jasqazaq.kz

Мақта – оңтүстік өңірдің дамуында маңызды фактор

14 қараша 2023, 16:16


Түркістан өңірі қашан да ауыл шаруашылығы саласынан қол үзген емес. Соның ішінде өңір диқандары үшін ақ алтын – мақта шаруашылығының орны ерекше. Тиісінше, қазіргі уақытта бұл саланы өркендетіп, мақта өнімінің көлемін ұлғайту және шикізатты өңдеу бағытында көптеген жұмыс атқарылып келеді. Тіпті шетелдік инвесторлар да бұл саланы дамытуға қызығушылық танытып, жаңа зауыттар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Өз кезегінде, мұндай жұмыстар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының басым бағыттарының бірі болып саналады.

Естеріңізде болса, егіншілік қайнап тұрған тұста Қытай инвесторлары Түркістан өңірінде мақта шаруашылығын дамытуға ниетті екендіктерін білдіріп, мақта өсіру үшін аспан асты елінің ауыл шаруашылығы технологиялары енгізілетіні айтылған. Аспан асты елінің автоматтандырылған заманауи технологиясы мақтаны егіп, тіпті теруіне дейін өзі атқарады екен. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдымен кездескен «Peng Sheng Group» компаниясының өкілдері Өзбекстанда бірнеше ірі жобаны сәтті жүзеге асырып жатқан көрінеді. Бірегей жобаны облыстың оңтүстігіндегі Мақтаарал, Жетісай, Шардара сынды аудандарда іске асыруды жоспарлаған инвесторлар осылайша мақта сапасы мен көлемін арттыруға болады деп үміттенеді. Ол үшін алдымен егіс алқабына тамшылатып суару жүйесі құрылғылары орнатылуы қажет. Жалпы қос тарап талқылаған жоба құны 46 млн долларды құрайды.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды облыс делегациясымен Қытайда болып, ірі өндіріс алпауыттарының жұмысымен танысқанын айтып өтті. Өз көзімен көріп, тәжірибе алмасқаннан кейін ұсынылған жобаларды қолдауға ждайын екенін жеткізді.

Еске түсірсек, жаз айында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өңірде мақтаның сорты өсіріліп жатқанын хабарлаған еді. Дәлірек айтсақ, «Ақ алтынның отаны» атанған Мақтааралда диқандар биыл мақта дақылынан алынатын өнімділікті және оның сапасын арттыру мақсатында өзбекстандық «Globаl Textile» компаниясымен келіссөз жүргізіп, алғаш рет 36,3 мың гектар алқапқа жаңа «Намаган-77» тұқымдық шитін еккен. Оған қоса, аталмыш компания Мақтааралдан мақта қабылдау орындарын ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдауды жоспарлады. Онымен қоймай, ауданда мақтаны терең өңдеу фабрикалары салынады деп көзделіп отыр. Осы ретте, облыс әкімі де Мақтааралға табан тіреп, мақта саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін айтқан болатын.

Өңір басшысының айтуынша, Түркістан облысының өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу бағытына күш салу керек. Ал бұл тұрғыда мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Сондықтан облыс басшылары осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайын отыр. Ескеретін бір жәйт, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы бүгінде мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен тың зерттеуді талап етеді. Тиісінше, облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалатын болады. Бұл бағыттағы жоспар да ауқымды.
Бүгінде Мақтаарал ауданында шамамен 50 жергілікті азаматты жұмыспен қамтитын мақта талшығын өңдейтін зауыттың құрылысы басталып кеткен. Облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесуінде өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор екендігін жеткізген-тұғын.

Дархан Сатыбалдының сөзіне сүйенсек, жергілікті әкімдердің алдына жаңа кәсіпорындарды ашу және жаңа жұмыс орындарын құру міндеті қойылған. Осы орайда биыл мамыр айында өңір басшысы бастаған облыстық делегация Қытай Халық Республикасына барып, сол кезде бірнеше қалалардағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен танысқан. Мұндағы басты мақсат – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Сәйкесінше, қазіргі кезеңде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіп, мата мен кілем өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құруға мүмкіндік мол болып отыр. Ал бұл бағыттарды дамыту үшін облыстың оңтүстігіндегі аудандарының әлеуеті жоғары болып саналады. Осыны ескерген өңір басшысы шілде айында Мақтаарал ауданының әкімін, оңтүстіктегі аудандардың басшылары мен жергілікті кәсіпкерлерді Қытайға іссапарға жіберген. Соның нәтижесінде Мақтаарал ауданынан шыққан жеке кәсіпкер қытай кәсіпкерлерімен 2,5 млн долларды құрайтын келісімшартқа қол қойып, жылдық қуаты 60 мың тоннаны құрайтын мақта талшығын өңдейтін зауыттың құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Алдағы уақытта бұл жерде 50 жаңа жұмыс орны ашылып, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын таба бермек.

Сондай-ақ жаздың соңында өңір басшысы инвесторлармен жүздесіп, Жетісайда өзбекстандық «TST GROUP» компаниясымен бірге мақта-тоқыма кластерін құру жайын талқылаған. Жалпы құны 41,5 млн долларды құрайтын бұл зауытта мақта өсіруден бастап, оның жанама өнiмдерi терең өңделіп, дайын бұйым жасалып, экспортқа шығару жолдары да қарастырылуы тиіс. Сәйкесінше, жобаны іске асыру үшін Асықата кентінде 5 гектар жер учаскесі белгіленген болатын. Бұл инвестициялық жоба «Индустрияландыру картасына» енгізіледі және өңір басшысы атап өткендей, Мемлекеттік қаржы институттары тарапынан қаржылық қолдау, инфрақұрылым жүргізу қажет.

Айта кетсек, бұл өндіріс орнында жылына 7500 тонна тоқыма жібі, 5000 тонна мата мен 800 мың дана тоқыма бұйымдары шығарылады екен.
Қыркүйек айында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелермен айналысатын мобильді топ іске кіріскен болатын. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған топ мүшелері алдымен Жетісай және Мақтаарал аудандарына барып, мақта мәселесі бойынша аудандағы зауыттардың жиын-терімге дайындығымен және мақта класстерін дамыту бойынша жергілікті әкімдіктердің атқарған жұмыстарымен танысты.
Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылдық округіндегі мақта өңдеумен айналысатын «Рамазан Агро» және «Нұр Агро 73» кәсіпорындарына барып, жұмыс барысын көрді. «Рамазан Агро» ЖШС мақтаның «Карло», «Эдесса», «АВ 440», «АВ 010», «Лазер» және «Линза» сияқты түркиялық 6 түрлі сортын егеді. Зауыт басшылары биыл 723 гектар алқаптан 2700 тонна өнім жинауды жоспарлаған. Ал «Нұр Агро 73» ЖШС жылына 30000 тонна мақта өңдеп, дайын өнімді Чехия және Канада мемлекеттеріне экспорттауды жоспарлап отырғанын жеткізген.

Осы кезде Мақтаарал ауданындағы «Қазақ ССР-нің 40 жылдығы» ауылында жаңадан мақта талшығын өңдейтін зауыт салынып жатқан болатын. Жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын мақта өңдейтін зауыттың құрылысын жергілікті кәсіпкер Қабыл Боев бастаған екен. Тиісінше, «Cotton-Мақта» ЖШС өндіріс орны биыл іске қосылып, жылына 60 мың, ал тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдеп, 50 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі өткенде Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданындағы мақта алқаптары мен мақта зауыттарына да арнайы барып, мақта өсірушілермен бірге мәселелерді талқылаған еді. Сол кезде шаруалар мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру, мақта өсіріп, оны терең өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға нақты қадамдар жасау мәселелерін көтерген еді. Оған қоса, кездесу барысында былтыр өңірде 362 мың тонна мақта жиналса, биыл 300 мың тоннаға жуық мақта жиналады деп жоспарланғаны айтылды. Кездесуде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігі де айтылған.

Сондай-ақ жуырда облыс әкімдігі мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы Мақтаарал ауданында тоқыма комбинатын және логистикалық орталық ашатынын мәлім етті. Шетелдік компания 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қоспақ. Атап өтсек, бұл компания 2023-2030 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын дайындаған. Құны 50 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылмақ.

Осы ретте облыс аумағында мақта саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мақтааралдық диқан Тойшыбек Биматовтың пікірін тыңдап көрдік. Мақтаарал ауданындағы «Арсен» шаруа қожалығының төрағасы 20 жылдан астам уақыттан бері мақта саласында жұмыс істеп келе жатыр екен. Оның айтуынша, аудан әкімі мен кәсіпкерлердің биылғы Қытай мен Өзбекстанға жасаған іссапары оң нәтиже көрсетіп жатқан көрінеді.

«Осыған дейін бірнеше жыл бойы шаруалар егістікке жұмсаған шығынын ақтай алмай келді. Себебі ауданымызда 2-3 қана зауыт болатын. Бәсекелестік көрмейтін олар өздеріне керек мақтаны жинап алғасын, басқалар өнімін қайда өткізетінін білмей, құрт-құмырсқаға жем қылатын. Ал басқа өнімге көшейін десек, ауданның жері оған сай келмейді. Сондықтан біз «зауыт, фабрикалар мен текстиль көбейсе екен» деп үміттенетінбіз. Бүгінде сол үмітіміз ақталып, өңірімізге инвесторлар көптеп тартылып жатыр. Енді сол келісімдер іске асырылса, бәсекелестік артып, мақтаға деген сұраныс та көтеріледі деп сенеміз. Аудан әкімі мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы жүйелі жұмыс істеп, егінге қажетті жанармай мен тыңайтқышты уақытылы алып келдік. Алдағы уақытта бұл саладағы жұмыстар бір ізге түсіп, мақта кластері дамиды деп ойлаймын», — дейді Тойшыбек Қалмағанбетұлы.

Түркістан облысы еліміздегі мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан, күнгей өлкеде мақта кластерін дамытуға күш салынып жатыр. Осыған орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта-тоқыма кластерін дамыту жобасы да әзірленген. Бұл жоба толығымен іске асырылса, өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылмақ. Нәтижесінде 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын бюджетке 26,2 млрд теңгеден астам қаржы түседі. Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінуінің осындай әлеуметтік және экономикалық мәні бар.

Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан облысы

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде