
IBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы, ұлыбританиялық боксшы кіші Крис Юбенктің (24-1, 19 КО) әкесі үлкен Крис Юбенк WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізу – басты мақсат деп отыр. Бұл туралы Vesti.kz хабарлайды.
«Енді барлығы бізге өздері келуі керек. Біздің миллиондаған көрермені бар ITV деген күшіміз бар, ал ұлым Ұлыбританияның ең әсерлі боксшысы. Головкинді тірідей қуыратын жоспарымыз бар. Бірінші кезекте Головкинмен жұдырықтасуды көздеп отырмыз», — деп келтірді оның сөзін Boxingscene.com.
Осыған дейін британиялық боксшының әкесі GGG-мен келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеген. Айтуынша, олар бұл жекпе-жекті 2017 жылы ұйымдастырғысы келеді.
Айта кетейік, өткен жылы Юбенктің Головкинмен кездесу өткізуге мүмкіндігі болған еді, тіпті келіссөздер де жүргізілген. Алайда ұлыбританиялық боксшы тым көп гонарар сұрағандықтан, кездесу өтпей қалды. Сөйтсек, британиялық боксшы 6 миллион доллардан бас тартыпты. Кейін Юбенк Головкинмен жекпе-жекке шығу мүмкіндігінен айырылып қалғанына ашуланғанын айтқан болатын.
Еске салайық, Юбенк өткен демалыс күндері Лондонда австралиялық Ренольд Куинлинді жеңіп, IBO белбеуінің иегері атанды. Жекпе-жек аяқталысымен ол Головкинді рингке шақырды.