
Жиһад туралы айта бастады
Үйде күнде уағыз айтып, бәрімізді дінге шақыру күйеуімнің әдетіне айналды. Енді ол жиһад, Сирия туралы айта бастады. Үлкен қызына намаз үйретіп, хиджап кигізді. Алаңсыз күліп- ойнап жүрген қыздардың балалық шағы қысымға, қорқыныш пен үрейге ұласты. Дос қыздарымен қосылып ойнай алмады, ұялып, жасқаншақ бола бастады. Әкесі олардың қарсылықтарына қарамады, тіпті түсінгісі де келмеді. Оларға қатал қарап, ешкіммен араластырмады. «Ән айтпа, билеме, сурет салма» деп үйірмеге де қатыстырмады. Қыздар: «Көйлек адып берші» десе, «Хиджап алып берем, басқа киім сұрамаңдар» деп, киім әперуді де қойды. Үйде ұрыс-керіс көбейді. Мен қыздарды өзімше тәрбиелесем, ол кері тартты. Екі ортада басы айналған балалар қор болды. «Қазақтың салт-дәстүрін сақтап, дәстүрлі дін- Абу Ханифа жолын ұстан» дегеніме көнбеді…
«Сирияға көшейік…»

Бір күні «Сирияға көшейік, ол жақта бәрі керемет» деп ақылға сыймайтын үгітін айта бастады. «Соғыс болып жатқан жерде бәрі керемет болуы мүмкін емес, ол не қылған батпан құйрық? Өз елімнен кетпеймін» деп көнбедім. Енді ол үлкен қызымды үгіттей бастады. Қызым: «Мама Сирияда бәрі жақсы дейді ғой, неге келіспейсіз?» — деді. «Әкеңе сенбе, теледидардан жаңалықтарды қара, ол жақта әкең айтқандай жақсы емес» — деп түсіндірдім.
Алмасбай енді ватсаптан келген бейне-роликтерді көрсете бастады. Ол бір сұмдық болатын. Сирияға соғысқа шақыру, жиһадқа үгіттеу… Енді оның бар ойы Сирия мен жиһад болды. «Бұл дүниеде маған ештеңе де қажет емес, жиһадқа қатысып, жұмаққа барғым келеді» — деді. «Балаларыңды жақсы тәрбиелеп, оқытып, тұрмысқа берсең жәннатқа барасың» деген сөзіме құлақ та аспады.
Бір күні ол: «Адамдар аяқ астынан жоғалып кетіп жатыр. Бір Алла біледі, менің де жоғалып кетуім мүмкін» деді. «Маған сенбе, жұмыс ізде» деп мені алдын ала дайындап жүрді. Өтірікті көп айтатын болды.
Тұңғыш қызымыз мектеп бітіргенде үйде үлкен айқай-шу болды. Қызымызды мектеп бітіру кешіне қатыстырмады. «Әрі қарай оқымайсың. Тұрмысқа шығасың» деп кесіп айтты. 2015 жылдың 8-ші наурызы мен үшін әйел затының мерекесі емес, нағыз қасіретті күн болды. Сол күні Алмасбай мектеп бітірген қызымызды бір жігітке өз қолымен апарып берді. Өз қызына өзі жеңгетай болды. Сорлы қызым білім алып, жастық шағын жарқылдап өткізе алмады. Өзі танымайтын адамға телініп, жылай- жылай кете барды…
«Қайда барам, кім көмек береді?» деген оймен қатты шаршап кеттім. Ажырасу туралы ойға бардым. Бірақ, балаларды тірі жетім еткім келмеді. «Не болса да шыдайын, мүмкін түсінер, өзгерер» деп күттім. Бірақ өкінішке орай уақыт өте ол мүлдем басқа адамға айналды. Бір күні «Бізден бөлек тұршы, балалардың санасын улама, балаларға өзім жауап беремін, үш ай бөлек тұрайық, еш нәтиже шықпаса, ажырасайық» дедім. Бөлек тұрсақ ойланар деп ойладым.
Айқай-шусыз, сабырмен, барлық киімін жуып, ыдыс-аяғын, төсегін беріп шығарып салдым. Балаларына келіп, анда-санда тамақ әкеліп тұрды.Үйге қонбайтын, 15-20 минутқа кіріп шығатын. Кәримолла (есімі өзгертілді) ахи машинасымен алып келіп, күтіп тұрып, алып кететін. Соңғы келгенінде ол: « Бізге енді телефонмен де, көзбе-көз де сөйлесуге, бір-бірімізді көруге болмайды» деді. Бізді ажырастыру үшін «ахилары» күнде бір өзгеріс енгізіп отырды. Арада біраз уақыт өткенде сол Кәримолла ахидың өгей қызына үйленіпті…
«Сен мұсылман емессің»
Жасырын неке менің ойымша — зинақорлық. Біз заңмен ажыраспадық, талақ та бермеді. «Неге талақ бермейсің?» десем, «Саған талақ жүрмейдіі, сен харамсың, себебі мұсылман емессің» деді. «Намаз оқы, дінді қабылда. Менімен ажыраспайсың, алимент төлемеймін, ешкімге тұрмысқа шықпайсың. Намаз оқысаң ғана қайтып ораламын. Сонда иншаллаһ бәрі жақсы болады» деп шарт қойды. Біз заңды некеге тұрғанбыз әрі мешітте неке қидырғанбыз. Алмасбай: «Екінші әйеліммен ажыраспаймын, оған неке қиып үйлендім, онымен ажырасу күнә» деді. Ол әйел өздерінің жамағатынан екен. Сонда мен кіммін? Бір адаммен некесін бұзбай тұрып, екінші адаммен үйленуге болады деген заң бар ма? Екінші әйелді бірінші әйелінің ризашылығымен алу керек емес пе?
«Сен мұсылман емессің» дегені жаныма қатты батты. Жаман әдеттермен ісім жоқ, балаларыма қарап үйде отырамын. Сонда өз әйелі де өзіне харам болғаны ма? Харам әйелден туған өзінің қаны балалары кім сонда? Мен өзімнің әйелдік құқымды және балаларымның құқықтарын қорғағым келді. Ар-намысымды таптатқым келмеді. Күйеуім осы үйдің ыстық-суығына көнген жылдарымды бағаламағаны ма? Мен шыдармын,көнермін бәріне. Көздері жәудіреген балаларын неге ойламайды? Отбасы жауапкершілігі қайда? Әкелік парызын неге орындамайды? Бұл сұрақтардың жауабын да таптым көп кешікпей.
Сөйтсем, Алмасбай өз жамағатындағы басшыларды, қатар жүрген «ахиларды» ғана тыңдап, айтқанымен жүреді екен. Жалпы исламның теріс бағытын ұстанған адамның бәрі робот сияқты. Басшысы қай тетікті басады, санасы уланған сорлы соны бұлжытпай орындайды екен. Алмасбай досқа адал, өзіне жақсылық жасаған адамға жақсылықты екі есе қылып қайтарғысы келетін ақкөңіл,сенгіш жігіт. Бірақ кітап оқымайды, ізденбейді, діни сауатсыз. Адасуына басты себеп- иінің жұмсақ болғаны әрі осы сауатсыздығы еді.
Қызымның тағдырына алаңдаймын…
Менің білгенім, олар есімдерін өзгертіп, жасырын ұстап, телефон нөмірлерін жиі ауыстырып, ғаламтор арқылы бір-бірімен хабарласып отырады. Діни сауатсыз адамдарды оңаша үйге жинап, немесе әлеуметтік желілер арқылы уағыздап, әр түрлі бейне -роликтер көрсетіп, өздеріне тартады, соңында Сирияға баруға үгіттейді. Діни сауатсыздықтың үстіне мешітте имамды тыңдамау, Сирияда, әлемде не боп жатқанын газеттен оқып, теледидардан қарамау оларды одан сайын батпаққа батыра береді. Алмасбай да осы соқыр сенімнің құрбаны болды. 2014 жылы сәуір айында Сирияға жасырын қашып бара батқан жерінде Қырғызстан елінде ұсталды. Қасында некелі жары- менің рұқсатымсыз үйленген әйелінің өгей әкесі болған.
Мен-Анамын, өмір сыйлаушымын. Іштен шыққан перзентімді қорғап, басқаруға толық құқығым бар. Сол балаларымның әкесі, отбасының қорғаны, жан жарымды, жат ағымнан арашалап қалу үшін аз арпалысқан жоқпын. Алланың алдында да, азаматым мен ағайынның алдында да арым таза деп ойлаймын. Сүйіп қосылған жан жарым жанымды жаралады, сүттей ұйып отырған шаңырағымызды шайқалтты. Балалардың жүрегіне өшпестей көлеңке түсірді. Болашағымыз қалай болады? Күні бүгін мені әйел, ана ретінде сан сұрақтар мазалайды. Үлкен қызымның тағдырына қатты алаңдаймын… Алла маған қуат бергей! Мен сияқты сергелдеңде жүрген аналарға айтарым, жарты жолда шаршап, бүгілмеңдер! Бірігіп күресейік, бұл індетпен! Балаларымыз үшін күресейік!
Ұлдай Сариева,
«Дүрбі» газетінің Бас редакторы