jasqazaq.kz

Ләйлә Сұлтанқызы: «Елін, жерін сүйетін бала ешқашан ұсақталмайды!»

02 қантар 2017, 0:14

-Қайырлы күн, Ләйлә ханым! Алдымен ана, сосын барлық қазақ баласын тәрбиелеп отырған «Балапан» арнасының басшысы ретінде айтыңызшы, осы күні бала тәрбиесінің қай тұсы ақсап тұр?

-Әр ата-ананың бала тәрбиесінде өзінің белгілі бір заңдылықтары, қағидалары, шектеулері керісінше, еркіндік формалары бар. Ол әр отбасында жеке-дара қарастырылады. Сол себепті мен өз отбасымдағы жағдаймен қоғамдағы басқа бір отбасындағы жағдайды салыстырып, әр отбасында осындай болуы керек деп айта алмаймын. Барлық отбасында бірдей қабылданған, бәрімізге ортақ, өзгермейтін қағидалар бар. Бұл — үлкенді құрметтеу, ата-ананы сыйлау, өзгелерге мейірімді болу, адамгершілік құндылықтарды насихаттау, баланы өз отанын сүюге, дінін, салт-дәстүрін ұмытпауға, құрметтеуге үгіттейтін қағидалар. Біз осы негізгі принциптерден ауытқымасақ, бала тәрбиесінде кемшін тұстар болмайды деп ойлаймын.

-«Баланы бойға біткен кезден бастап тәрбиелеу керек» дейді, сіздің бала тәрбиесінде ерекше әдістемеңіз бар ма?

-Ерекше әдістеме дейсіз бе? Меніңше, ол балаға еркіндік бере отырып, шектеу қою. Яғни, бала өзінің құқықтарын білуі керек. Ненің жақсы, ненің жаман екенін өзі ажырата алатындай жағдайда болғаны жөн. Оның жеке ой-пікірімен, не қалайтындығымен санаса отырып , жасаған іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауды үйрету керек. «Балық берме, қармақ бер» дейміз ғой. Яғни, балаға үнемі қармақ беріп отырған дұрыс. Әсіресе, ер бала өзі шешім қабылдап, жауапкершілікті сезініп өсуі керек деген пікірдемін.

-Балалардың тәрбиесімен арнайы күтуші айналысуына қалай қарайсыз?

-Қарсылығым жоқ. Өйткені бұл бұрыннан келе жатқан ұғым. «Бала күтушісі», «әпкесі», «апайы» деп өзімізге ыңғайлы атаумен түрліше атап жатамыз. Оның атауы әр түрлі болғанымен негізгі бағыты, мақсаты – саған көмекші адам. Көз ілеспей дамып келе жатқан қазіргі заманда аналар да шығармашылықпен айналысып, білімге ұмтылып, барлық қоғамдық істерге белсене араласқысы келеді, жан-жақлытылықты қалайды. Осыны ескеретін болсақ, баланың қосымша күтушінің қолында болғаны немесе «сенімді» адамның жанында болғаны артықтық етпейді.

-Өзіңіз бала күтуші ұстайсыз ба, оған қандай талаптар қоясыз?

-Иә, маған көмектесетін адам бар. Бірақ мен бала күтушісі ретінде қарамаймын. Балаларыма кішкене кезінен бас-көз болып келеді. Сондықтан ол кісіге толығымен сенемін. Жүзі жылы, мейірімді, қомқор жан.

-Отбасындағы балалардың жас айырмашылығы қандай болуы керек?

-(Күлді) Енді ол әркімде әрқалай ғой. Белгілі бір физиологиялық заңдылық бар. Араға кемі 3 жыл салып дүниеге бала әкелу керек деп жатады ақ халаттылар. Бірақ әр қазақтың үйінде 9 айдан кейін басқа бір сәби дүние есігін ашып жатыр. Бір жылда екі баланы дүниеге әкелген аналар да бар. Бірақ мен танитын, менің жанымда жүрген қыз-келіншектердің басым көпшілігінен 2-3 жыл жас айырмашылығын байқаймын.

-Балаларыңыздың әр уақытын қадағалайсыз ба? Оларды достарымен ойын-сауық орталықтарына жіберіп тұрасыз ба?

-Әрине, қадағалаймын. Күндіз олар сабақта, кешке үйге келгенде бірге кітап оқып, қызықты кино көріп, уақытты неғұрлым пайдалы өткізуге тырысамыз. Олар қазір бір-бірінің туған күніне барады, мен бірге барайын десем «анашым, сіз мені уайымдамаңыз, мен достарыммен боламын ғой» деп мені көндіріп кетеді (күліп). Олар өздерін үлкен жігіт санайды.

-Оларға ертегі айтасыз ба?

-Қазір ұлдарым «ертегі оқып беретін жаста» емес, ұнатқан, қызыққан ертегіні өздері оқиды. Әсіресе, кішкентайым. Бірақ хат танымайтын күндерінде өзім ертегі оқып беретінмін.

-Баланы «ұрмау керек», «сабамау керек» деген қағидамен келісесіз бе, өз балаларыңызға қол көтересіз бе?

-Ұрмаймын, сабамаймын. Бірақ керек кезінде ұратындай, сабайтындай қылып сөйлесемін. Әкесі де жұдырық ала жүгірмей, сөзбен жеткізуге тырысады. «Намыс», «сенімді ақтамау» деген сияқты сөздерді үнемі пайдаланамыз.

-Қазіргі кішкентайларды ата-аналары сабақпен қоса, қосымша үйірмелердің түр-түріне апарады. Осы әрекеттері қаншалықты дұрыс?

-Әрине, өте дұрыс. Сабақпен қоса қосымша үйірмелердің болғаны -баланың жан-жақты дамуына, өсуіне, өркендеуіне пайдасын тигізбесе, зиянын тигізбейді. Бірақ баланың «балалық шағы» да болуы керек. Оны да ұмытпағанымыз жөн.

l1-1

-«Балапан» телеарнасын қазір барлық балалар біледі, сүйіп көреді. Оларға арналған дүниені дайындау кезінде ең алдымен неге мән бересіздер?

-Көп нәрсеге мән береміз. Оны бір сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қысқаша қайыратын болсам, баланың психологиясын, жас ерекшелігін, қазақи дүниетанымын, сондай-ақ, біздің мәдениетімізді, салт-дәстүріміздің ерекшеліктерін міндетті түрде ескереміз. Осының барлығына аса мән беріледі. Балалардың қызығушылыған да ескеріп, шетелдік танымал мультфильмдерді арнайы қазақ тіліне аударамыз.

-Кішкентайлармен жұмыс істеу қиын екені белгілі, тіл табысу үшін қандай әдіс-тәсіл қолданасыздар?

-Өте көп тәсіл қолданамыз. Біріншіден ол ұжымдық жұмыс, яғни, команданың (топтың) жұмысы. Әркім өзінің орнын, өзінің міндетін жақсы біледі. Сондықтан, баламен балаша да, ересектерше де сөйлесе аламыз. Ең бастысы — біз баламен баланың тілінде сөйлесуге тырысамыз. Балалар экраннан өзінің құрдасын көрмесе де, оларға ұнау өте қиындау болып жатады.

Алдағы уақытта ұрпағымыз ұсақталмауы үшін қандай іс атқаруымыз керек деп есептейсіз?

— Қазақтың жерінде туып — өскен әрбір баланың бойында патриоттық сезім болуы керек. Олардың осы елдің азаматы, кең байтақ жеріміздің, еліміздің болашағы екенін санасына сіңіріп тәрбиелеу — әр ата-ананың міндеті деп ойлаймын. Елін, жерін сүйетін бала ешқашан ұсақталмайды.

-Әңгімеңізге рақмет!

 

ikerim.kz

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде