Маңғыстау: Көлік-логистиканың маңызды торабы

29 мамыр 2023, 14:33

Өткен айда Ақтау айлағынан теңіздің арғы бетіндегі Бакуге жөнелтілген мұнай мөлшері 100 мың тоннаға жуықтады. «Қара алтын» эскпорты «ҚазМұнайГаз» бен Әзірбайжанның SOCAR компаниясы арасында жасалған мәміле шеңберінде жүзеге асты. Келісімге сәйкес, осы порттан жыл сайын 1,5 млн тонна мұнай Ақтау-Баку –Жейһан бағытымен әлемдік базарларға жеткізіледі. Осылайша, географиялық һәм стратегиялық тұрғыдан оңтайлы мекенде орналасқан Маңыстаудың көлік-логистикалық әлеуеті одан сайын артып, порттағы қызмет аясы кеңейе түсті.

Каспий теңізінің жағасындағы Ақтау теңіз сауда порты және Құрық айлағы қазір жылына 21 млн тонна жүкті өткізе алады. Мемлекет басшысы өңір жұртшылығымен кездесуде екі айлақ арқылы транзиттік тасымалдың әлеуеті бұдан мол екенін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ғаламдық нарықтағы ахуалға байланысты Транскаспий бағыты айрықша мәнге ие. Ел Үкіметі де осыған орай порт инфрақұрылымына инвестиция тарта отырып, көлік-логистика торабын құруды жоспарлап отыр. Былтыр «Баутино» жүк айлағы бар Ақтау теңіз сауда портын және «Құрық» портын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы құрамына қосу жөніндегі шешім мақұлданды. Қабылданған шара Маңғыстауда 2025 жылға қарай контейнерлік хаб құру туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асты. Айта кету керек, Ақтау контейнерлік хабын құру «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілген.

Қос айлақтың Арнайы экономикалық аумақта жұмыс істеуі әлемдегі танымал логистикалық компанияларды тартуға тың серпін береді. Мемлекет басшысының биылғы қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары кезінде аса маңызды құжатқа қол қойылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Abu Dhabi Ports компаниясы арасында жасалған меморандум теңіз порттарындағы инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Уағдаластық шеңберінде Әмірліктерге контейнер хабын құру, Құрық портында қызмет аясы ауқымды «Саржа» теңіз терминалы, сондай-ақ кеме жасау және кеме жөндеу зауытын салуға қатысты жобалар ұсынылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жақында Abu Dhabi Ports басшысы Мұхаммед Әл Шәмсимен видеобайланыс арқылы келіссөз жүргізілгенін, компанияның Құрық портын дамытуға ықылас танытқанын хабарлады. Бұған қоса, Әмірліктердің біздің «Қазмортрансфлот» ұлттық теңіз жолы компаниясына екі танкер беру мәселесі қарастырылып жатыр. Келіссөз жемісті болса, теңіз тасымалы бойынша бірлескен кәсіпорын құрылады.

Жалпы қолға алынған ауқымды жобалар астық және әмбебап терминалдарды, жүк терминалын, сондай-ақ көлік-логистикалық орталығын салуды көздейді. Мамандарға жүгінсек, бұл еліміздегі порттардың өткізу қабілетін 9,4 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Ақтау айлағын кеңейту және Құрық портында паром кешенін салуды қамтитын бірқатар жобалар ойдағыдай іске асырылды. Соның нәтижесінде Каспий жағалауындағы порттардың бәріне жүкті дер кезінде жеткізуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ транзиттік айлақтар Солтүстік — Оңтүстік дәлізі мен Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалы көлемін еселей түсуде.

Ал паром қатынасы Әзірбайжанмен барыс-келісті жандандыра түсті.

Маңғыстаудың қуатты өңір болуына сүбелі үлес қосқан «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аумағы 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдары тартылған инвестицияның жалпы көлемі 266,1 млрд теңгеге жетті. Мұның 168,7 млрд теңгесі шетелдік қаржыны құрайды. 1780 жұмыс орны ашылды. Демографиялық өсімі қарқын алып жатқан өңірде жаңа кәсіпорындар көбейсе, жергілікті тұрғындарды көптеп тартуға болады. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартады.
Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстікті бір-біріне жалғайтын алып күретамырдың маңызды бөлігіне айналған Ақтау және Құрық порттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің қуатты драйвері болатыны анық.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды