
«Елбасы жолы». Мәскеуде Қазақстан Президентінің өмірі жайлы кинотуындының «Жұлдыздар тоғысқанда» атты 4-бөлімінің тұсауы кесілді, деп хабарлады www.24.kz.
Фильмде Елбасының көреген саясаткерге айналу жолы мен 80-90 жылдардағы ел дамуы көрсетілген. Сценарий Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары мен оның әріптестерінің және туыстарының естеліктері бойынша жазылған. Қазақстандық киноны көруге келген сыншылар жаңа туынды жайлы жағымды пікірлер айтты.
Қазақстандық киноның тұсауы кесілмес бұрын Мәскеу кино үйінде Қазақстанның Мәдениет және спорт министрілігі мен Ресейдің кинематографистер одағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі елдің мәдениет қайраткерлері бір ортақ мақсатқа қол жеткізбек. Ресейліктер Еуразия аймағында «Оскар» киносыйлығының баламасын тағайындауды ұсынса, қазақстандық тарап отандық киноиндустрияны халықаралық деңгейге шығармақ.
«Біздің мақсатымыз — қазақ киносын жоғары халықаралық деңгейге шығару. Осы меморандумның арқасында Ялта фестивалі, Москва кинофестивалінің арқасында біз міндетті түрде қатысуымыз керек. Бізде жақсы шығарылған киноларымыз бар», — деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Бүгінгі таңда біз ресми түрде Еуразия аймағындағы елдермен бірқатар жобаларды жүзеге асырмақпыз. Болашақта Еуразиялық академия «Оскар» сыйлығының баламасын ұйымдастыруды көздеп отыр», — деген пікірін айтты Ресей кинематографистер одағының төрағасы Никита Михалков.
Баспасөз мәслихатында Президент рөлін сомдау оңай еместігі айтылды. Әсіресе артылатын жауапкершілік зор. Сонымен қатар бұл тек бір тұлғаның басынан өтіп жатқан оқиғалар ғана емес, бүтіндей бір елдің тарихы және тағдыры.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильмде барлық елдің тыныс-тіршілігі мен тағдырдың әртүрлі соқпақтарынан қалай өткендігі керемет көрсетілген. Әсіресе бүкіл елдің XXI ғасырға қадамы деп айтар едім. Назарбаев десе қазір көпшіліктің көз алдына ядролық қарудан бас тартып, бейбіт әлем қалыптастыруға атсалысып жүрген тұлға келеді», — Ресей мемлекеттік думасының депутаты: Максим Шингаркин.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы мен 1991 жылы қол жеткізген тәуелсіздік Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылары анық. Бұған қоса, елдің әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартқандығы тағы бар. Аталған бастамалар фильмде керемет көрініс тапқан. Яғни Президентті елдің тағырымен қатар әлемнің тыныштығына алаңдағаны да жақсы көрініс табады.
«Назарбаев мұндай құрметке әбден лайық деп ойлаймын. Оның өз еліне де, бүкіл әлемге де қосқан үлесі мол», — дейді РФ халық артисі, режиссер: Владимир Хотиненко.
Фильм авторлары жақында оның 4-бөлімі жарыққа шығатынын айтады.
ҚазАқпарат