Қырық пен қыңыр

25 қараша 2022, 11:29

Қырық пен қыңыр

Қазақ дәл тауып айтқан. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) елімізде өткен сайлауға қатысты мәлімдемесі еріксіз осы нақылды еске түсіреді.

Көптеген мемлекеттерден, түрлі халықаралық ұйымдардың атынан келген бақылаушылар бүкілхалықтық дауыс беру барысы мен сайлау комиссияларының жұмысын оң бағалады. Жергілікті байқаушылардың тұжырымы да осы арнада тоғысты. Тек әлгі ұйым әдеттегідей мін тағуға тырысады. Сондағы (тырнақ астынан кір іздеп) тапқаны – «шынайы бәсеке болмады».
Еліміздің сыртқы істер министрлігі (СІМ) бұған дереу жауап қайтарды. Алыстан орағытпай, астарлап, жұмбақтамай, шындықты бетіне басты: ұйымның мәлімдемесі ақиқаттан аулақ, әбден жауыр болған бәтуасыз байлам. Тіпті осы уақытқа дейін еліміздің қолдауына ие болып келген ДИАҚБ-ның маңызды институт ретіндегі тиімділігіне де күмән келтіреді. Сондай-ақ СІМ-нің ресми түсініктемесінде «ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылар тобы мен оның басшылығының қызметі Қазақстан Президентінің елімізді трансформациялауға, оны құқықтық дамыған озық қоғамға айналдыруға бағытталған реформаларына қарсы достық емес көзқарасты айқын көрсетті» делінген.

Халқымызда «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дейтін тағы бір тәмсіл бар. Мағынасы – өзгені сынағыш өз бойындағы кемшілікті көрмейді дегенге кеп саяды. Бұл сөз соңғы жылдары бар-жоғы ұмытыла бастаған ұйымға қаратып айтылғандай. Өйткені мұхиттың арғы жағында сайлау тәртібі өрескел бұзылып, «өлгендер дауыс берді» деген ақпарат тарағанда, Кәрі құрлықта көшеге бейбіт шеруге шыққандарды полиция тепкілеп, төмпештеп жатқанда үнсіз қалған. «Демократияға қауіп төнді» немесе «Адам құқығы аяққа тапталды» деп дабыл қаққан жоқ. Есесіне, басқа жерде түймені түйедей ғып аттан салады. Халықаралық сарапшылар мұны «double standard» (екі жүзді ұстаным) деп атайды. Мұны Қатарда өтіп жатқан әлемдік теңбіл доп біріншілігіне көлеңке түсіргісі келгендердің әрекетінен де байқауға болады. Бір жағынан мұсылман (араб) мемлекетінде «ішімдік пен бір жыныстылардың некесін жақтайтандарға рұқсат берілмеді» деп сұғын қадайды. Екінші жақтан, сол еуропалықтар суықта тоңбаудың амалын іздеп, Қатар мемлекетінен газ алуға жанталасып жатыр.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев аталған мәлімдеге орай өзінің Телеграм-каналында «ЕҚЫҰ көптен бері нақты бір мүддені көздейтін саяси қысым жасау құралына айналды» деп жазды. Мұнымен келісуге де болады. Себебі қайсыбір алпауыт күштерге еліміздің көп өрісті көзқарасы ұнамайды. Ілік іздеп, жоқ жерден жік шығаратыны да содан.

Сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көпвекторлық саясаты жалғаса беретінін жария етті. Экономикалық мүдде соны қажет етеді. Экспорт пен тікелей инвестиция бойынша сенімді серктесіміз Еуропамен қарым-қатынастағы беталыс та осы бағытта. Қараша айының басында Еуроодақпен инновация мен инвестициядағы ауқымды жобаларды көздейтін құжатқа қол қойылды.

Ал саясат ауа райы сықылды құбылмалы. Қамданған қапы қалмайды.

Қырық пен қыңыр

Срайыл Смайыл,
Саяси шолушы

31 мамыр, 15:58
3683 Шумақ , 14732 жол. «Елім-ай» ән-дастанына 300 жыл
31 мамыр, 11:58
Ерболат Досаев: Мектептегі орын тапшылығы оңтайлы шешіледі
31 мамыр, 10:55
Манас Рамазанов: Инновациялық тәсілмен ота жасаймыз
30 мамыр, 20:01
Қазаққа қажет қағидат
30 мамыр, 19:24
АЭС: Таңдау кімге түседі?
29 мамыр, 0:06
Артықшылығы мол айналма жол
23 мамыр, 15:26
Жанат Айтпаева: Білімді көтеру – мемлекетті нығайту
23 мамыр, 14:32
Алматы: «Білім фестивалі» мамандық таңдауға жол ашты