jasqazaq.kz

Қуатты агросектормен азық-түлік қауіпсіздігіне

25 наурыз 2022, 12:06

Жуырда Үкіметте көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Оған тоқталмас бұрын, бүгінде көпшілікті ойландырып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мен отандық ауыл шаруашылығының мол әлеуетін сөз етуді жөн көрдік.

«Адамзат азық-түлік тапшылығын сезінуі мүмкін». Түрлі деңгейдегі басқосуда мамандар осындай болжамды көлденең тарта бастады. Ғаламшарда климаттың өзгеруі мен алпауыт күштер арасында үйреншікті үрдіске айналып бара жатқан ымырасыз текетірестің геоэкономикаға әсері осындай тұжырым жасауға түрткі болса керек. Кез келген мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығының әлеуеті мен даму деңгейіне байланысты екені белгілі.

Мұның алғашқысына келсек, шын мәнінде, отандық ауыл шаруашылығының әлеуеті ересен. Бірер жыл бұрын Парламентте мынадай дерек жария етілді: бізде 30 млн мал басын бағуға жарамды 180 млн гектар табиғи жайылым бар. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Қытай, Аустралия, АҚШ және Бразилиядан кейін бесінші орында тұр. Мал басы бойынша қазіргі шамамыз 12 миллионның төңірегінде. Егіншілікке келсек, мұнда да әлеуетіміз мол. 10,6 гектар тыңайған жерлерді қосқанда егін егуге жарамды 35,4 млн га егістік алқабы бар. Бұл жағынан дүниежүзінде оныншы орындамыз. Табиғатымыздың ерекшелігі кейбір елдердегідей, астық тұқымдас дақылды бір жылда бірнеше рет өсіруге мүмкіндік бермейді. Соған қарамастан, жыл сайын 7 млн тонна астық шетке жөнелтіледі. Бидай экспорты бойынша Ресей мен Украинаның алдыңғы қатарда тұрғанын ескерсек, сарапшылар биыл ұн мен нанға сұраныстың көбейетінін болжап отыр. Олар осы екі елден әлемдік базарларға жеткізілетін астық көлемінің биыл азаятынын меңзесе керек. Мамандар тауар қозғалысында шекара танымайтын жаһандану үрдісінің тоқтағанын, алдағы уақытта әркімнің өз азық-түлік қауіпсіздігін ойлауға бас қатыруы тиіс деген пікірде.

Айта кеткен жөн, мұнай мен газ немесе металл сияқты емес, Қазақстанның теңіз жолдарынан қашықта жатуы (Landlocked Countries) бидай тасымалын қымбатқа түсірмейді. Қазақ астығын алатын мемлекеттер тура қасымызда: Қытай, Өзбекстан, Ауғанстан, Иран. Ары кетсе, Парсы Шығанағына апарады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) мәліметіне жүгінсек, жауын-шашын аз болған өткен жылы 12 млн тоннаға жуық бидай бастырылды. Тәжірибелі диқандар бұл ретте теріскей өңірлерде қар тоқтату арқылы топырақта ылғалды көбейту, сондай-ақ тыңайтқыш пайдалану қарқынынын арттырып, егін шығымын молайтуға болатынын айтады. Аталған саланы да шарпыған «сауда соғысының» кесірінен жердің құнарлылығын арттыратын тыңайтқыш қат тауарға айналғалы тұр. Әлемдегі калий өндірісінің 20 пайызын қамтамасыз ететін Беларусьтегі компанияның экспортына тыйым салынуы біраз елдегі фермерді тыңайтқышсыз қалдыруы мүмкін.

Біздің Үкімет аталған саланы назардан тыс қалдырған емес. АШМ 2017 жылы Агрохимия картасын жасап, саладағы көкейкесті міндеттер сараланып, келелі міндеттер белгіленді. Бұл бағытта бірқатар шаруа қолға алынды. «ҚазАзот» пен «ҚазФосфат» сияқты ірі компаниялар бастаған отандық тыңайтқыш өндіретін компаниялардың қазіргі қуаты – 1 млн 156,6 мың тонна. Бұл әлгі Карта бойынша жеткілікті мөлшер.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста энергетика министрі Болат Ақшолақов, ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады. Әкімдіктер биылғы жылға арналған егіс алқаптарына қатысты болжамдық көрсеткіштерді жариялады. Енді дерек пен есеп-қисапқа кезек берейік.

Биылғы жалпы егіс алаңы – 23,1 млн гектар. Өткен жылмен салыстырғанда 125 мың гектарға артық. Агросаланы әртараптандыру мақсатында монодақылдан біртіндеп бас тарту үрдісі жалғасуда. Соған орай, бидай егістігінің көлемі 285 мың гектарға азаяды. Есесіне жем-шөп беретін дақыл алқабы анағұрлым ұлғайып, 3,6 млн гектарға жетті. Бұған соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен былтырғы қуаңшылық сияқты жайсыз құбылыстар ықпал етуде.

«Үкіметтің мақта мен күріш сияқты суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту туралы тапсырмасы бар. Алайда Түркістан облысы әкімдігі мақта алқаптары 5 мың гектарға өскенін айтады. Оның негізгі себебі 2021 жылғы сатып алу бағасының 2020 жылға қарағанда 220 мың теңгеге артық болуы». Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі ақ маржан мен «ақ алтын» нарығындағы ахуалды осылай сипаттады. Бұл жерде Үкімет михнаты (бейнет) көп «ақ алтынның» әр тоннасына шаққанда бағаны өсіріп, тиімді де сәтті қадам жасағанын атап өткен жөн. Өйткені кейінгі кезде оңтүстік өңірде мақта шаруашылығындағы диқандар көкөніске ден қоя бастады. Себебі табысы қомақты. «Әр тоннадан 1 млн теңгеге дейін таза пайда табуға болады» деседі.

 «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Осыған орай, егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады. Шаруалардың қажетті жанар-жағармайды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн».

(Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауынан. 16.03.2022)

Әлемдік озық тәжірибе көрсеткендей, мақта тамақ, жеңіл, және медицина өнеркәсіптерін өркендетуге септігін тигізеді. Киім-кешек, өсімдік майы, дәке және бетпердені өзімізде шығаруға болады. Соңғы екеуіне өте-мөте зәру екеніміз, әсіресе, пандемия кезінде көрінді. Сарапшылар санкция текетіресі өршіген сайын оның теріс әсері әлемдік экономикаға тиетінін, сол себепті отандық өнімге деген сұраныстың артатынын айтып жүр. Осы тұрғыдан алғанда, біздегі мақта шаруашылығының бір емес, бірнеше саланы сүйрей алатын әлеуеті, ең бастысы, басқасын қойғанда, сырттан қыруар қаржыға сатып алатын қарапайым заттарды өзімізде көптеп өндіруге жол ашатын қауқары бар. Диқандар былтыр 280 мың тонна шитті мақта жинады. Қайбір жылы көрсеткіш 330 мың тоннадан асқан.

Әңгімеге арқау болған мақта елімізде тек Түркістан облысының еншісінде. Еліміздегі жүзімнің 76, бақша өнімдерінің 59, жеміс-жидектің 40, мақсарының 33, жүгерінің 25 пайызы аталған өңірден. Демек, табиғаты да, топырағы да ауыл шаруашылығына қолайлы. Бұл көптен бері айтылып келе жатқан «еліміздегі өңірлердің белгілі салаға басымдық бере отырып, мамандануы қажет» дейтін тұжырымның дұрыстығын көрсетсе керек.

Биыл жоспар бойынша күріш 89,9 мың гектар алқапқа егілуі тиіс. Көрсеткіш бұрынғыдан азырақ. «Ақ алтын» сияқты «Ақ маржан» да жеткілікті дәрежеде ылғалға зәру. Құзырлы орындар осыны ескере отырып, биыл ерте қамданды. Наурыздың ортасына таман Қырғызстанмен Су кеңесінің отырысы өткізілді. Су мен электр қуатын алмасу жөнінде уағдаластық жасалды. Премьер-Министр Ә. Смайылов оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету алдыңғы қатарлы міндет екенін айрықша атап өтті.

Тұтыну нарығындағы қазіргі ахуал қант қызылшасын көптеп өсіріп, өзімізді тәтті шекермен толық қамтамасыз ету қажеттігін қаперге салып отыр. Тағы да статистикаға сүйенсек, елімізде 277 мың тонна қант өндіріледі. Импортқа тәуелділіктен арылу үшін қант қызылшасын көбірек өсіріп, шекер өндірісінің қуатын арттыруды мықтап қолға алатын кез келді. Осы дақылға Алматы облысынан бөлек, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының да ықылас танытып отырғанын айтқан жөн. Өзгеге өнеге боларлық озық тәжірибе де бар. Жетісу өңірі Амандық Баталовтың басшылығымен тұралап қалған саланың бойына қан жүгіртті. Неше жыл тұрған қант зауыттары іске қосылды. Диқандар жерге, жұмысшылар өндіріс ошағына қайта оралды. Жаңа әкім, тәжірибелі менеджер Қанат Бозымбаев игілікті істі жалғастырады деген үміт мол.

Қант қызылшасы өндірісінде кезек күттірмейтін тағы бір мәселе бар. Ол – фермерді өзімізде шығарылатын сапалы тұқыммен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ету. Бұл ретте ғалымдар Шолпан Бастаубаева мен Керімтай Қонысбеков жоғары сапалы тұқым өндірісін жолға қоюды, бұл үшін алдымен шағын цехтар құруды ұсынды. Құзырлы орындар мұны қолдап жатса, қант қызылшасына қажетті тұқым өндіретін шаруашылықтар пайда болар еді.

Геосаясатта қалыптасқан қазіргі ахуалды ескерсек, экономикадағы ендігі беталыс агросалаға басымдық беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салу қажет. Осы жолмен жүргендер ұтылмайтын сияқты.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде