Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген

16 қазан, 14:48
Коллаж: Kazinform

Коллаж: Kazinform

Биыл жазда еліміздің сот тарихында бұрын-соңды болмаған таңқаларлық жағдай болды. Маусым айында Қызылорда қалалық № 2 соты Махамбет Болатовты ұрлық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырды. М. Болатов бұл қалаға Тараз қаласынан келіп жұмыс істеп жүрген еді.

Бұл істің ең қызық тұсы — Махамбетті полиция ұстаған кезде қалтасында туған інісі Ержан Болатовтың куәлігі болған. Ағайынды екі жігіттің жас айырмасы бір-ақ жас және түрлері де бір-біріне қатты ұқсайды.

Сонымен қылмыстық іс Ержан Болатовтың атымен тіркеліп, сотқа жетіп, сот Ержанның куәлігімен жүрген Махамбетке үкім шығарады.

inform.kz хабарлағандай, бүгінде Махамбет Болатов Тараз қаласындағы түзеу колониясында жазасын өтеп жатыр.

Сотталушы үкім шыққанға дейін қалай бөтен адамның куәлігімен жүрді? Полиция, тергеу қызметі, адвокат, сот қызметі қалайша жеке куәлік бойынша басқа адамды соттап жатқанын қалайша білмей қалды?

Бұл жайында Тараз қаласында тұратын Ержан Болатовтың өзімен тілдестік.

— Махамбет менің ағам. Менен бір жас үлкен. Ағам Қызылордаға жұмыс істеуге барған. Бұл мәселені журналистер бұған дейін де жазды. Сол кезде прокуратура қызметкерлері де, түрме басшығы да бұл нәрсеге қатты таң қалып, жақын арада шешеміз деп еді. Енді әлі күнге ешқандай шешім қабылданбай отырғанына мен де таң қалып отырмын. Ағамның отбасы жоқ, үйленбеген. Әкем, анам бар. Бірге тұрамыз. Ағам таңертең Қызылордаға кетіп бара жатып менің сыртқы киімімді киіп кеткен. Жеке куәлігім соның қалтасында кеткен. Ал ағамның жеке куәлігі менде жүр. Осының салдарынан әлі күнге жұмысқа тұра алмай жүрмін. Өйткені құжат бойынша мен сотталған, түрмеде отырған адаммын. Қазір әкем екеуміз кәсіп жасап жүрміз, — дейді бұл жөнінде Ержан Болатов.

Оның айтуына қарағанда ағасы қылмыспен ұсталған кезде полицияға да, сот қызметкерлеріне де бұл інісінің жеке куәлігі екенін, өзінің Махамбет Болатов екенін айтқан. Бірақ олар сенбеген көрінеді. Алайда бұған прокуратура қызметкерлері күмән келтіреді.

— Махамбет Болатов жасаған қылмысын бірден мойындаған, — дейді бізбен әңгімесінде Жамбыл облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Пешеков. — Ол жағынан шағымы жоқ. Тек анкеталық мәліметтері дұрыс емес. Негізі менің ойымша сотталушының өзі де бұл жайтты жасыруға тырысқан. Яғни, аяғына дейін айтпаған. Әрине, бұл жерде анау дұрыс, мынау дұрыс емес деп нақты айту қиын. Полиция қызметкерлері Махамбетке дактилоскопиялық сараптама жасамай жібере салғаны үшін кінәлі екені рас. Жасыратыны жоқ, Махамбет Болатов бұрын да істі болған. Сондықтан бұрын сотталған адамды дұрыстап тексеру керек еді. Өйткені олар алғаш істі болғандарға қарағанда тәжірибелірек болады. Міне, Махамбет тәжірибелі болып шықты. Мемлекеттік орган қызметкерлері оның қалтасындағы құжатқа, айтқанына сене салған. Және ағасы мен інісінің бет әлпеті бір-біріне келеді. Жастары да шамалас. Енді сот үкімінде квалификация өзгермейді. Ержан, Махамбет деген есімдері және туған күні, айы, жылдары ғана өзгереді.

Прокурор бұл жайт қашан, қалай анықталғанын да әңгімелеп берді.

— Прокуратураның арнайы қызметкерлері тәртіп бойынша жаңадан келген сотталушыларды жеке қабылдайды. Жеке әңгімелесеміз. «Енді тәртіп бұзба, заңға бағын» деген сияқты түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Сол кезде ол «Сұрақ бола ма?» деп қолын көтерді. «Сұраңыз» дедім. Міне, сол кезде «Мен негізі Ержан емеспін, Махамбетпін» деп айтты. Басында түсінбедім. Содан екеуміз екі сағаттай сөйлестік. Шынымды айтсам, басында алдап отырған сияқты боп көрінді. Осы жүйеде жұмыс істеп келе жатқаныма 4 жылдан асты. «Мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес қой» деп ойладым. Мысалы, сіз егер сот процесіне қатыссаңыз, әрбір сот отырысында судья істі аша салысымен амандасып, сосын өзін, сотқа қатысып отырған прокурор, адвокатты, істі болып жатқан күдіктіні де таныстырып шығады. Үкім шыққанша қаншама сот отырысы болады. Әр сот отырысы сайын осылай таныстырып отырады. Міне, сол кезде «Мен Ержан емеспін» деп бір ауыз айтуы керек еді ғой. Бұған сот бірден көңіл аударар еді. Мейлі, учаскелік полиция ұстады, тергеушілер тергеді. Бірақ ешқайсысы білмеді. Қызылордада тергеу изоляторында отырды. Ең болмағанда адвокатына айтуға болар еді ғой. Ол осы жайтты айтқан кезде бірден сарапшыны шақырып, дактилоскопиялық тексеруден өткіздім. Қорытындысы үш күннен кейін дайын болып, «бұл шынында Ержан емес» деген қорытынды берді. Осыдан кейін сараптама қорытындысын Қызылорда облыстық прокуратурасына хат арқылы жолдадық. Прокуратура сотқа хат жолдады да қосымша тергеу жүргізілді. Ендігі қалған мәселе сол жақта шешіледі, — дейді прокурор.

Осылайша сот, қылмыстық атқару жүйесінде адам сенбейтін жағдай болды. Қыркүйек айының соңында бұл мәселе БАҚ беттерінде көтерілгені рас. Бірақ прокуратура «бұл жайтты оған дейін анықтап қойғанбыз» дейді.

— Қызылорда облысының прокуратурасы 25 қыркүйекте бізге ақпарат беріп, 24 қыркүйекте осы қылмыстық іс бойынша қабылданған үкімнің күші жойылып, тергеуге кері қайтарылғанын хабарлады. Сөйтіп тергеуші өз өндірісіне алды. Енді анкеталық мәліметтерін дұрыстап жазып, қайтадан сотқа жолдайды. Әрине, сот процесі біразға созылуы мүмкін. Мұрағаттағы құжаттарды көтеру керек, жан-жаққа сұрау салу керек деген сияқты істер уақыт алады, — дейді Жамбыл облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Пешеков.

Жамбыл облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілі Сәуле Үсіпәлиева да Қызылорда қалалық N2 сотының бұл істі қайтадан тергеуге жібергені туралы қаулысы шыққанын, сот қайтадан қарайтынын айтты.

Соттың берген мәліметтеріне қарағанда Махамбет Болатов Қызылорда қаласына жұмыс істеу үшін жақын туысының «КамАЗ» көлігіне мінгесіп келген. Қызылорданың «Ескі базар» ауданында терезесі ашық қалған жеңіл көліктен қол сөмке ұрлаған. Алайда оның бұл әрекеті сол маңдағы бейнекамераға түсіп қалыпты.

Сөмкені ұрлағаннан кейін де сол жерде жұмыс істеп жүре берген. Полиция қызметкерлері сол маңдағы тұрғындардан бейнекамерадағы күдіктінің түрін көрсеткенде олар осы жерде жұмыс істейтінін айтқан. Содан ұсталып, қылмысын бірден мойындаған.

Бүкіл елді шатастырған ағайынды екі жігіттің әкесімен де тілдестік.

— Балам үйден шыға алмайды. Жанымнан тастамаймын. Өйткені жеке куәлігі жоқ. Кіші баламның куәлігімен үлкен баламды ұстаған. Кейін сотталып кеткеннен кейін куәлікті бер десек сол күйі бермеді. «Бес мың теңге бере салыңыз, куәлік істеп бере саламыз» дейді полиция қызметкерлері. Мен не үшін бес мың теңге беруім керек? Меніңше үлкен баламның аты-жөні анықталғаннан кейін ол куәлікті лақтыра салды ғой деймін. Түрмеде отырған Махамбетпен ешқандай байланысымыз жоқ, — дейді Руда Мұсылманбеков.

Ал прокуратура қызметкерлері жағдайды түсініп, бұл мәселеге де көмектескісі келгенін айтады.

— Ата-анасынан «Балаңызды нақты қандай жұмысқа тұрғызайын деп жатырсыздар?» деп сұрағанмын. Қолымнан келсе көмектесейін, жұмысқа тұрып жатқан мекемесіне хабарласып, мән-жайды түсіндірейін деп ойладым. Бәлкім, таныстарым болып шығар деген де ой болды. Алайда олар жұмыс орнын нақтылап айта алмады, — дейді прокурор Асылбек Пешеков.

 

06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?
06 желтоқсан, 11:27
ОПЕК+ елдері 2026 жылға дейін мұнай өндіру көлемін қысқартуға келісті
04 желтоқсан, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус