
Малайзияның ақпарат құралдары Куала-Лумпур әуежайында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның ағасына жасалған шабуыл түсірілген видеоны жариялады, — деп хабарлайды tengrinews.kz Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Видеодағы кадрларда Ким Чен Намның өмірінің соңғы минуттары түсірілген. Сондай-ақ видеодан ашық түсті джинс пен пенжек киіп алған ер адамның ақпараттық тақтаға жақындаған сәті көрінеді. Содан оған ақ түсті киіммен жүрген әйел адам артынан шабуыл жасап, қолындағы орамалын ер адамның бетіне лақтырып жібереді. Бірақ әйел бірден оқиға орнынан жасырынады. Кейіннен ер адам қауіпсіздік қызметіндегілерге жақындап, жарақаттанған бетін көрсетеді. Осылайша екі адаммен бірге ол медициналық көмек алуға барады.
Еске салайық, осыған дейін TV Chosun арнасы Солтүстік Корея басшысының ағасын әуежайда екі әйел улы ине салып өлтірген деген хабар таратқан еді. Содан кейін әйелдердің таксиге мініп, ізім-қайып жоқ болғаны хабарланған. Ким Чон Нам дүйсенбіде таңғы уақытта жасалған шабуылдан кейін Путраджая ауруханасына бара жатқанда қайтыс болған.
Сондай-ақ жақында New Straits Times басылымы Ким Чен Намның уланғаннан кейінгі суреттерін жариялаған болатын.
https://www.youtube.com/watch?v=rWRT85_u59U&feature=youtu.be