
Халықаралық валюта қорының (IMF) басқарушы – директоры Кристин Лагард алдағы бірнеше жылда Қазақстан экономикасынан жылдам өсім күтпейтінін мәлімдеді.
Ол отандық ақпарат құралдарына берген сұхбатында биыл экономикадағы өсім небәрі 0,1 пайызды құрайтынын, ал соңғы 15 жылда орташа көрсеткіш 7,5 пайыз болғанын атап өтті. Ел билігінің теңгені еркін айналымға жіберуін дұрыс қадам деп бағалаған К. Лагард салық, бюджет саясаты, бюджеттен тыс қорлардың қызметі елеулі реформаға зәру екеніне тоқталды. Қор басшысының пікірінше, егер мұнай бағасы осы деңгейде тұра берсе, онда үкіметтің бюджет қаржысын қайта бөлуіне тура келеді.
IMF басқарушы-директоры Қазақстан алдында тұрған күрделі кедергінің бірі жемқорлық екенін еске салды. Ол заң мен нормативтік құжаттардың жариялылығы мен және тәуелсіз сот жүйесінің болуы керектігіне тоқтала келе мұның бәрі «Айтуға оңай, жасау қиын. Дегенмен әрекет жасап көру керек»-деді.