
Алматы облысы — инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қарқынды даму үстіндегі аймақ. Қазірдің өзінде өңірде жалпы құны 7,8 триллион теңгені құрайтын 276 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізіліп жатыр. Жобалар толық іске асқан жағдайда 169 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Әсіресе, көлік және логистика, құрылыс индустриясы, туризм, агроөнеркәсіп пен энергетика салаларына қызығушылық жоғары. Бүгінде өңірде 168 жоба нақты жүзеге асырылып жатса, тағы 64 жоба перспективалық бағытта қарастырылуда. Осы орайда Jas Qazaq тілшісі Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлымен өңірдегі инвестициялық ахуал, жаңа жобалар және экономиканың басым бағыттары туралы сұхбаттасты.
— Қуаныш мырза, бүгінде Алматы облысындағы инвестициялық ахуалды қалай бағалар едіңіз?
— Бүгінгі күні Алматы облысы инвестиция тарту бойынша еліміздегі белсенді өңірлердің біріне айналып келеді. Бізде өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндірістер ашуға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгінде 276 инвестициялық жоба толық жүзеге асқан жағдайда 169 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз облыс экономикасы үшін өте үлкен көрсеткіш.
Қазірдің өзінде көптеген жоба нақты іске асыру кезеңіне өткен. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Әсіресе, өндіріс, логистика, туризм және агроөнеркәсіп салалары қарқынды дамып келеді.
— Осы жобалардың ішінде қаншасы нақты жүзеге асып жатыр?
— Қазіргі таңда 168 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 3,8 триллион теңгені құрайды. Осы жобалар аясында 82 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Жобаларымыз тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, нақты өндірістер, құрылыс нысандары, логистикалық орталықтар мен кәсіпорындар салынып жатқан жобалар.
Сонымен қатар 64 перспективалық жоба бар. Олардың жалпы құны 2,8 триллион теңге. Бұл жобалар толық іске қосылса, тағы 76 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Ал қазіргі таңда түрлі себептермен тоқтап тұрған 44 жоба бар. Олардың жалпы құны 1,1 триллион теңгені құрайды. Дәл осы жобалар бойынша да инвесторлармен және жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр.
— Қай салаларға инвестиция көбірек тартылып жатыр?
— Қазір бірнеше негізгі бағыт бар. Соның ішінде ең үлкен көрсеткіштердің бірі — көлік және логистика саласы. Осы бағытта 38 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгеден асады. Ең маңыздысы — салада 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Алматы облысының географиялық орналасуы өте қолайлы. Халықаралық көлік дәліздері, Алматы қаласына жақын болуы, транзиттік әлеуеті — барлығы логистика саласының дамуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар құрылыс индустриясында да өсім жоғары. Айта кетейік, құрылыс саласында 26 инвестициялық жоба бар. Жалпы құны 323,6 миллиард теңгені құрайды. Осы жобалар арқылы 69 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Бұл — барлық салалардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Себебі құрылыс саласы көптеген қосымша бағыттарды қамтиды. Құрылыс материалдарын өндіру, инфрақұрылым тарту, сервистік қызметтер — барлығы жаңа жұмыс орындарын ашады.
— Ал туризм саласында қандай жұмыстар жүріп жатыр?
— Қазір бұл бағытта да жалпы құны 577 миллиард теңгеден асатын 30 жоба бар. Жобалар толық іске қосылғанда 4,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Біздің өңірдің табиғи әлеуеті өте жоғары. Көлсай, Қайыңды, Шарын, Іле Алатауы сияқты туристік аймақтарға қызығушылық артып келеді. Сондықтан қазіргі таңда қонақүйлер, демалыс аймақтары, туристік кешендер мен сервистік инфрақұрылымға инвестиция тарту жұмыстары күшейтілуде.
– Алатау қаласында іске қосылған әуе таксиі жобасының инвестициялық маңызы қандай?
– Бұл жоба – Алматы облысына тартылған ірі технологиялық инвестициялардың бірі. Жалпы жобаға 250 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Қаражат тек әуе таксиін сынақтан өткізуге ғана емес, тұтас инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталып отыр. Атап айтқанда, Alatau City аумағында алғашқы вертипорттың құрылысы басталды. Болашақта Алматы қаласы, Алатау қаласы және облыстың туристік аймақтарын байланыстыратын арнайы вертипорттар желісі құрылмақ.
Жоба өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар инженерия, авиация, IT және сервистік қызмет көрсету салаларында жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
— Агроөнеркәсіп саласындағы жағдай қандай?
— Агроөнеркәсіп кешені де біз үшін стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Салада жалпы құны 1,1 триллион теңгені құрайтын 45 жоба бар. Олар шамамен 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қазір ауыл шаруашылығында тек шикізат өндіру емес, оны өңдеу мәселесіне де басымдық беріліп жатыр. Заманауи технология енгізу, су үнемдеу, агрологиялық орталықтар ашу, экспорттық әлеуетті күшейту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
— Өңдеу өнеркәсібі бойынша да жобалар бар ма?
— Әрине. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 258 миллиард теңгеден асатын 31 жоба бар. Осы жобалар аясында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңдеу өнеркәсібі экономиканың тұрақтылығын арттырады. Яғни біз тек шикізат өндіруші өңір болып қалмай, дайын өнім шығаратын аймаққа айналуымыз керек.
— Энергетика саласындағы инвестициялар туралы не айтасыз?
— Энергетика саласында да үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 897 миллиард теңгеден асатын 20 жоба бар.
Қазір жаңартылатын энергия көздеріне ерекше назар аударылуда. Күн және жел электр станцияларын салу бойынша инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары.
Бұдан бөлек, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жалпы құны 444 миллиард теңгеден асатын 10 жоба бар. Олар шамамен 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы Алматы облысының инвестициялық әлеуетінің басты артықшылығы — географиялық орналасу мен экономикалық мүмкіндіктердің үйлесуі. Алматы қаласына жақындық, көлік дәліздері, халық санының өсуі, ішкі нарықтың кеңеюі — бәрі инвесторлар үшін маңызды фактор.
Сонымен қатар бізде өндіріс ашуға қолайлы индустриялық аймақтар бар. Инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып келеді. Мемлекет тарапынан да инвесторларға қолдау көрсетіледі.
Басты мақсат — тек инвестиция тарту емес, халыққа нақты пайда әкелетін, тұрақты жұмыс орындарын ашатын және өңір экономикасын ұзақ мерзімде дамытатын жобаларды іске асыру.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық