jasqazaq.kz

Күретамырдың алтын тармағы

13 маусым 2023, 16:11

 

«Жүз рет естігеннен, бір көрген артық» деген рас. 2016 жылы қақпасын айқара ашқан «Қорғас» туралы талай дүние оқығанымызбен, көзбен көргендей болмайды. Жақында сол жаққа жолымыз түсті. Қазақстан-Қытай бұқаралық ақпарат құралдарының ІІ Форумы аясында ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулдығы журналистермен кездесуді дәл осы «Қорғаста» ұйымдастыруды ұйғарыпты. Оның өзіндік себебі бар.

Алматыдан шыққан бір топ БАҚ өкілдері, көзді ашып-жұмғанша дегеніміз асыра сілтегендік болар, үш сағаттың айналасында «Қорғасқа» да келіп жеттік.

Алыстан «менмұндалайтын» қызыл түске боялған, сәулеті ерекше, еңселі ғимарат – Қытай мәдениеті павильоны алдында ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым бізді құшақ жая қарсы алды.

Павильонда құдайы көршіміздің тұрмысынан хабар беретін түрлі бұйымдар қойылыпты. Біз үшін таңсық каллиграфия өнерімен, қытай халқының шәй ішу рәсімімен танысуға болады. Біреулер көздің жауын алатын қытайдың ұлттық киімдерін киіп, суретке түсіп жатты.

Кітап толы бір бөлмесінде журналистерге TuranTV телеарнасы түсірген деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Телеарна командасы Шыңжаңдағы Іле қазақ автономды округін екі апта аралап, сол өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан екен.

Бас консул Цзян Вэй ханым айтқандай, Шыңжаң Ұйғыр автономды аймағының (ШҰАА) екі ел ынтымақтастығын арттырудағы үлесі айрықша. Айталық, соңғы он жылда ШҰАА мен Қазақстан «Бір белдеу — бір жол» жобасы шеңберінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.  Қазір 7 порт тұрақты жұмыс істейді. Шекара маңында 5 мұнай-газ желісі мен 2 теміржол бар. Ал «Қытай-Еуропа» пойызын – «Бір белдеу – бір жол» құрылысының алтын тармағы десе де болар. Бүгінгі күні  Қытай-Еуропа бағытында 100-ден астам пойыз жүйткіп, өндіріс пен жабдықтау тізбегін үздіксіз қамтамасыз етеді.

Айта кеткен жөн, ежелгі Сиан қаласында 18-19 мамырда өткен саммит Қытай мен Орталық Азия арасындағы серіктестік пен достық қарым-қатынастың нығаюына тың серпін бергені анық. Ал саммит аясында қабылданған Сиан декларациясы алты елдің  ынтымақтастығын бұрынғыдан да биік деңгейге көтеруге жол ашып берді.

Сондай-ақ биыл «Бір белдеу – бір жол» жобасына он жыл толады. Бас консул Цзян Вэй өз сөзінде екі елдің ынтымақтастығында зор роль атқаратын осы жобаға кеңінен тоқталды: «Он жылдың ішінде Қытай мен Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» құрылысының көш басында келеді. Әрі «ортақ талқылау, ортақ құрылыс, ортақ игілік» қағидасынан ауытқыған емес. Осы уақыт ішінде Қытай мен Қазақстан ондаған маңызды жобаны жүзеге асырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Тараптар экономика, сауда, гуманитарлық ынтымақтастық, өндіріс қуатын арттыру сияқты салаларда өзара байланыс пен ынтымақтастықты тереңдету жөнінде уағдаласты. Қазақстан — «Бір белдеу бір жол» жобасының батыс бағытындағы бірінші аялдама, ал ШҰАА — сырт әлемге қақпасы ашық тұрған маңызды аймақ. Бүгінде екі елдің шекара маңындағы ынтымақтастығын әрмен қарай нығайту үшін  мүмкіндік мол».

«Қорғас» — ХХІ ғасырдағы Жібек жолы экономикалық белдеуінің дәл ортасында.  Трансшекаралық аймақтағы тұңғыш ынтымақтастық орталық Қытай-Қазақстан шекара маңындағы сауда-саттық пен гуманитарлық қарым-қатынастың дамуында маңызды роль атқарады. Мұны Бас консул Цзян Вэй келтірген деректер дәлелдей түседі:  «Қорғас» жұмыс істей бастағаннан бері қытай тарапы бұл араға 30 млрд юань  (4 млрд доллар) инвестиция салды. Ал екі елдің арасындағы сауда айналымы былтыр 31 млрд долларға жетіп, өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 пайызды құрады. Еліміздің экономикалық серіктесі ретінде көршіміз экспорт және импорт бойынша екінші орында. Ал қайтарымсыз қаржылай көмек көрсету жағынан 1-ші орында тұр. Өткен жылы «Қытай – Еуропа» бағытында 13 000 жүк пойызы қатынады. Әлемде жүк тасымалының 90 пайызы теңіз арқылы жүзеге асатынын ескергенде, құрғақ порттың тасымал әлеуетін арттыру арқылы транзиттен қыруар ақша табуға болады.  Қалай болғанда да, «Қорғас» — тек қазба байлыққа сеніп отыра бермей, басқа бағытта да табыс табуға мүмкіндік беретін жоба.

Баспасөз жиынында Бас консулға Қытайға визасыз кіру режиміне қатысты сауал қойылды. Цзян Вэй ханым былай деп жауап берді: «Екі жақты визасыз режим туралы келісім — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай сапарындағы маңызды жетістігі. Бұл екі ел азаматтарының өзара байланысын нығайтып, экономика, мәдениет, туризм және басқа да салаларда белсенді алыс-берісті жүзеге асыруға ықпалын тигізеді. Бұл орайда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығының географиялық артықшылығы теңдессіз. Мұнда сыртқы сауда, бажсыз тауар сатып алу, оффшорлық қаржы, шекара маңындағы туризм және басқа да салалар қарқынды дамуда».

Қытай статистикасына сәйкес, биылғы мамыр айында «Қорғасқа» кіріп-шыққандардың жалпы саны 369 370 адам болды. Орта есеппен бір күнде 11 910 адам осы араға бас сұғады деген сөз.  Визасыз режим күшіне енгеннен кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы келім-кетім қарқын алатыны сөзсіз. Мен ынтымақтастық орталығы осы қолайлы мүмкіндікті пайдаланып, туризм арқылы бизнес пен сауданы, инвестициялық ынтымақтастықты дамытады,  мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына бұрынғыдан да зор үлес қосады деп сенемін».

Үш жыл пандемиядан кейін биылғы 24 сәуірде қайта ашылған «Қорғаста» қазір тіршілік қыз-қыз қайнайды. Жібек жолы бойындағы алып логистикалық хабқа айналған «Қорғастың» қарышты әлеуетіне көз жеткізген соң Алматыға қарай ат басын бұрдық.

Гүлнар Ахметова

Суреттерді түсірген: ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулдығы мен автор

 

 

 

 

 

 

 

07 мамыр, 19:59
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті
07 мамыр, 13:25
Айбек Дәдебай: Біздің ісіміз — Әділет! Жолымыз — Заң мен Тәртіп!
06 мамыр, 15:42
Қазақстанда ҰОС ардагерлерінің әрқайсысы 10 мың доллардан астам қаражат алды
06 мамыр, 13:48
Сарыагаш: Вопросы питьевой воды в Дербисеке находятся на постоянном контроле
06 мамыр, 13:46
Туркестан: Весенне-полевые работы идут полным ходом
06 мамыр, 8:59
Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды
05 мамыр, 14:11
Учащиеся Туркестанской области стали призерами чемпионата мира по робототехнике
05 мамыр, 14:09
Сотрудничество Туркестанской области с Узбекистаном выходит на новый уровень
03 мамыр, 14:00
Жайнагуль Толемисова: Новые школы в Туркестане - это шаг в будущее