
Шаршы алаңда талайдың шаңын қаққан Мэнни Пакьяоны білмейтіндер кемде-кем. Егер солардың қатарында болсаңыз, айта кетейін, кәсіпқой бокста 66 жекпе-жек өткізіп, 58-інде жеңіске жеткен азулы спортшы. Тіпті бүгін ол WBO тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы атағына таласады. Лас-Вегастың аренасында «Алтын белдік» иегері Джесси Варгаспен күш сынасады. Айта берсең атағынан ат үркиді, әрине. Бірақ осы филипиндік жігітті бір кездері қазақтың қара баласы ұрып құлатқанын білмейтін шығарсыздар.
Қазір елімізде кәсіпқой бокстан нәпақа туып жүрген жігіттер көп. Әртүрлі промоутерлік компаниялар ашылып, былғары қолғап шеберлерінің барлық жағдайлары жасалуда. Ал 90-шы жылдардың аяғында кәсіпқой бокспен шұғылданатындар саусақпен санарлық еді. Солардың бірі Серікжан Ешмағанбетов болатын.
Серікжан Ешмағамбетов, ардагер боксшы:
— Ол кезде заман сондай қиын болды. Өздеріңіз білесіздер. 90-шы жылдары жаңағы ақша жағынан жағдай жағынан зал табу деген жаттығу жасайтын уақыттар. Қазіргі уақытта промоушен дейді. Ол кезде спонсорлар көп болмайтын. Болса енді бір-екі ай көмегін беріп кейін қиналған соң онша көмектеспейтін. Қазіргі уақытта айтқанда өзімізде ниет алға бокстасып, Қазақстанның атын шығарып дегендей сондай болған.
Кәсіпқой бокста 37 кездесу өткізіп, соның 27-сінде жеңіске жеткен Серікжан 12 жекпе-жекте қарсыластарын нокаутқа жіберген. Оның спорттық ғұмырындағы айтулы жекпе-жектерінің бірі 2003 жылы Мэнни Пакьяомен өтті. Манила қаласында қарсыласын 4-ші раунтта сұлатып салған Серікжан 13-жыл бұрынғы кездесуді былайша еске алады.
Серікжан Ешмағамбетов, Ардагер боксшы:
— Салмақ өлшеу рәсімінде жаңағы сұрақ сіз Пакьяомен төбелескен кезде қалай төбелесесіз деген кезде, біз енді ағылшынша сөздеріміз көп емес аздау. Сосын айттым. Енді не артқа қайтпаймыз Мэнни Пакьяоңызды үшінші раунтта құлатамыз Алла бұйырса деп. Енді үшінші болмаса да төртінші раунтта бір құлатқанбыз. Кейін жаңағы кішкене мына бокстың ережесі ретінде сосын жаңағы өз үйінде үлкен жарыс ұйымдастырып жатыр 1-2 нокдаун құлап қалғам. Сосын Обинза деген рефери бойдың жаңағы бесінші раунтында боксты тоқтатып тастады.
Кәсіпқой рингтегі соңғы жекпе-жегін 2008 жылы 37 жасында өткізген Ешмағамбетов былғары қолғабын шегеге ілген соң, бапкерлікке бет бұрып, қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп жүр. Ал сол Серікжан кездесуінен кейін жұлдызы жанған Мэнни Пакьяоны қазір күллі әлем таниды. Филипиндік боксшы бүгін WBO тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін Лас Вегаста Америкалық Джесси Варгаспен қолғап түйістіреді. Бұл жекпе-жекті сіздер жексенбі күні таңғы 9:00 де Хабар арнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.