
Біздің букмекерлердің, мемлекет араласпай-ақ, жауапты ойын қағидаларын енгізуге бет бұрғаны көпшілік үшін таң қаларлық болуы мүмкін. Егер клиент өзін-өзі игере алмай, шексіз құмарлыққа салына бастаса, букмекер оның дер кезінде тоқтауына көмектеседі. Сол арқылы ойынпаздың ақшасы мен ар-ұятын сақтап қалуға ықпал етеді.
Заң мен нұсқау күтпеді
Еуропада спорт оқиғасының нәтижесіне бәс тігуге жұрт жаппай кіріскенде көп жылдар бойы бұл жергілікті биліктің назарынан сырт қалды. Көңіл аударған күннің өзінде тек қаржы жағы қызықтырды. Ұлыбритания, Испания, Италия, Франция сияқты «бәс тікпесе, басы ауыратын» елдерде спорт фанаттарының құмарлығы қазынаға қомақты қаржы түсіреді. Ондағы заңнамашы әр бәс тігуден тиімді салық түсімін қамтамасыз ететін тетіктерді енгізіп қойған. Салық түсімі жағынан беттинг индустриясы Еуропада соңғы 10-15 жылда машина жасау және банк жүйесімен бәсекеге түсе алады. Былайша айтқанда, құдды сауын сиыр дерсің.
Бюджеттің бүйірін қампайту, спорт клубтары мен федерацияларға жаппай демеушілік жасаудан басқа, букмекерлер, сондай-ақ үлкен спортты сыбайлас жемқорлықтан да арылтты. Өйткені олар өзара келісілген матчтардың өтуіне мүдделі емес еді, бұл оларды біраз шығынға ұшыратты. Букмекерлер мен мемлекеттің бірлесіп әрекет етуі шынында да өзара тиімді болды. Спортқа бәс тігуге ой-санасы әлі қатпаған жасөспірімдер көптеп тартылғанда ғана билік букмекерлердің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ойлана бастады. Букмекерлерлік кеңселерге тиісті талаптар енгізуге мәжбүр болды.
Осылайша Еуропаның дамыған елдерінде жауапты ойын қағидалары жоғарыдан енгізілді.
Мемлекеттер заң жүзінде букмекерлерді белгілі бір ережелер мен стандарттарды ұстануды міндеттеді. Сол арқылы спортқа бәс тігуге жаппай құмарлықтың әлеуметтік тәуекелін төмендетуді көздеді.
Ал біздің елімізде жағдай мүлде басқа. Бізде әзірге букмекерлерге ойыншылардың іс-қимылын қадағалап, шектен тыс құмарлығын дер кезінде тежеуді талап ететін ешқандай заңнамалық талап жоқ. Бір жағынан, ондай талаптың қажеті не? Қалай бәс тіксе де, ұтылса да әркімнің өз шаруасы. Букмекерге бұл қайта тиімді емес пе? Ә жоқ, отандық букмекерлер қауымдастығы жоғарыдан ешқандай нұсқау күтпей-ақ, жауапты ойын қағидаларының тәжірибесін енгізе бастады. Олар өзінің қаржылық мүддесін ысырып тастап, қоғам мүддесін ойлағандықтан осындай қадамға барып отыр.
Жауапты ойын деген не?
Елдегі барлық букмекерлік кеңселер Қазақстан букмекерлері өзін-өзі реттеуші ұйымына (ҚБӨРҰ) мүше. Қазіргі кезде халықаралық тәжірибеде қолданылатын «жауапты ойын» құралдары қолданысқа енгізілген. Бұл құралдар әбден уақыт сынынан өткен. Оның мақсаты – ойыннан туындайтын жағымсыз әлеуметтік әсерді төмендету.
«Егемен Қазақстан» басылымы жолдаған сауалға ҚБӨРҰ былай жауап берген еді: «2019 жылы букмекерлік қауымдастық тарапынан өзін-өзі шектейтін ойыншылар тізімін жасау және бұл норманы ойын туралы заңға енгізу туралы бастама көтерілді. Сонда ойыншылардың өзін-өзі шектеуіне немесе бәске қатысудан бас тартуына алты айдан бір жылға дейін мүмкіндік беріледі. Ұйымға мүше букмекерлік кеңселердің сайттарында ойынға тәуелділіктің алдын алу мақсатында сұрақ-жауап (анкета), құмар ойындарға тәуелділікті төмендету мен анықтау туралы нұсқаулықтар шығарылған. Сондай-ақ ұйым лудоманияны емдеу саласында реабилитациялық орталықтармен байланыс орнатты. Кәмелетке толмағандар мен 21 жасқа дейінгі азаматтардың арасында құмар ойындардың кесірін түсіндіріп, ескертуге арналған алдын алу бағдарламаларын әзірлеу қолға алынды.
2019 жылы дәл осы букмекерлік қауымдастықтың бастамасымен «Ойын бизнесі туралы» отандық заңға өзін-өзі шектеу туралы жаңа норма енгізілген болатын. Бұл ойынпаздыққа беріліп, құмарлығын тежей алмайтын адамдардың өзін-өзі шектеп, қаржысын сақтауына мүмкіндік береді.
«Осы норманың арқасында клиент букмекерлік кеңселердің бірінде өзін-өзі шектеуге өтініш берсе, басқа букмекерлерді былай қойғанда, казинода да ойнай алмай қалады», – дейді ҚБӨРҰ өкілі. – 2019 жылға дейін біздің адамдарда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қазір құмар ойындарға қатысуға өзін-өзі шектеу үшін кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға өз еркімен өтініш жазса жетіп жатыр. Әрі заң тұрғысынан бұл Қазақстан аумағындағы бүкіл ойын бизнесін ұйымдастырушыларға өтініш беру дегенді білдіреді. Ойын бизнесін ұйымдастырушы өтінішті қабылдап, тіркеген соң оның көшірмесі бес жұмыс күнінен кешіктірілмей, құзырлы органға жөнелтіледі. Шектеу мерзімі аяқталғанға дейін клиент оны әрмен қарай созу туралы шешім қабылдаса, мерзімін ұзарта алады. Өзін-өзі шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін құзырлы мекеме құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылған азаматтардың тізімінен шығарады.
Айта кету керек, өзін-өзі шектеу – жауапты ойын қағидасының әлемдік тәжірибесінде қолданылатын құралдардың кішкентай ғана бір бөлігі. Бүгінде бұл тәжірибе біздің елімізде де құлашын кең жайды. ҚБӨРҰ өкілі атап өткендей, тұтас алғанда, Қазақстандағы букмекерлік қауымдастық халықаралық тәжірибеде таралған құралдардың негізгі бөлімін қолданып жатыр. Ұйым клиенттерге жаңа мүмкіндіктер ұсынатын жауапты ойын құралдарының аясын кеңейту бағытындағы жұмысын тоқтатқан емес. Жауапты ойын болашақта Қазақстан букмекерлер қауымдастығының тұғырына айналатынына сенімді.
Өзін-өзі тізгіндеу: кім үшін маңызды?
Көптеген бақылаушылар соңғы кезде еліміздегі қоғамдық-ақпарат кеңістігінде дәл осы ойын бизнесінің әлеуметтік қыры жан-жақты талқыға түсетінін байқады. Мұнда қызу пікірталас жүріп жатыр. Билік тізгінін ұстаған кейбір тұлғалар, тіпті биік мінберден күмәнді деректер келтіруге дайын. Мәселен, өткенде Мәжіліс депутаттары Рамазанова мен Смышляеваның депутаттық сауалында Қазақстандағы 10 ажырасудың 7-уі отағасының ойынпаздығы кесірінен деген мағлұмат келтірілді. Шындыққа жанаспайтын мұндай көрсеткішті қайдан алғаны белгісіз, оны сауалдың авторлары нақты айтқан да жоқ. Олардың бұл мәлімдемесі сарапшы саясаттанушылардың Парламенттегі сараптамалық жұмыстың деңгейі туралы сауал қоюына әкеп соқтырды. Негізі мұндай мәліметтер жоғары деңгейде жария етілгенде сырттағы жұрт Қазақстанда жаппай ойынпаздыққа берілген құмарпаз ұлт тұрады деп ойлап қалуы да мүмкін ғой. Әрине, біз олай емес екенін білеміз. Статистика бойынша, 18 жасқа толған әрбір екінші итальяндық немесе ағылшын тым құрығанда айына бір рет бәс тігетін жағдай бізде қалыптаса қойған жоқ.
Бірақ, соған қарамастан, мұндай мәлімдеме біздің қоғамды ойынпаздық мәселесі қатты толғандыратынын көрсетеді. Бұған көз жұмып қарауға болмайды. Бір қызығы, қоғамдағы алаңдаушылыққа ең алдымен ойын индустриясының өкілдері ерекше мән береді.
Букмекерлік салада клиенттердің ойынпаздық деректері дәстүрлі құмар ойындары саласында (рулетка, покер, лотерея) 8-10 есе аз тіркелсе де, алаңдауға негіз жоқ деуге де болмайды. Өкінішке қарай, түйткіл бар. Әсіресе, бәс тіккеннен кейін ақшаның астында қаласың деген ертегіге сенетін аңқаулар көп. Бәс тігуге жаңадан құмартқандар «жұмысқа емес, ұтысқа сенуге» бейім тұрады. Сондықтан да букмекерлік кеңселер соңғы кезде құмарлықтың жетегінде кетіп, бәрінен айрылатындарды тежейтін арнайы шараларды қолға алды.
Атап айтқанда, бұл – бір бәстің ағымдағы мөлшеріне немесе бәс тігуде пайдаланылатын банк көлеміне бір күнге, бір аптаға немесе бір айға шектеу қою. Сондай-ақ букмекер сайтында өткізетін уақытқа лимит қою. Ол бойынша белгілі бір уақыт өткенде келесі күнге дейін ол сайтқа кіре алмайсыз. Ұтылғаннан кейін белгілі бір мерзімге дейін бәс тіге алмау жағы да қарастырылған.
Осы құралдардың барлығы, қайталап айтамыз, пайда жағынан букмекерге тиімді емес. Керісінше, олардың табысы құмарлыққа жан-тәнімен берілген, қайтсе де ұтқысы келетін, сол үшін соңғы жейдесін шешіп беруге дайын ойынпаздардың есебінен молаяды. Бірақ отандық букмекерлер бүгінгі күні қалтасын қампайтуды емес, ең алдымен беделін ойлайды.
Олжабек Байқуатов