сарқырамалардан бастап көлдер мен демалыс аймақтарына дейінгі аумақтар тазартылуда. Бастама мамыр айындағы мерекелер мен демалыс күндері өңірдің негізгі туристік нысандарын абаттандыруды күшейтуге бағытталған.

Тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқан бағыттар қатарында Есік көлі, Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Ассы жайлауы, Первомай тоғандары, музейлер аумағы, табиғи ойын-сауық саябақтары және жыл сайын мыңдаған туристер тамашалайтын өзге де нысандар бар.

Бүгін «Тазалық күндері» экологиялық акциясы аясында 130 кәсіпорын мен ұйым өкілдері, жалпы 20 мыңнан астам өңір тұрғыны 120 гектардан астам аумақты тазартты. Тазалық жұмыстары Түрген шатқалында, «Таңбалы тас» археологиялық кешенінде, «Ақ-Бұлақ» тау-шаңғы курортында, «Көшпенділер қалашығында» және өзге де танымал туристік орындарда жүргізілді. Бір күннің ішінде 340 тонна тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Жұмысқа 22 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

«Туристік орындардың тазалығы – елдің имиджі мен мәдениетінің айқын көрінісі. Табиғаттың сұлулығына тамсанған әрбір қонақ оның күтіміне де назар аударады. Таза әрі ұқыпты орта туристерге жағымды әсер қалдырып, қайта келуге деген ықыласын арттырады. Сондықтан өңір тазалығын сақтау – әр азаматтың міндеті. Қарапайым тазалық қағидаларын сақтау арқылы туған жеріміздің көркеюіне үлес қоса аламыз», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Таңбалы тас» археологиялық кешенінде өткен сенбілік барысында.

Алматы облысындағы туристік бағыттарда ұйымдастырылған «Тазалық күндері» акциясы алдағы демалыс күндері де жалғасады. Санитарлық тазалау жұмыстары өңірдегі танымал шатқалдар, көлдер мен демалыс аймақтарын қамтиды. Акцияға облыс тұрғындары мен қонақтары, еріктілер, кәсіпкерлер және қоғамдық ұйым өкілдері қатыса алады. Ұйымдастырушылар барша жұртты бастамаға қолдау білдіріп, туристік орындардың тазалығына үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Тазалық күндерін» өткізу туристік аймақтардың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтардың бойында табиғатқа деген жанашырлық сезімін оятады. Экологиялық науқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, 2026 жылы Алматы облысында 220 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Жыл басынан бері 77 мың көшет егілді. Көктем басталғалы өңірде 8 ірі сенбілік ұйымдастырылып, 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Сонымен қатар көшет дәнегін дайындау жұмыстары да қолға алынған. Қазіргі уақытта қарағаш тұқымын жинау науқаны жүріп жатыр. Оған 150-ге жуық адам тартылып, 400 келі тұқым жиналды. Бұл тұқымдар кейін көшет өсіруге және елді мекендерді көгалдандыруға пайдаланылмақ.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде