jasqazaq.kz

Қожыраған қой шаруашылығы

21 тамыз 2020, 12:03

Кеңес өкіметі шалқасынан түсіп, шашылып қаларының алдында «Қазақстан» кеңшарының бір отар ісегін бағып жүрген Есенбай омырауына жарқыратып медаль таққан. Әлі бар. Аздап тозған. Жазуы ескірген. Енді қайтсін, көрші-қолаң құдалыққа тағып барып, майлы қолдарымен ұстап, құда-құдағимен төс қағыстырып жүргенде көнерген-дағы.

О, ол заманда Есенбайдың түкірігі жерге түспей-тұғын. Рас, шопанның көмекшісі болып бастады. Көмекші дегенің аты ғана, әйтпесе, қойды бағатын Есенбай. Төл-төгіні кезінде тұяғын сыпырып, аузынан үріп қозының саңғырағынан құтыла алмаушы еді. Ал аға шопан ет жеп, картаға қозы тігіп, серілік құрып кететін. Дәл кеңес өкіметі тарар алдында жеке отарға ие болды. Бір ғажабы, Есенбай құдды бір киік бағып жүргендей қойшы деген атауды ұнатпайтын.

«Қойшы дейтін ол байлардың заманында болған, біз кеңес өкіметінің адал азаматтарының аузынан ақ май ағызып отырған шопанбыз» дейтін. Сол аға шопандық міндетті бір-ақ жыл атқарды. Кеңес өкіметі келмеске кеткен кезде, «Қазақстан» совхозының 45 мың қойы бірге кетті.
Несін айтасыз, абыройы енді-енді көтеріліп келе жатыр еді. Совхоз басшылары да санасатын. Енді ше, Есенбай анау-мынау емес, аға шопан емес пе? Кубкаға қой түсіргенде семіз тоқтыны екеулеп сойып, ақсақалдардың батасын алатын. Біздің бүгінгі оқырман кубканың не екенін біле бермес. Кубканың не екенін таратып айтайық. Жазда қой жарықтыққа кім үйір? Бригадир, веттехник, сонан соң құрт-құмырсқа. Кубка каролин дәрісі араластырылған су. Бетондалған жырақаға қойларды бір-бірден түсірсе, үсті-басы каролин дәрісі саситын. Қойға кемінде алты айға дейін бригадир де, құрт-құмырсқа да жолай алмайды. У-дәрінің сасық иісі қой етінен тарағанша осыншама уақыт өтеді. Түсіру де оңай емес, сасық жырақаға мұрнына иіс бармайды дейтін қойдың өзі түскісі келмейді. Ауылдың тәмам баласы, жігіт-желеңі жиналып көмектеседі.

Сол жылы оларға еңбекақы төленбай қалды. Есенбай совхоз директорына өтініш жазған. Ол кезде өтініштің бәрі орыс тілінде жазылады. Амал жоқ Есенбай былай деп жазды. «На кубку ягнят гнали ребят, дайте зарплат». Директор күліпті де, қол қойып бере салыпты. Ол да бір заман екен. Қазір кубка қайда, қой қайда, ешкім біліп болмайды.

Совхоз тарағанда, әлденеше жылғы еңбегіне жетім қалған жеті тоқты бұйырған. Кейін төртеуі жоғалды. Оны іздейтін Есенбай ма, мал болған соң шығын болады ғой дескен де қойған. Қалған үшеуі қой болды. Бірақ соңынан қозы ермеді. Алпыс үйлі ауылда қошқар жоқ. Айтпақшы, көрші Жәдігер ағасы әлдеқайдан асыл тұқымды қошқар әкеліпті. Сұрап көрген, үш қойының «махаббат маусымын» өткізгені үшін басына 2 мың теңге ақша сұрайды. Есенбай шошып кеткен, мұндайды кім көріпті.

– Жоқ, – деген Жәдігер ағасы. – Мен қошқарды жемдеймін, суарамын, жоғалса, іздейсің. Енді келіп сенің қойларыңмен тегін махаббат құра алмайды ғой.

Сол сәтте Есенбай көптен бері босағада керексіз болып қалған, баяғы қой баққанда ұстайтын ақ тұяғын домбыра тәрізді сабалап өлең шығарған:

Жаратқан жақсылығын бір бермекші,
Жасы жетіп оны енді кім көрмекші?
Жәдігер ағам еңбек етіп шаршаған ғой,
Қошқардың шыбығымен күн көрмекші.

Қошқар демекші, бұл мәселе қазір Есенбайдың ауылын ғана емес, тұтас облысты зар қылып тұр екен. Ол туралы кейін… Әзірге қой шаруашылығындағы қиюы қашқан сәтті екшеп көрелікші.
Жұмыр жердің бетін жаман тұмау жайлағалы әлемнің әр қиырында азық-түлікке алаңдаушылық пайда бола бастады. Дастарханды толтыратын адал астың бірі – қой еті. Бірақ, өкінішке қарай, бұл саланы дамыту назарға алынбай жүр. Өңірде 600 мыңға таяу қой бар. Екі пайызы ғана асыл тұқымды. Қой етін өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Жүні мен терісі өңделмей, рәсуа болып жатыр.

Бағымдағы малдың 62 мыңға жуығы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, 107 мыңы шаруа қожалықтарының еншісінде. Қалғанын малсақ қауым, жеке шаруа бағып отыр. Ақмола облысында бірде-бір бірыңғай қой шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылық жоқ. Қой еті өтімді болса да «ұсақ мал бағып, пайда табайықшы, өрісті қойға толтырайықшы» деп ұмтылып отырғандар байқалмайды. Оның бірінші себебі, жоғарыда айтып өткен қой етін өңдейтін кәсіпорынның жоқтығы. Жалғыз кәсіпорын Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды елді мекенінде ғана. Демек жүздеп, мыңдап қой өсірген серіктестік қой етін ұқсата алмайды. Союының өзі сойылдай мәселе. Егер жүздеп, мыңдап қой бақса, қайда өткізер еді?! Бір-бірден сатып қай уақытта нәпақа таппақ? Тұсау болып отырған тұсы осы.

Ірі шаруашылықтар мал бағып жатыр деген аты үшін ғана азын-аулақ қой ұстап отыр. «Жайылым туралы» заң талаптарын бұзбау үшін. Мәселенің мәнісін жақсы білетіндердің айтуына қарағанда, пайдаланып отырған жердің 20 пайызы кәдеге асып жатса, ешкім де көз аларта алмайды. Сол үшін керек.

Екінші мәселе, қой өсірген малсақ қауым пайда көрсе етінен ғана көреді, жүні мен терісінің көк тиынға құны жоқ. Оның өзіндік себебі, негізінен қолда бар ұсақ малдың қылшық жүнді болуынан. Тағы да айтайық, бұл өңірдегі қойдың дені қылшық жүнді болып келеді. Қой жүнінің қадірлісі – биязы жүнді мал. Оны өсіруге жайылымның жайы қолбайлау. Көкшетау мен Қараөткелдің арасындағы жалпақ жонда негізінен ақселеу мен қаудан шөбі өседі. Бұл өсімдіктердің басындағы ине шөп қой терісіне қадалып, ауруға ұшырауына себепші болып жатады. Терісінің бағаланбауы да сол себепті. Сондықтан, мал жайын білетін қауым қылшық жүнді қой өсіруге көшкен. Әрине, ертеректе биязы жүн әлдеқайда қымбат бағаланатын. Қазір екеуі де қадірсіз.
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов: «Орташа есеппен қылшықты жүннің бір келісі 45 теңге шамасында. Онда да алушы жоқ. Облыс орталығындағы «Киіз» акционерлік қоғамы жүн қабылдағанымен, көлемі аз. Оның өзінде де жүннің сапасына қарай оңтүстік өңірден жеткізеді. Жүнді тазалау, жуу машақаты көп шаруа», – дейді.

Сараптаушылардың пікіріне ден қойсақ, өркениет өрістеген сайын әлмисақтан халқымыздың игілігіне жарап келген қой жүнін синтепон тәрізді материал біржола ығыстырып тастаған. Тек соңғы уақытта ғана табиғи жылу беретін материалдарға сұраныс біртіндеп артып келеді. Негізі қалауын тапқанға қазына іспетті қой терісі мен жүнді кәдеге асыру жайы талайдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Осы орайда, қой жүнінің иен жатқан байлық екендігін кәсіпкерлердің назарына ұсына кетелік. Көкшетау қаласының іргесіндегі Нұрлыкөш ауылындағы тас басып, тау асып келген біраз ағайын жұмыссыз отыр. Жүн жайын бір білсе, солар біледі.

Мырзабек Мұңсызбек: «Моңғолияда бір шөкім жүн далада қалмайды. Ол жақта киген киіміміз, тұрмыстық бұйымымыздың бәрі тері мен жүннен жасалды», – дейді. Тоғыз қабат торқадан тоқты терісінің артық екендігін жақсы білетін едік. Экологиялық жағынан таза киімді киіп, ауру-сырқаудан ада болып өстік. Қазір не қат, киіз үй қат. Облыс орталығының іргесінде жазғы демалыс орындары ашылып жатыр. Иелері алты қанат, сегіз қанат киіз үй іздеп шапқылауда. Тіпті киіз үйді жазғы демалыс кезінде балалар лагерьлерінде де пайдалануға әбден болар еді. Егер қой жүнін кәдеге асыратын кәсіпорын ұйымдастырса, істің жайын білетін мамандар бар. Киіз үйді жұрт той-томалаққа, асқа жиі пайдаланады. Осы істі өндірістік жолға қойса, қой баққан халыққа да, былайғы жұртқа да тиімді екендігінде дау жоқ.

Мал тұқымын асылдандыруға байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен, биыл тамыз айының басынан бастап күшіне енген «Мал тұқымын асылдандыру туралы» ережеге сәйкес, ел ішінен асыл тұқымды қой сатып алған мал иесіне 15 мың теңге, ал шетелден асыл тұқымды қошқар сатып алса, әр басына 150 мың теңге субсидия төленеді екен. Бәлкім, салаға серпін беретін көмек осы болар. Әйтпесе, тұқымы жаңартылмағандықтан әбден азып кетті.
Көкшетау қаласының тұрғыны Алпысбай Тұрсынбай: «Өткен Құрбан айтта 15-20 келі ет беретін тоқты 50 мың теңгеден сатылды. Демек елдегі ағайын үшін табыстың бір көзі – қой шаруашылығы десек, қателеспейтін шығармыз», – дейді. Былайғы уақытта да базардағы қой етінің әр келісі 2 мың теңгеден жоғары тұрады ғой. Демек ауылда екі қолын алдына сыйғыза алмай қарап отырған жұрт 15-20 қой ұстаса, тәп-тәуір табыс табар еді.

Қой етінің нарықтағы бағасының өсуіне басының аздығы себепші. Өңірдегі жайылымды қойға толтырсақ, өзіндік құны өзге түлікке қарағанда арзан қой етінің бағасы да сәл төмендер еді. Соңғы уақытта жалпақ жұртты жаман тұмау жайлағалы қой еті, әсіресе, құйрық май адам ағзасына пайдалы деген соң, сұраныс та көбейіп келеді.

Қасым Итқұсов «Жылына төрт мың тоннаға жуық қой еті өндіріледі. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамту бағдарламасына сәйкес астананың сауда сөрелеріне ұсынылатын өнім де бар. Өкінішке қарай, қой етін өңдейтін кәсіпорындардың болмауынан бар дүниені ұқсата алмай отырмыз», – деп мәселенің түйткілін тілге тиек етті.

Қазіргі уақытта Ақмола жайылымдарында өрістеген қойдың дені тұқымы белгісіз, әлденеше будандаса тұқымы әбден азған мал. Қой тұқымын асылдандырумен айналысатын селекциялық шаруашылық мүлде жоқ. Ел ішінде қазір құйрықты қойға деген қызығушылық басым. Бірақ оған қол жете бермейді. Ерейментау ауданында Ресейден егіз, әйтпесе үшем қозы табатын романов тұқымды қойын әкеліп бағуға ұмтылыс жасағандар болған. Бірақ әлдебір себептермен өрістете алмады.

«Асно Көкше» серіктестігінің өкілі Бауыржан Молдағалиев: «Қой шаруашылығы кешегі кеңес заманынан бері күйттелген емес. Саланың орын алып отырған мәселелерінің бәрі ұмыт қалды. Қазір шаруашылықтар ішкі қажеттілік үшін ғана қой ұстап отыр. Оның тұқымын асылдандырып, өнімін молайтуға ұмтылып отырғандар жоқ. Шаруашылықтың ішкі қажеттілігіне жараса болды деген немкеттілік қана бар», – дейді.

Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде