
«Астананың іргесіндегі Қорғалжын ауданына барып, халықпен кездестік. Ауылға 9 миллион теңге бөлінген екен. Бір қызығы, қараша халық ауылға бөлінген қаржыдан бейхабар. Ал ауыл әкімі болса «9 миллион теңгеге қоқыс шығардық» деп қарап отыр». Мәжіліс депутаты Майра Айсина бізге осындай жаңалықты жеткізді. Депутат әкімдерге не үшін сенім артпайтынын осылай түсіндірді.
Жас қазақ: Өткенде жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты «ауылдарға қаржы берсек, жемқорлыққа жол беріп алуымыз мүмкін» деп айттыңыз. Әкімдерге сенімсіздік танытуыңызға не себеп?
Майра Айсина: Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң қабылдап, өзіне қажетті дүниені халықтың өзі таңдап шешуі керемет бастама. Бұл бұрыннан бері айтылып, жазылып, жауыр болып келе жатқан күрделі мәселе. Оның үстіне концепция бойынша бұл жұмыс 2013 жылы басталып кеткенін көзі қарақты оқырман білсе керек. Нақтырақ айтсам, 2013 жылы шенеуніктер мен халықты үйрету мақсатында ауылға аз мөлшерде қаржы бердік. Мәселен, ауылға тұрғындардың санына орай 5 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін қаржы бөліне бастады. Осыдан кейін «ақшаны қайда жіберіп жатырсыздар?» – деп әкімдерден сұрасақ, мардымды жауап ала алмадық. Өкінішке қарай, әкімдер халықты жинап «Ауылға ең алдымен не керек» – деп ақылдаспайды екен. Әрине, барлығын бірдей кінәлауға болмайды.
Айталық, Бурабай ауданында бір ауылға 7 миллион теңге бөлініп, көшеге жарық орнатылыпты. Біз «көшеге жарық бермес бұрын жөндеу көрмеген жолға неге асфальт салмадыңыздар» деп әкімге сұрақты төтесінен қойдық. Біздің бұл сауалымызға әкім «Халық әуелі жол емес көшеге жарық тарту керек. Сондықтан да ауыл тұрғындарымен ақылдаса келе, осындай шешім шығардық», – деп жауап берді.
Шынында да, халық кешке сабақтан қайтып келе жатқан балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Еркін пікір алмасудың арқасында ауылға ең бірінші қажетті жол емес, жарық екенін білдік.
Алайда барлық әкім халықпен ақылдасып, олардың талап тілегіне құлақ асып жатыр деп айта алмаймыз. Айталық, Астаның іргесіндегі Қорғалжын ауданына барып, халықпен кездестік. Ауылға 9 миллион теңге бөлінген екен. Бір қызығы, қараша халық ауылға бөлінген қаржыдан байхабар болып шықты. Ал ауыл әкімі болса, «9 миллион теңгеге қоқыс шығардық» деп қарап отыр. Ауыл әкіміне «қоқысты шығаруға 9 миллион теңге жұмсағанша, оны басқа мақсатқа жұмсадыңыздар ма? Тазалықты халықпен ұйымдасып, сенбілік жасау арқылы жүргізуге болатын еді ғой» дедік. Халықпен тікелей сөйлесіп көрсек, әкім ауыл тұрғындарымен ақылдаспай, өз бетінше әрекет етіпті. Осындай жағдайдан кейін кейбір әкімдерге сенім білдіру өте қиын болып отыр.
Жас қазақ: Биыл жазда халықпен кездескенде жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты тағы басқа қандай мәселені көзбен көрдіңіз?
Майра Айсина: Ауылға қаржы беріле бастағанына 4 жыл болып қалды. Өкінішке қарай, қараша халық бұдан бейхабар болып отыр. Мәселен, шілде айында ауыл-аймақты аралағанда «Сіздерге қаржы бөлініп жатыр. бұдан сіздер хабардарсыздар ма?» деп халықтан әдейі сұрадым. Сондай-ақ тұрғындармен кездесуде «Қоғамдық кеңес құрылған болатын, әкімдер сіздермен ақылдасып тұра ма?» деп сұрақ қоямын. Бір таңғаларлығы, олардың жауаптары көңіл көншітпейді. Себебі біздің қабылдаған көптеген заңдарымыз халықтың құлағына жетпейді. Әрине, бұл арада 50 пайыз кінә халықта болса, қалған қателік үкімет тарапынан кетіп жатыр. Өйткені халық шыққан заңды оқып, өзіне пайдалы заңды кәдесіне жарата алмай отыр. Ал үкімет заң шыққаннан кейін халықпен кездесіп, олардың қандай мүмкіндігі бар екенін ашып айтпайды.
Жас қазақ: Ауылға бөлінген қаржыны әкімдер жеп қояды деп алаңдамай, бәлкім, оның тиімді жұмсалу тетігін қарастыру керек шығар…
Майра Айсина: Біз ауыл бюджетіне бөлінген қаржыны әкімдер жеп қояды деп қорқып отырған жоқпыз. Егер біз әкімдерден қорқып, сенімсіздік танытатын болсақ, мүлде қаржы бермейтін едік. Міне, 4 жылдан бері ауылдарға белгілі бір деңгейде қаржы беріліп жатыр. Ал 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылға өздерінің бюджетін жасап беруді көздеп отырмыз. Бірақ әр нәрсенің екі жағы болады. Халық өзінің құқығын қорғай білуі керек. Мәселен, әкім ақша бөлінгенін айтпаса, халық өзі барып, оның есіне салып тұруы керек. Ұзын сөздің қысқасы, жергілікті өзін-өзі басқаруда қарапайым халықтың белсенділігі маңызды екенін ескерген жөн.
Жас қазақ: Жергілікті өзін-өзі басқару заң жобасы керемет бастама. Алайда қаралып жатқан заң жобасында кемшіліктер немесе артықшылықтар байқадыңыз ба?
Майра Айсина: Біз кейбір заңды жылы кабинетте отырып, жоғарыдан жазамыз ғой. Ал дәл осы заң халықтың өзінің талап-тілегінің арқасында қабылданайын деп отыр. Менің ойымша, заң жобасында айта қаларлықтай кемшілік жоқ. Алайда алдағы уақытта насихатталу жағына көп көңіл бөлу керек.
Қараша халық хабарсыз
Жас қазақ: Мәжілісте 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттік заң жобалары таныстырылып жатыр. Үкімет бюджет мәселесін шешуде тағы да Ұлттық қорға иек артып отыр екен. Ал қоғамда «Ұлттық қордағы ақшаны оңды-солды шаша беруге болмайды» деген пікір айтылып қалады. Бұған сіз не айтасыз?
Майра Айсина: Ұлттық қордан қыруар қаржы алып жұмсап жатқан жоқпыз. Бүгінгі жағдайға сәйкес шамалы қаржыны алып жатырмыз. Егер бұрынғыдай көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ болып жатса, алдағы уақытта Ұлттық қорды қайта жинай береміз. Бірақ қазіргі дағдарыс кезеңінде халықтың тұрмыс деңгейі нашарламасын деп осындай қадам жасалып жатыр. Қандай қиын жағдай болса да халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпей ұстап тұру керек. Әуелде Ұлттық қор осындай қиын-қыстау заманда керек болады деп құрылған болатын. Оның үстіне Ұлттық қордағы ақшаны жұмсаудың өзінің белгілі бір шарты бар. Әзірге біз осы шартты орындап отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Биыл және келер жылға дейін шыдайық. Шамамен 2019-2020 жылдан бастап жағдайымыз жақсарады» деп мәлімдеді. Біз Елбасының сөзіне сенім артамыз.
Жас қазақ: Осы сессиядан бастап Мәжілістегі заң жобаларын талқылауға саяси партиялардан бастап, белсенді азаматтарға дейін қатыса бастады. Заң жобасын қабылдаған кезде олардың ұсыныс тілегін қаншалықты ескересіздер?
Майра Айсина: Шынын айту керек, Парламентке азаматтық белсенділер мен саяси партияларды тарту Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы болатын. Біз Елбасының ұсынысын қолдап, саяси партиялар мен азаматтық белсенділерді жақсы қабылдап жатырмыз. Бірақ Мәжілістің бұған дейін де есігі әрбір азаматқа ашық болғанын естен шығармаған жөн. Өкінішке қарай, бұдан қараша халық хабарсыз болатын. Оның үстіне азаматтық белсенділер де ықылас танытып, өздері де Мәжіліс отырысына қатысуы керек еді. Өйткені біз «Жоқ, Мәжіліс жиынына қатыспайсыз» деп ешкімге айтқанымыз жоқ.
Алайда бұл жолы әрбір азаматқа бірнеше рет телефон шалып, заң жобасының талқыланатыны туралы хабар беріп жатырмыз. Кейбір азаматтар жиналысқа келеміз дегенімен жеме-жемге келгенде қатыспай жатыр. Мәжілістің жұмысы әуелден ашық.
Сұхбаттасқан Серік Құдайбергенұлы