Қазақ — Қырғыз байланысы жаңа деңгейге шықты

20 сәуiр 2024, 11:33

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Астана сапары үлкен ой салғаны рас. Ақордада Тоқаев пен Жапаров Жоғарғы мемлекетаралық кеңестің отырысында екі ел тарихындағы маңызды құжатқа қол қойды. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады.

Айыр қалпақты ағайынмен бұрыннан ауылымыз аралас, қойымыз қоралас өмір сүріп келеміз. Түркілерден тараған тамырымыз да бір. Осындай тарихи байланысымыз бүгінде тың серпін алып отыр.

2022 жылы тауар айналымы 19 пайызға көбейіп, 1,3 млрд долларға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 23 пайызға өсіп, 1,5 миллиард долларды құрады. Қазіргі таңда сауда-экономикалық байланысты 2 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар.

Бүгінгі кездесуде транзит, көлік, коммуникация, туризм және басқа салаларда ынтымақтастық туралы әңгіме қозғалды. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларында мүмкіндіктер жөнінде келісімдер жасалды. Оның жемісі әлі алда.

Таяуда ғана қырғыз ағайындар Қазақстанның тасқыннан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жіберді. Сондай-ақ гуманитарлық көмек марафонын ұйымдастырды. Осындай ел басына күн туған сәтте, Алатаудың баурайындағы бауырларымыздың қол ұшын созуы көңілге медет сыйлайды. Ақордадағы кездесуде Садыр Жапаров өз елінің кез келген көмекті беруге дайын екенін мәлімдеді.

Қалай десек те, Қырғызстан басшысымен кездесудің мамыражай жағдайда өткені қуантады. Өйткені қазіргідей геосаяси жағдай күрделі әлемде өңірлік қауіпсіздікті сақтап қалу қиын. Әсіресе, Орталық Азиядағы тыныштықты бұзғысы келетіндердің жымысқы әрекеті ара-тұра әр жерден бас көрсетіп қалады. Осындай сәтте мемлекеттеріміздің басшылары татулық пен ынтымақтастықты жоғары бағалайтыны түгел түркі біріксе, төбедегі келетінін аңғартады.

Кездесу соңында Тоқаев қырғызстандық әріптесін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл – Садыр Жапаровқа жасалған ерекше құрмет. Шынайы ризашылықтың белгісі. Қазақ-қырғыз байланысы өркендей берсін деп тілейміз.

Айбар Олжаев, 

Фейсбук парақшасынан

16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге
31 наурыз, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі
28 наурыз, 17:40
“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті
28 наурыз, 15:18
Машина жасау: инновациялық серпіліс