
Бүгін киелі Түркістан топырағында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтеді.
«Хабар» арнасының жаңалықтарынан мәлім болғандай. алқалы жиынның алғашқы күнінде шағын топтармен бірнеше секция отырысы өтті. Оның аясында қоғамды жаңғырту, мәдени-рухани даму, этносаралық бірлестікті нығайту, әдебиет пен отандық киноны дамыту және білім-ғылым саласындағы тақырыптар қозғалды.
Тұтас түркінің төрі саналатын Түркістандағы Ұлы жиынға ұлтқа қызмет етіп жүрген барлық саланың майталмандары мен зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары жиналды. Кеше Құрылтайдың 3 жұмыс секциясы өтті. Онда қоғамды жаңғырту, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, шешу жолдары ұсынылды.
Бірінші сессияда Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңнамалық реттеу, ұлттық идеология, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі мәселелерін талқылады. Қоғам тарапынан келіп түскен бірқатар мәселелер де құрылтайда қаралды. Ол үшін былтыр Egov платформасында арнайы өтініш қабылдау тетігі іске қосылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, оған 11 бағыттағы 424 ұсыныс келіп түскен. Сондай-ақ ұлттық құрылтайдың жұмысын насихаттайтын арнайы бағдарламалар ашылған.
Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Осы жылдың басынан бері айына бір рет «Хабар» телеарансынада Ұлттық құрылтай атты бағдарлама көрсетіліп келеді. Оған әр кезеңде әртүрлі өңір қосылады. Бағдарламада сарапшылар елімізді дамытатын ұсыныстарды талқылайды. Оның түсірлімі қазірге дейін жарыққа шықты. Әр бағдарлама арнайы тақырыпқа түсіріледі және оған құрылтай мүшелері кезекпен шақырылады», — деді.
Секция аясында қоғамдық даму, этносаралық бірлестікті нығайту, қазіргі заманғы әдебиет пен отандық киноны дамыту тақырыптары қозғалды. Алқалы жиынға қатысып жатқан азаматтар мұражай, мәдени орталықтар мен кітапханалардың жағдайын жақсарту қажет деген ойын ортаға салды. Сонымен қатар мемлекеттік тілге қатысты да пікірлер айтылды.
Ұлттық құрылтайдың мүшесі Шерзод Пулатов былай деді: «Осы бірлігімізді сақтау үшін біз мемлекеттік тілдің төңірегінде ұйысуымыз керек. Мемлекеттік тілді дамытуымыз керек және оған ерекше мәрте беруіміз керек. Оны мен әрқашан қозғап келемін. Бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізге қол созатын болсақ, соз кезде біз бірлігімізді сақтай аламыз.
Жұмыс секциялары барысында көтерілген бастамалар іске асуы үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді. Сарапшылар айтқанымыз сөз күйінде қалмайды деп отыр. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі аккаунттары іске қосылды. Осылайша Ұлттық құрылтай азаматтардың шағымдарын жинайтын ашық диалог алаңына айналып келеді. Негізгі жиын бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді.
JQ-Aqparat