jasqazaq.kz

Қазақ тілін бес айда үйренді

25 қантар 2019, 12:35

Jas qazaq конференциясының бүгінгі тақырыбы қазақ тілінің тағдырына арналып, шетелдік жастардың өз тіліне көрсетілетін құрметі төңірегінде өрбіді. Қонақтарымыз – Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің PhD докторы, қытайлық Шие Вин ниң, тағы да осы оқу орнының дайындық факультетінің студенттері – кореялық Шин Мин хи мен жапон Хидехару Оно, орыс жігіті, IT маманы Сергей Ахметов пен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті, неміс қызы Мария Штрошер.

Jas qazaq: Шие Вин ниң, сіз біздің елге оқуға келерде «қазақ тілін білмеймін, жаңа ортаға үйренгенше қалай болар екен?» деп қорыққан жоқсың ба?


Шие Вин ниң: Жоқ, жергілікті жұрт орысша жақсы сөйлейді деген соң, соншалықты қатты толқыған жоқпын. Үйренген алғашқы тілім – орыс тілі. Қазақстанда орысша білген адам өмір сүре алатындығына сендім. Осында келіп, қазақ тілін тез арада меңгеруіме себеп болған жағдай, біраз жылдан бері зерттеп жүрген тақырыбыма да байланысты болды. Мен жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын зерттеумен шұғылданамын. ҚазҰУ-дың дайындық бөліміне оқуға түсіп, сабақ кезінде түсінбеген сөздерімді орысша сұрадым. Бірақ мұғалімдер «Бұл – қазақ тілі сабағы. Орысша сөйлемеңіз» деп ескертіп отырды. Сабақ кезінде міндетті түрде қазақша сөйлеу керек болды. Қазір қазақтардан кем сөйлемеймін. Бұл үшін ұстаздарыма рахмет айтамын.
Jas qazaq: Шин Мин хи, сен Кореядан келіпсің. Өз еліңде корей тілін білу міндетті ме, қазақша үйрену қиын болған жоқ па?


Шин Мин хи: Кореяда кез келген ұлт өкілінің корей тілін білуі міндетті. Тіпті шетелден келетін қара жұмысшылардан да корей тілін білу талап етіледі. Мысалы, қазақтар Кореяға барса, біздің тілді тез үйренеді. Себебі корей тілі мен қазақ тілінде грамматикалық жақындық бар. Сондықтан Қазақстанға келу туралы шешім қабылдағанда аса қорқа қойған жоқпын.
Қазақ тілін үйрететін орталықтар аз деп естідім. Достарымнан ғана Қазақстан туралы сұрап, біраз мәлімет білдім. Бір жарым жылдан бері дайындық факультетінде оқып жатырмын. Болашақта қандай мамандық тандайтынымды шешкен жоқпын. Бұрын Кореяда қытай тілі мамандығын бітіргенмін. Енді қазақ тілін үйренсем, өз еліме барып, жұмыс істеймін. Қазақстанның мемлекеттік тілі менің қызметім де пайдасын тигізетіндігіне сенімдімін.
Jas qazaq: Сұхбатымызды Хидехару Оно-мен жалғастырсақ. Бізге жапондар ұлтжанды, тәртіпті халық ретінде белгілі. Тіл мәселесінде де осындай тәртіп бар ма?


Хидехару Оно: Жапонияда 100 пайыз жапон ұлты тұрады. Сондықтан балабақшада да, мектепте де тек жапон тілінде сабақ беріледі. Мен 13 жасымда ғана ағылшын тілін оқыдым. Ал қазір 10 жастан бастап мектептерде шет тілі оқытылады.
Негізгі мамандығым – парсы тілі. Жапонияда осы тілді оқыдым. Ал қазақ тілін үйрену себебім, осы тілде парсылардан енген сөздер кездеседі. Сол жағын терең үйренгім келді. Қазақ тілін білу қажеттіліктен туындады. Бес айдан бері адамдармен сөйлесе алатын жағдайға жеттім.
Jas qazaq: Бәрекелді! Ендігі сөзді Сергейге берейік. Секе, сен өз еліміздің азаматысың. Алайда туған жерінде жүріп те мемлекеттік тілді білмейтіндер, білгісі келмейтіндер көп. Тіл үйренуге сені ешкім де қыстамаған болар?


Сергей Ахметов: Мен Талдықорғанның тумасымын. Ұлтым – орыс. Бойымда он шақты ұлттың қаны бар десем де болады. Орыс мектебін бітірдім. Ал қазақшаны кітап оқу арқылы үйрендім. «Абай жолы» романынан бастап қазақтың біраз кітабын тауыстым. Одан кейін Кенесары Қасымұлы туралы дерек оқып, қазақ тіліне қатты қызықтым. Тіл үйрену қатты қиын емес. «Қ», «ғ», «ң» деген дыбыстарды атау ғана қиындық тудырмаса? Қазақтың тойларында жиі болып, сөз сөйлегенді ұнатамын. Мәселен, тойларда сөз берілсе, «Көбісі жүр гастрольде, мен болайын басты рөлде» деп бастаймын. Негізі IT маманымын. Қазақ тіліне үлесімізді қосайық деп, IT портал ашқанмын. Сол жерде жұмыс істейміз. Талдау-сараптау федерациясы бар. Соның президентімін. Жігіттермен бірігіп, қазақша контент ашуды қолға алдық. Себебі қазақ тілді орта аз. Ғаламторда қазақ тілді информация жоқтың қасы. Мәселен, мен Кенесарыны зерттегенде деректің бәрін Мәскеудің кітапханасынан орысша таптым. Қазақша жоқ.
Англияда Оксфорд университетін бітіргенмін. Ағылшын, орыс, қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Мемлекеттік тілді білу азаматтық борышым. Қазақстанмен мақтанамын!
Jas qazaq: Өзге ұлттан бұрын әр қазақ осылай мақтануы, тілді меңгеруі тиіс. Өкінішке қарай, түйінді мәселе баршылық. Сергей, қазақ тілін үйрету үшін не істеу керек?
Сергей Ахметов: Кейде қазақша білмейтін адамды айыптап жатамыз. Алайда оның қазақ тілін білмеуінің себебі бар ғой. Соған мән бермейміз. Бәлкім, ол орыс тілді ортада өскен шығар. Мүмкін отбасылық тәрбиесі орысша болар. Ондайларға күштеп қазақша үйрете алмаймыз. Қазақша білмегені үшін мазақтап жатамыз. Ол да дұрыс емес.
Менің түсінігімде, тілді үйрену үшін адам алдымен өзі өзгеруі керек. Біреуге ақыл айтатындай, деңгейге жетсін. Тағы бір мәселе – біз патриоттық сезім дегенді түсіне алмай жүрген сияқтымыз. Басқа ұлт өкілі қазақша сөйлесе, оны патриот деп төбемізге көтереміз. Бір ауыз сөз үшін патриот бола қалуды қалай түсінуге болады? Ол – патриот емес. Мысалы, мен өзімді патриотпын деп айта алмаймын. Ол үшін үлкен іс тындыруым керек. Бағасын халық береді.
Jas qazaq: Сонда да бүгіннен бастап сені Отанымыздың патриоты деп есептейміз. Ал енді Марияға сөз берейік. Мария, сенің ұлтың неміс деп естідік…


Мария Штрошер: Иә, менің ұлтым неміс. Нағашыларым қазақ. Алматының іргесіндегі Қаскелең қаласында туып-өстім. Сондықтан бала күнімнен қазақы тәрбиемен сусындадым. Қазақтардың ортасында болып, қазақша мектепке барып, колледжді қазақ тілінде бітірдім. Қазір де қазақ тобында оқимын. Домбыра тарта аламын. Анам әдепті болуды үйретті. Осының барлығы ақ пен қараны айыра білуге дағдыландырды. Мәселен, әлеуметтік желіде қазақ қыздарының ашық-шашық киініп суретке түскенін, ұлттық менталитетке жат әдет-қылық көрсеткеніне ішім ашиды. Бұл басқа елдерде өз ұлтын масқаралағанымен бірдей. Әрбір қазақ қызы өзінің ана тілін білуі керек. Өз елінің тарихынан хабары болғаны дұрыс. Үйінде де қазақша тәрбие алғаны жөн. Кейбір жақсы отбасылар үйлерінде орысша сөйлеседі. Мұндайды құптамаймын. Қазақ боп туған соң үйде де, түзде де қазақша сөйлесуі керек. Бұл болашақ аналардың абыройлы міндеті.
Jas qazaq: Мына бір жағдай еріксіз есіме түсіп отыр. Шие Вин ниң, қазір Қытай жастары ағылшын тілін жаппай үйреніп, шетелдерге кетуге ынтық көрінеді. Екі миллиардқа жуық халық сөйлейтін тілмен өмір сүру қиын ба?


Шие Вин Ниң: Мәселе екі миллиард халық сөйлейтін тілде емес, мәселе қызығушылықта, өмір жолын таңдауда. Мен 9 жасымнан бастап ағылшын тілін үйрендім. Ал сіңлім 6 жасынан бастап ағылшын тілі курсына барды. Ал мектептерде ағылшын тілі күн сайын оқытылады. Қытайда барлық ханзу ұлты қытайша сөйлей алады. Бұл – міндетті. Туған тілін білмейтін қытай жоқ. Бірақ қытай тілі жүзге жуық жергілікті тілдерге бөлінеді. Ханзулардың арасында негізгі қытай тілін білмейтіндер кездеседі. Бірақ сирек. Негізгі қытай тілі дегенім – Бейжің диалектісі. Мысалы, мен қытайдың екі диалектісімен сөйлеймін. Менің ана тілім – туған жерім Хунән өлкесінің диалектісі. Кейін Гуаңжоу диалектісін үйрендім. Бес жастан бастап Бейжің диалектісін үйрене бастадым. Алматыға келгенге дейін 7 жыл орыс тілін үйрендім. 13 жасымнан бастап жапон тілін оқыдым. Французшаға да қара жаяу емеспін. Жастардың өзге тілдерді тез әрі терең меңгеріп, өзге елдерде жұмыс істеуге ынтасы басым. Алайда қайда жүрсе де Отанын ұмытпайды, тілін сатпайды.
Мәселен, қазақ тілін білу маған неге керек болды? Қытайда қазақтар да тұрады. Болашақта қытай университеттерінде қазақ тілінен сабақ беру үшін мемлекет мені осында оқуға жіберді.
Jas qazaq: Иә, Отаныңның патриоты болғанға ештеңе жетпейді ғой?!.


Хидехару Оно: Жапон жастары сіздер ойлағандай, патриот емес. Бірақ осы мәселені басқа әдет, қасиет, дағдылар алмастырған. Мысалы, жастарда арақ ішу, бейәдеп сөз сөйлеу, әлеуметтік желіге әдепсіз бейнесюжет салу немесе жалқаулық сияқты жаман қасиет жоқ. Ал тіл туралы айтсақ, жапон тілін білмейтін жапон жоқ. Халқымыз өте еңбекқор, шыдамды. Өздері жұмыс істейтін компания немесе серіктестікті жақсы көрмесе де, жұмысқа деген жауапкершілігі өте мықты. Мұның бір себебі – Жапонияда бәрі қымбат. Өмір сүру үшін күнде жұмыс істеу керек. Сондықтан жастардың бойына еңбекқорлық қасиет әбден сіңген.
Жапон әдебиеті ерекше дамыған. Алайда Отанға, жапон тіліне, ұлтқа арналған өлең, ән-жыр, әңгіме аз. Қайта қазақтарда Отан, ана тілі туралы өлең, ән көп екен. Осы жағы мені қуантты.
Jas qazaq: Бәрінен қызығы, мемлекетте тілдің дамуында кедергінің жоқтығында ғой…


Шин Мин хи: Осы жерде корей тілі туралы бір ауыз сөз қоса кетейін. Кореяда туған кез келген азамат ана тілін жақсы біледі. Түрлі жағдаймен шетелде туып, шетелде өскен корей ұлтының өкілі ғана ана тіліне шорқақ болуы мүмкін. Мәселен, Америкада туған, сонда өскен корейлер ғана корей тілін білмейді. Бірақ қазақ тілінің Қазақстандағы жағдайы сияқты қиындық жоқ.
Jas qazaq: Сергей, бізде мемлекеттік тілді меңгеру үшін жиі ұрандап, бірақ нәтижесі шамалы болып тұрған жоқ па?


Сергей Ахметов: Біз ана тілі десе, ұрандатуға ғана бармыз. Ал мәселенің түпкі мәніне бармаймыз. Мысалы, IT саласындағы терминдерде қазақша ешқандай балама жоқ. Ауылдан келген қазақтың қарадомалақ баласы техникалық оқу орнына түссе, қазақша оқулық таба алмайды. Ал біз қазақ тілін көтеру үшін күнде жиын, күнде басқосу жасап, құры айғай саламыз. Меніңше, одан ештеңе өзгермейді. Егер қазақ тілін дамытамыз десек, IT, мұнай, экономика, банк салаларын қазақшаландыру керек. Бірақ қазіргі қазақша оқулықтар жазу түгілі, айтуға да ауыр. IT саласы бойынша аударылған бір кітапты көрдім. Оқи алмадым. Оны оқу үшін қолыңызда қазақ тілінің түсіндірме сөздігі болуы керек. Амалсыздан орысша кітаптарға жүгінуге туралы келеді. Аударма мәселесінде, қазақшаны түсінікті тілде аударатын маман да кемшін. Бұл – үлкен мәселе.
Тіл түйткілі туралы тағы бір мәселені айтайын. Біз өз тілімізді өзіміз сыйламаймыз. Қазақ өзін-өзі сыйламаса, басқа ұлт қайтсін? Сосын қазақ екіге бөлінген: бірі – қазақша білмейтіндер, екіншісі – ауылдан келген орыс тілін білмейтіндер. Сол ауылдан қалаға келгендер, мұнда орысша сөйлесек, интеллигентпіз деп ойлайды. Орысша сөйлеуді «модаға» айналдырып алғанбыз. Содан кейін қазақша сөйлейтіндердің арасында жастар еліктейтін тұлға жоқ. Әлеуметтік желі орысша. Ал қазақшасы сауатсыз. Тілдің сүйкімін кетірдік. Сосын қазақша видеоконтент мүлде жоқ. Қазіргі бренд – YouTube. Бірақ сол YouTube-та қазақша контент жоқ. YouTube-та 300-дей орысша канал, он шақты ғана қазақша канал бар. Оның өзі қарабайыр.
Jas qazaq: Мария, осындай өзекті мәселелер оқулықтарда да бар ма?


Мария Штрошер: Мен есепші мамандығы бойынша оқимын. Бізде қазақша оқулық мүлде жоқ. Оқытушыларымыздың өзі интернеттен орысша материал тауып, дайындала беріңдер деп тапсырады. Санаулы қазақша оқулықтардың тілі ауыр. Оны түсіну үшін не аудармашы болуың керек, не қолыңда қазақ тілінің сөздігі болуы шарт.
Неміс ұлтының қызы болғанмен, ана тілімді енді ғана үйреніп жатырмын. Әдетте көшеде, аялдамада басқалар маған орысша сөйлейді. Ал мен қазақша жауап берсем, бәрі таңқалады. Сабақ беретін апайларым да орысша сөйлеп, менің қазақшама таң-тамаша болған.


Шие Вин ниң: Қытай халқында ханзу тілін үйрететін дәстүрлі ереже қалыптасқан. Мәселен, тілі жаңа шығып, енді-енді сөйлеп жүрген балаға тақпақ жаттады. Қазір телеарналарда сондай бағдарламалар бар. Яғни тақпақ жаттаудан жарыс өткізеді. Ол өлеңдер жүз жыл бұрынғы емес, осыдан мың жыл бұрынғы көне жауһар жырлар. Осындай бір бастама сіздерге де керек шығар.
Бүкіл Қытай Бейжің диалектісімен сөйлесе, Хунән, Сычуән, Шаңхай диалектері жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан отбасында жергілікті диалектімен сөйлеген дұрыс. Бұл мысалды қазаққа да қаратып айтуға болады. Үйде, туыс-туғанның арасында қазақша сөйлессе, қазақ тілі өлмейді. Дегенмен, қазақтардың орысша білгені кемшілік емес. Бұл – үлкен артықшылық.
Jas qazaq: Әлемде жапондар аз ұлт қатарына жатпайды. Дегенмен, олардың отандық тауары секілді жер шарына ана тілін неге тарата алмай отыр?


Хидехару Оно: Жапонияда тіл мәселесі болмағанымен, жастардың кешігіп отау құруы үлкен мәселеге айналған. Жапондықтардың көбі 40 жастан асқанда үйленеді. Ажырасу да аз емес. Көптеген елдерде жапон тілі оқытылады. Ол – мемлекеттің саясаты, жұмысы. Ал тауарлары бәсекеге мәңгілік төтеп береді.


Шин Мин хи: Қазақстанда кино орыс тілінде түсіріледі екен. Осыны естіп таңғалдым. Ал Кореяда шетелден әртіс шақырып, басқа тілде кино түсірмейді. Кореяда жергілікті диалекті деген болмайды. Екі Кореяда да бір ғана тіл – корей тілі бар. Соңғы жылдары ғана ағылшын тілін бірінші сыныптан оқыту қолға алынды. Ал өзім 15 жасымнан, яғни 7-сыныптан бастап ағылшынша оқи бастадым.
Jas qazaq: Біз жоғарыда айтқандай, отансүйгіштіктің тамаша үлгісі осы болар. Сергей, сенің әріптестерің тіл туралы не ойлайды?


Сергей Ахметов: IT саласын қазақшаландырайық деген ойымды қасымдағы жігіттерге айтқанда, олар «Қазақша оқулық жоқ. Термин де қазақшаланбаған. Жалпы қазақ тілін меңгеру туралы талап та жоқ. Оны қалай қазақшалайсың?» деп өзіме қарсы сұрақ қойды. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Бұл рас әңгіме. Әжем орыс тілі әдебиетінің мұғалімі болды. Отанды сүю туралы көп әңгіме айтатын. Атам «Қазақстанды шығыс-батыс, оңтүстік-солтүстік деп бөлудің қажеті жоқ. Бұл тұтастай Отан деп аталады. Отанды сүюің керек» деп айтатын. Сол тәрбиенің арқасында қазақ тіліне деген қызығушылық пайда болды. Мен қазақша сөйлеп едім, араласатын достарым да қазақша сөйлей бастады. Әдетте қазақша сөйлей алмайтын адамды кекетіп-мұқатпау керек. Қайта шабыттандырған дұрыс.
Jas qazaq: Сергей, болашақ жарың амалсыздан қазақша үйренетін секілді ғой…
Сергей Ахметов: Қазір бойдақпын. Жуырда үйленсем деген жоспарым бар. Қалыңдығым – қазақ қызы. Орыс қыздармен отасу маған өте қиын…

Конференцияны жүргізгендер
Жолдасбек Дуанабай,
Жарас Кемелжан

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде