
22 наурыз күні Лондондағы Вестминстер көпірінде және парламент ғимаратының маңында екі террорлық акт орын алды. Бейресми дереккөздердің хабарлауынша, теракт салдарынан бес адам мерт болып, 40 шақты адам жарақат алған. Зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ.
Лондон қаласында тұрып жатқан Қазақстан азаматтары оқыс оқиғадан кейінгі қала тіршілігі туралы айтып берді. Анар Менситова есімді азаматтың айтуынша, британдық БАҚ өкілдері бұл оқиғаны «британ құндылығына жасалған шабуыл» деп бағалап отыр екен.
Қазіргі таңда Вестминстер аумағының қоршауға алынған бөліктері ашылған. Алайда полиция әлі де болса метроны бақылауда ұстап отыр. Адамдар қаза тапқан жерлерге гүл шоқтары қойылған.
Осы оқиғадан кейін Шотландияның тәуелсіздік алуына қатысты өтетін референдумның уақыты кейінге шегерілген.
Анар Менситованың айтуынша, жарылыстан соң қала тұрғындарының көзінен қорқыныш белгісі байқалмаған. Тіпті жұрттың дені бұл оқиғадан хабарсыз болып шығыпты.