
Қазақстандық боксшы Қайрат Ерәлиевтің Рио Олимпиадасындағы жекпе-жегі көрермендердің есінде мәңгі сақталады, – деп жазады Vesti.kz. Қазақ боксшысы өзіне қарата жасалған соққылардан аңызға айналған Мұхаммед Әлидің мәнерінде жалтарып, шеберлігін көрсетті.
56 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің бірінші айналымында Ерәлиев 2013 жылғы әлем чемпионы әзірбайжандық Джавид Челебиевпен кездескен еді. Қазақстандық боксшы 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің 1/8 финалына шыққан еді.
Алайда көрермендерге осы жекпе-жектің соңы қатты ұнап қалған. Қорытынды раундта Челебиев қазақстандықты бұрышқа тақап, соққы жасай бастаған, Ерәлиев осы сәтте қарсыласына бірде-бір соққы жасатпай, шебер жалтарғанына көрермендер таңғалып, шулай жөнелген.
Атақты боксшы Мұхаммед Әли 10 секундтың ішінде 23 соққыдан жалтарған екен. Қазақстандық боксшы Қайрат Ерәлиев осы секілді жоғары шеберлікті көрсетіп отыр.