
Мұғалжар ауданының Жем қаласында орналасқан КА-168/5 қатал режимдегі колониясында көпсалалы колледж ашылмақ. Кадрлар ағаш және жиһаз өндірісі шебері, электр газ дәнекерлеуші, тігінші және электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь-электрик мамандықтары бойынша кадрлар даярланады.
Қазіргі таңда оқу кабинеттері мен өндірістік шеберханалар жабдықталып, оқытушылар құрамы іріктелуде. Сабақ осы жылы басталады деп жоспарланып отыр. Алғашқы жылы колледжге 100 студент қабылданады. Оларға 15 педагог дәріс оқиды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Руслан Бегімбетовтың айтуына қарағанда, сотталғандарға кәсіби тұрғыда бағыт-бағдар беріледі. Іріктеу кезінде бұрын-соңды кәсіби білім алмағандарға басымдық беріледі.
— Колледж жанынан 4 өндірістік зертхана жұмыс жасамақ. Сонымен бірге түзету мекемесінің жетекшілігі кәсіпкерлерді колония аумағында өндіріс орындарын ашуға шақырады. Егер олар цехтар ашатын болса, колледж студенттері ол жерде тәжірибеден өтер еді, — дейді Руслан Бегімбетов.
Асқар Ақтілеу,
Ақтөбе