jasqazaq.kz

Қазақстан-Грузия: Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа сипаты

25 қыркүйек 2024, 17:56

Шығыс пен Батысты бір-біріне жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жандандыруда маңызды рөлге ие. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов Грузия премьер-министрінің бірінші орынбасары – экономика және ұдайы даму министрі Леван Давиташвилимен кездесуде мәлімдеді. Грузин делегациясы Астанада өткен XII Қазақстан-Грузия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның отырысына қатысу үшін келген болатын.
Биылғы 8 айда Оңтүстік Кавказ аумағы арқылы өтетін осы «Орта дәлізбен» тауар жөнелту көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 69 пайызға артып, 2,9 млн тоннаға жеткенін хабарлады. Осыған орай Олжас Бектенов Қазақстан Президентінің аталған бағытқа айрықша мән беріп отырғанын айта келе, алдағы меже көрсеткішті 10 млн тоннаға жеткізу екенін атап өтті. Бұл салада екі елдің бәсекеге қабілетті баға белгілеу және тауар жеткізу мерзімін азайтуға бағытталған бірлескен іс-қимылының маңызы зор.
Еліміздің Оңтүстік Кавказдағы Грузиямен экономикадағы стратегиялық серіктестігі жылдан жылға нығайып келеді. Өткен жылы өзара сауда-саттық айналымы 600 млн долларды құрады. Бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізуге әлеуеті жеткілікті. Қазақстан көлік министрі Марат Қарабаев пен Грузия премьер-министрінің бірінші орынбасары – экономика және ұдайы даму министрі Леван Давиташвили тең төрағалары болып табылатын үкіметаралық комиссияның отырысында осы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен инвестициялық жобалар жайы талқыланды.

Айта кеткен жөн, грузин инвесторларының ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан экономикасына 88,5 млн доллар көлемінде қаржы құйған. Ал соңғы 10 жылда елімізге салынған инвестиция мөлшері 500 млн доллардан асқан. Ал қазақ кәсіпкерлерінің грузин экономикасына құйған инвестициясы 530 млн долларды құрап отыр.
Екі ел, сондай-ақ, энергетика, көлік логистикасы, туризм және ауыл шаруашылығы салаларында байланысты жандандыру жайын талқылады. Агроөнеркәсіпке келсек, грузин диқандары Қазақстанда зәйтүн майын экспорттайтын хаб құруды ұсынып жүр. Жемістің осы түрін өсіруге Маңғыстаудың ауа-райы қолайлы көрінеді. Әлемдік нарықта зәйтүн майына деген сұраныс қашанда жоғары. Сондықтан бірлескен жобаның тиімді екеніне күмән жоқ.
Кездесудің қорытындысы бойынша, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның хаттамасы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ мен Грузия даму қоры арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Талап Тілеген
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі

13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр
12 қараша, 14:55
Шымкентте қауіпсіздік инфрақұрылымы кеңейіп келеді
10 қараша, 20:03
«COP31»: Әділ, теңгерімді көзқараспен нақты нәтижеге
10 қараша, 16:00
Азамат Ешанқұл: Алматыдағы қоғамдық көліктің 81,2%-ы экологиялық таза отынға көшті
10 қараша, 14:34
Шымкентте Президент Жолдауын түсіндіруге арналған кездесулер өтті
09 қараша, 12:51
Әлішер Бекенов: Жылу шығынын азайту энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді
07 қараша, 10:32
Газ өңдеу зауыттары: Әртараптандырудағы айқын қадам
05 қараша, 18:32
Тарих қойнауынан табылған жазу немесе ғалым мен қаламгердің үндестігі