![]()
Қабырғаны қайыстырған қаңтар қасіретінен кейін Президент Қ.Тоқаевтың Қытайға сапармен баруы, сөз жоқ, еліміздің сыртқы саясатындағы аса маңызды қадам ретінде бағаланды. Бұл еліміздің ең алдымен жақын көршілермен тату болуға, солармен сан-салалы ынтымақтастықты тереңдетуге мән беретінін көрсетті. Арада бір апта өткенде Қазақстан мен Ресей басшыларының Кремльде кездесуі осы ойды қуаттай түскендей. «Неге Қытайға?» деген қисынсыз сауалды қойып, біле тұра, білмегенсіп, көпе-көрнеу бұра тартып, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп дәйексіз, дүмбілез долбарын бұрқыратып жатқандар да бар. Әлгілер Ресей мен Кіндік Азия елдері президенттерінің қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына ресми шақыру алғанын біледі. Қытайға келгенде қырсығып, ресми өкілдерін Бейжіңге жібермеген Батыстың бүйректен сирақ шығарғанын да. Геосаяси бақталастықтың отына май құйып жатқандардың арасында бейбітшіліктің тірегі болған спортқа қолшоқпар деп қарайтындар аз емес. Әсіресе, дәл қазір.
«Бейжіңдегі Олимпиада ойындары бүкіл адамзат үшін жауапты сәтте өтіп жатыр. Бұл спорт сайыстары жаңаруға үндеп, пандемияның сын-қатерлерін еңсеруге үлес қосады. Сондықтан Сіздің шақыруыңызды зор қуанышпен қабыл алдым». Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Зиңпинмен Бейжің қаласындағы Халық жиналысы үйінде өткен жүздесуде осылай деді.
Президент, сондай-ақ Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі керемет ұйымдастырылғанын атап өтті. Осы арада еске сала кетейік, спортсүйер қауым 2008 жылы Аспан асты елінде өткен жазғы Олимпиада ойындарына тәнті болған. Қытай ғаламдық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып қана қоймай, елде қысқы спорт түрлерінің бұқаралық сипат алуына күш салды. Соңғы төрт жылда осы мақсатпен шаңғы орталығы, мұз айдыны көптеп салынды. Соның нәтижесінде елде 300 млн адам шаңғы мен коньки тебумен айналыса бастады. Бұл үрдіс үлкен қалаларды ғана емес, шет аймақтардағы елді мекендерді де қамтыды. Жоба өз жемісін берді. Басқаны былай қойғанда, Шыңжаңда дүниеге келген үш бірдей қандастарымыз – Бәния Жәлен, Ақнар Ардақ және Қадыс Беделхан Бейжің Олимпиадасында Қытайдың намысын қорғап жүр. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар қатысқан дүбірлі додада тәп-тәуір өнер көрсеткен олардың жетістігі біздегі қыз-жігіттердің де қысқы спортқа бет бұруына ой салар деген үміттеміз.
Ақорданың ресми сайты жазғандай, өзара сенім мен достыққа негізделген кездесуде екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салалардағы ауқымды мәселелерді талқылады.
Президент еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігеріне берік достық ниетін білдіргені, сондай-ақ Жаңа Қазақстан құру жолында қажетті көмек көрсетуге дайын екендігі үшін Қытай басшысына ризашылығын жеткізді. Жүздесуде, сонымен қатар, Си Зиңпиннің тиімді басшылығымен қол жеткізген Қытай экономикасының даму жетістіктеріне жоғары баға берілді. Бұл жерде шығыстағы көршінің пандемия шектеулеріне қарамастан, жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша елеулі жетістікке жеткенін айтқан жөн. Сарапшылардың пікіріне жүгінсек, енді он жылдан кейін Қытай экономикасы әлемде жеке-дара көш бастауы мүмкін. Мұның аймақ елдерінің, соның ішінде Қазақстанның дамуына оң ықпал етері айқын. Қаңтар айының соңына таман бейнебайланыс жүйесі арқылы өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөйлеген сөзінде Қ. Тоқаевтың Қытай тарапынан Кіндік Азия елдеріне құйылған 40 миллиард долларлық инвестициясының жартысы Қазақстанға келгенін айрықша атап өтуі де бекер емес. Осы арада тағы бір көрсеткішке тоқтала кеткен жөн болар: Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы жалпы сауда-саттық көлемінің тең жарымы Қазақстанға тиесілі.
akorda.kz сайтына жүгінсек, Бейжіңдегі жүздесуде дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішіндегі қазақ-қытай қатынастарының дамуы туралы айта келе, екі елдің күш біріктіре отырып, барлық саладағы стратегиялық серіктестіктің берік іргетасын қалағанына назар аударды. Оның пікірінше, бұл ынтымақтастық мәңгілік сипатқа ие әрі жан-жақты. Оның үстіне саяси конъюнктураға бағынышты емес.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды арттырудағы бірлескен іс-қимылға ерекше назар аударылды. Президент пандемияға қарамастан, екіжақты тауар айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 15,2 пайызға өсіп, 18,2 миллиард долларға жеткенін атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасын одан әрі іске асыру жөніндегі басым міндетті атады. Мемлекет басшысы еліміздің цифрлық технологиялар мен көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екеніне тоқталды. Келіссөзде туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі, сондай-ақ Қазақстанда қытай мәдени орталығын ашу мәселесі де талқыланды.
ҚХР төрағасы «біртұтас Қытай» қағидатына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдіріп, стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Си Зиңпин Қазақстан мен ҚХР арасындағы байланыстардың алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне осы кездесу жол ашатынын атап өтті. Ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасы іске қосылғаннан бергі 9 жыл ішінде жүзеге асқан оң ынтымақтастықты атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, жасанды интеллект, қаржы және электронды сауда салаларындағы өзара ықпалдастықтың келешегіне де баса мән берілді.
Жалпы «Бір белдеу – бір жол» бастамасының көп жақты энергетикалық жобаларды іске асыруға мүмкіндік бергенін айтқан абзал. Бұған Ресей президенті Владимир Путиннің осы айдың басында Бейжіңге жасаған сапары барысында қол қойылған мұнай тасымалын көздейтін келісім дәлел бола алады. Уағдаластық бойынша, «Роснефть» Қытайдың солтүстік-батысындағы мұнай өңдейтін зауыттарға жыл сайын 100 млн тонна «қара алтын» жеткізеді. Он жылға арналған әрі құны 80 млрд долларды құрайтын жобаға сәйкес, құбыр желісінің елеулі бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Демек еліміз транзиттік тасымалдан өз үлесін алады.
Қытай басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты әрі көреген басшылығымен Қазақстанның қуатты әрі өркендеген мемлекетке айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысына және оның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларына жоғары баға берді.
Қазақстан Президенті келіссөздің қазақ-қытай қарым-қатынасы тарихындағы сапалы әрі жаңа кезеңге бірлесе қадам басуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай достығын, тату көршілік пен өзара сыйластықты нығайтуда жаңа табыстарға қол жеткізу үшін тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтіп, Си Зиңпинді биылғы қыркүйекте елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, ҚХР төрағасының сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке тың серпін беріп, ынтымақтастық көкжиегі кеңейе түседі.
Jas Qazaq – Сарап