
Түркістан облысында жұртты жоқ «жұмысқа кіргіземіз» деп жаппай ақша алған үш әйел енді қашып жүр. Олар Мақтарал ауданына қарасты Атакент ауылында мүгедек балаларға арналған сауықтыру-оңалту орталығын ашып, сол жердің тұрғындарын жұмысқа алуға қыруар қаржы алған. Артынша аудан орталығы – Мырзакенттен тағы бір филиалын ашамыз деп, жоқ ұйымға қызметкерлер іздейді. Күзетші, аспаз бен тәрбиеші, шопыр мен бала күтуші боп жұмысқа кіргендерден 350 мың мен 800 мың теңге арасында ақша алыпты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Былтыр Атакент ауылында «Үміт бер» мүгедек балаларды сауықтыру және оңалту орталығы ашылған. Жұмыс сұрап келген жұртқа орталық басшысы Рәбиға Бимұханбетова өзі басқарып отырған орталықтың мемлекеттік мекеме екенін айтып, оның филиалын аудан орталығынан ашамыз депті. Ал жұмыс туралы өзінің орынбасары әрі сенімді адамы Раушан Хайдаровамен сөйлесу керектігін айтқан. Раушан: «Жұмысқа алуға ақша керек» деп, жұмыс орнын саудалайды.
Мұхтар Оспанов, жәбірленуші:
— «Қалай кіреміз?» — деген едік, «тәрбиешіге 600 мың теңге бересің, келіншегіңді жұмысқа кіргіземіз» — деді. Біз жан-жақтан сұрастырдық, бәрі расында мына ғимаратта ашылған, Мырзакенттен ашылады деді.Соған сеніп, 600 мыңды үйіне апарып бердік.
«Басшы мен қосшы» жұмыс сұрап келгендерге «жоқ» демепті. Күзетшінің орны – 350 мың, бала күтуші болу үшін 400 мың, аспаз 450 мың, шопыр 600 мың, қара жұмысшы болуға жарты миллион, ұйымдастырушы орнына 700 мың теңгеден алып, ұзын саны 60-тан астам адамды ауызша жұмысқа қабылдап тастайды. Алданғанын енді түсініп жүргендер жұмыс орнының «арзандығына қызығып едік» дейді.
Әлібек Жүсіпов, жәбірленуші:
— Мен күзетші болуға 350 мыңды өзім бердім, тамыз айында бұл ашылды. Ашылғаннан кейін келіншегім де жұмысқа кірмекші болды. Сөйтіп келіншегім қыркүйекте кірді, оған 600 мың бердім.
— Ақша беріп жұмысқа кіру де негізі пара ғой, сіздер пара бердім деп санамадыңыздар ма?
— Жоқ, талап етті ғой. Содан бердік. Енді жұмыс істеу үшін бердік, бала-шағамызды бағу үшін бердік.
Былтыр жаздан бастап ақша жинап алған әйелдер Мырзакенттегі ғимаратты жалға алып, «жуырда жұмыс басталады» деп сендіреді. Сөйтіп аңқау жұртқа аудан көлеміндегі мүгедек бала іздеттіреді. Қалғанына ғимаратты дайындатқан.
Айсұлу Құрақбайқызы, жәбірленуші:
— Жұмыс істеп осы жерде екі ай жүрдік. Ішіне толық жөндеу жасадық. Көрпе-жастық, төсек, матрас, жамылғы және т.б. тігіп, 60-70 адам істедік. Екі ай – қаңтардан наурызға дейін. Жұмысшыларға сендіріп жүрді.
Жұрт шағым айтып жиналып жатқанын естіген «ақша жиғыш» Раушан Хайдарова жұртты басу үшін өзі келген екен. Тілшілерді көре сала, тұра қашты. Ал өзі мемлекеттік мекеме деп атап алған орталықтың басшысы Рабиға Бимұханбетова жұртқа ұстатпайтын да болған. «Телефон нөмірін жиі ауыстыратын оған жолығу мүмкін емес» — дейді. Жұрт екеуін қатар ұстаған бір сәтін өздері видеоға түсірген. Былтырғы достар енді ақшаны «сен қайтар да, мен қайтар» боп жанжалдасып жатыр.
— Сізбен бірге қамалып кетсем де, өндіртем осыны.
— Мен қамалмаймын, себебі, мен жеген жоқпын. Үйіме келіп жүріп сен…
— Өтірік, қан қысымым бар, қантым бар деді. Оны жақсы білеміз.
— Білгеніңді істе.
Ал полицейлер бұларға қатысты шағым ақпаннан бастап әлі түсіп жатқанын, бірнеше рет алаяқтық жасау бабымен іс қозғалғанын айтады. Және алаяқтар саны екеу емес, үшеу дейді. Күдіктілер мемлекеттік мекеме деп көрсеткен орталықтың қайда тіркелгенін де анықтау мүмкін болмапты.
Нұрсұлтан Әшімов, Мақтарал аудандық ПБ бастығының орынбасары:
— Үш әйел, олардың әрқайсының рөлі әр түрлі. Біреуі ұйымдастырушы, екеуі орындаушы боп тұр. Яғни ұйымдастырушыға орындаушылар адам тауып беріп, өзі арқылы ақшаларын алып беріп отырған. Мысалы, 500 мың алса, соның 30 мыңын, ары кетсе 40 мыңын 0 орындаушыға, қалғанын – ұйымдастырушыға.
Карантин басталғанға дейін жарты жылға жуық жұмыс істеген «Үміт бер» орталығы жұмысшыларының да ақша беріп кіргені белгілі болды. Алайда сол істеген уақыттың айлығы да жұмысшыларға берілмепті. Ол аздай, әйелдер екі ғимараттың жалға алынған құнын да төлемей қашып жүр екен.