jasqazaq.kz

Қызылордадағы зауыттар цифрлық басқару арқылы бақыланады

Бүгін, 15:58

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың экономиканы жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу талабы Қызылордадағы өңдеу өнеркәсіп орындарында өркен жайып келеді. Табақша шыны өндіретін Orda Glass Ltd ЖШС мен AynaGlass зауытының өндірісіндегі бүгінгі жаңашылдықтар соның жарқын айғағы. Бүгінде өңірдегі кірпіш, шыны, айна зауыттарының өнімдері ішкі нарықтан бөлек көршілес елдерге де экспортталуда.

Шыны зауыты өндірістегі процестерді толық цифрландыру арқылы өнім өндірудің жоғары тиімділігіне қол жеткізіп отыр. Жылдық қуаттылығы 197,1 мың тонна зауытта автоматтандырылған және цифрлық басқару жүйелері кеңінен қолданылу үстінде.
«Бізде тәулігіне 550 тонна дайын өнім шығады. Шыны ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ көрші елдерге Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжанға тасымалданады. Мұнда 360 жұмысшы болса, оның 160-ы – жергілікті мамандар. Зауыт толықтай автоматтандырылған. Бізде жасалатын шыны сапасы өте жоғары. Құрамы 7 компоненттен тұрады. Басты шикізат көзі – кварц құмы. Бұл құм өзіміздің Аралдан тасымалданады. Жалпы зауытта пайдаланылатын шикізаттың барлығы да – жергілікті өнім. Бізде қалдықсыз өнім шығарылады, яғни бәрі де қайта өңделеді. Зауыт үш ауысым бойынша үздіксіз тоқтамай жұмыс істейді. Цифрлық мүмкіндіктеріміз туралы айтсам, мәселен, кесілген шыныны жинау тәртібі бар. Оны робот атқарады. Қазір 4 робот жинаса, тағы төртеуі қосымша тұр. Егер сұраныс артып жатса, өзге роботтар да іске қосылады. Жиналған шынылар арнайы машина арқылы тасымалданады. Зауыттағы технологиялық жабдықтардың барлығы да Италиядан әкелінген. Сонымен қатар, тағы бір айтатынымыз, біз Қызылорда облысында 15-ке жуық жеке кәсіпкермен жұмыс істейміз», – дейді зауыттың өндіріс бөлімі басшысының орынбасары Нұрәлі Ермағанбет.

Кәсіпорында өнім сапасын цирлық бақылауға арналған ақауларды анықтау жүйесі және шыны кесуге арналған автоматтандырылған кешен жұмыс істейді. Өндірістік үдерістер толығымен цифрлық басқарылатын ортада жүзеге асырылады.

Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ және China Triumph International еншілес кәсіпорнының құрылысты аяқтауымен қуаттылығы 5 млн шаршы метр болатын энергия үнемдейтін шыны өндіру желісі іске қосылған еді. Заманауи технологиялардың нәтижесінде жоғары сапада шығарылған бұл өнімдер қыс мезгілінде жылуды ұстап тұрса, жаздыгүні күн радиациясын төмендету арқылы энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде сұраныстың артуына байланысты өндіріс көлемі де тұрақты түрде өсіп келеді. Кейінгі үш жылда 500 мың тоннаға жуық өнім өндіріліп, оның 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы экспортқа бағытталып отыр. Экспорт жағрапиясы да цифрлық логистика мен өндірістік жоспарлаудың нәтижесінде кеңейіп келеді. Қазақстандық шыны өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне жеткізіліп отыр.

Сондай-ақ Еуропалық Одан талаптарына сәйкес Польша, Эстония, Латвия және Швейцария нарығына экспортталуда.

Цифрландыру бағытындағы маңызды жобаны жүзеге асырып отырған AynaGlass компаниясының айна өндіру зауыты да толық автоматтандырылған. Жартылай дайын өнімдер роботтардың көмегімен желіге орналастырылып, өңдеудің барлық кезеңдері цифрлық басқару арқылы бақыланады. Шыны беті автоматты түрде фильтрленген сумен жуылып, 400-6000C температурада кептіріледі. Кейін вакуумдық камерада магнетрондық тозаңдату әдісімен екі қабат арнайы бояу жағылып, айнаға айналады.
Өндірістік желінің жалпы ұзындығы 176 метр, ал зауыттың ішкі аумағы 6 мың шаршы метр. Кәсіпорын тәулігіне шамамен 3300 шаршы метр дайын өнім шығарады. Барлық процесс шамамен 40 минут ішінде аяқталады, дайын өнімді роботтар жинайды, әрбір айнаға зауыттың атауы, өндірілген күні мен уақыты белгіленеді. Өндіріс барысында сапа қатаң бақылауда болады, ақауы бар өнімдер дереу өндірістен алынады.

«Бастапқы кезде өзге елдердің өндірісін зерттеп көрдік. Роботты құрылғыларды өндіруде көш бастап тұрған Қытай зауытына тоқталдық. Бұл технология әлемнің озық елдері қолданысқа енгізген танымал бренд болып саналады. Біз қолданып отырған автоматтандырылған технологияның мүмкіндігі зор. Былтыр екі ел арасында келісімшарт жасалып, арнайы мамандар келді. Олар үш ай бойы технологияны орнатып, монтаждады. Жергілікті мамандарға техниканың тілін үйретіп, жұмыс істеу процесін көрсетті. Бұл құрылғылар зауыттың бір жылдық өнім өндіру қуаттылығын екі есе орындауға мүмкіндік береді», – дейді зауыт басшысы Айжан Өмірзақова.

Бұл – еліміздегі айна шығаратын алғашқы зауыт. Осы кезге дейін дайын өнім сыртқы елдерден тасымалданып келген болатын. Сондықтан Қызылордадан ашылған бұл зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнімнің өрісін кеңейтіп отыр.
«Бұл салада жүргеніме жиырма жылға жуықтады. Бұған дейін Комфорт -1kz ЖШС-ын құрып, облыста әйнек шығаратын бірегей зауыт болдық. Әйнектен энергия үнемдейтін және жарық шағылыстыратын қасиеті бар қос қабат терезелер мен айна жасадық. Сондай-ақ витрина, кабина, шатыр, жиһаз, мөлдір баспалдақ, қалқа сияқты көптеген интерьер заттар шығарады. Былтыр жаңадан салынған стадионға қажетті әйнекті осы зауыттан алды. Тәжірибеміз болған соң айна өндірісімен айналысып отырмыз. Қазір технологияның мүмкіндігі мол. Бәрі де автоматтандырылған. Енді тұтынушыларды тарту жұмыстарын жандандыру үстіндеміз. Бұдан бөлек алда жоспарларымыз бар. Мысалы, түрлі-түсті айна шығаруды ойластырып отырмыз», – дейді зауыт басшысы Айжан Өмірзақова.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруда экономиканы индустриялық дамыту және әртараптандыру бағытында қызу жұмыстар жүргізілуде. Былтыр еліміз бойынша ашылған 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорынның қатарында Қызылорда облысында тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған осы кәсіпорындар бүгінде цифрландыру мен автоматтандырудың, бір сөзбен айтқанда, заманауи дамудың лайықты үлгісін көрсетіп отыр.

Айжан Жұмабекқызы,
Қызылорда облысы

Бүгін, 16:12
Туркестан: Ведется комплексная работа по развитию инфраструктуры питьевого водоснабжения
Бүгін, 15:58
Қызылордадағы зауыттар цифрлық басқару арқылы бақыланады
Бүгін, 14:46
Туркестан: Работы по ремонту дорог идут полным ходом
Бүгін, 14:42
Туркестан: Объездная дорога в Сарыагаш усилит международные транзитные связи
Бүгін, 14:39
Туркестан: В Келесском районе особые показатели по привлечению инвестиций
Бүгін, 14:37
Адил Конысбеков: Главная цель - сформировать устойчивую культуру чтения
Бүгін, 14:36
Туркестан: В индустриальных зонах реализуется 98 инвестиционных проектов
Бүгін, 14:34
Туркестан: В Мактарале новый детский сад, в Коксу – культурный центр
Бүгін, 14:05
Қабдеш Жұмәділов. Ұлы көштің Дарабозы