jasqazaq.kz

Қылмыстың құйрығы — біртұтам

20 қараша 2020, 14:06

Полиция қанша қырағы болған сайын қылмыстың түрі көбейіп, саны артып барады. Тіпті адам баласының қиялы жете бермейтін қылмыс түрлері пайда болып жатыр. Жақында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, есірткі бизнесімен айналысқандарды құрықтапты.

Бораттың аты аспандап тұр деді ме екен, интернет-дүкеннің иесі өзінің есірткі бизнесін солай атапты. Былай қарағанда, Бораттан есе қайтарғысы келгендердің ісі шығар деп, сүйсіне қалуыңыз мүмкін. Алайда мақсат-мүддесі мүлде басқа екен.

Ведомство хабарламасында: «2020 жылдың сәуірі мен қазан айы аралығында шетелден синтетикалық есірткіні Қазақстанға жеткізіп, оны даярлап, «Borat 24» интернет-дүкені арқылы сатумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың көзін жою мақсатында ҰҚК кең ауқымды операция жүргізді» делінген.

Былтыр осы уақытта Көкшетауда әлеуметтік желі арқылы бес аймақ бойынша синтетикалық есірткі таратқан тауар жеткізуші ұсталған болатын. Биыл 26 сәуірде Степногорск қаласында синтетикалық есірткі шығаратын бір зертхана анықталып, көзі жойылды. Ұсталғандарды «Borat 24» интернет-дүкенінің үйлестірушісі басқарып отырған. Жедел операция нәтижесінде трансұлттық есірткі тобының 34 мүшесі ұсталып, 8 есірткі шығаратын зертхана жойылды. Есірткі жасайтын сегіз зертхана деген аз емес. Мұндай санмен олар қанша адамның өмірін өксіткенін ойлаудың өзі қорқынышты!

Одан бөлек, еліміздің ең ірі қалалары — Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентке заңсыз тасымалданған 40 келі психотроптық заттар тәркіленді. Тәркіленген есірткінің қара базардағы бөлшек сауда бағасы 600 млн теңге (80 мың доза) болған. Сонымен бірге заңсыз крипто-биржалардың қызметі тоқтатылды. Олар биткоиндарды сатып алу және оларды шетелге экспорттау бойынша қаржылық операцияларды жүргізу арқылы есірткі сатудан түскен ақшаны заңдастырып отырған. Осының өзі әлгі есірткі бизнесімен айналысқан топтың жан-жақты қамданып, қанатын кеңге жайып алғанын көрсетсе керек.

Есірткі бизнесінен түскен ақшаны заңдастыру үшін құрылған алты мобильді «майнинг фермалары» анықталған. 2018 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың желтоқсанына дейін есірткі құрылымдары 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты заңдастырған.

Сондай-ақ қаржы пирамидасын құрып, соған алдап-арбап түсіретін алаяқтар да көбейіп кетті. Аты-шулы «Гарант 24 Ломбард» қаржы пирамидасы былтыр құрықталып, қылмысы әшкере болған еді. Сол пирамида құрған алаяқтарға қатысты тергеу аяқталды. Полицияға 18 мыңнан аса арыз түсіп, жәбірленушілер 22 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Қылмыстық топты құрықтауға 150-ден аса тергеуші мен анықтаушы жұмылдырылыпты. Ақырында 56 адам жауапкершілікке тартылып, 5 адам әлі іздестіріліп жатыр. Күдіктілерден 70 миллион теңге тәркіленіп, 22 миллиард теңгеден асатын мүлікке тыйым салынған.

Ал Ақтөбеде «Голд компани» серіктестігіне қатысты тергеу аяқталды. 2,5 мың адамнан арыз түскен компаниядан 32 миллион теңге тәркіленген. Күдіктілердің бәрі – Ресей азаматтары. Олар осы жұмыспен айналысу үшін елімізге арнайы келген.

Жарас ШӨКЕ

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде