Қарт Каспий шексіз мүмкіндіктерге жол ашады

01 шiлде 2022, 12:24

«Ақтау тарихи саммитінен бері төрт жыл өтті. Осы уақыт ішінде әлем түбегейлі өзгерістерді бастан өткерді. Коронавирус пандемиясы, геосаяси шиеленістің күшеюі және басқа да сын-қатерлер Каспий аймағындағы тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күш жұмылдырудың аса маңызды екенін талап етіп отыр». Түрікменстан астанасы Ашхабадта өткен Алтыншы Каспий саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп атап көрсетті.

Бұдан төрт жыл бұрын Ақтауда өткен Бесінші Каспий саммитінде бес мемлекет (Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей, Түрікменстан) көшбасшылары бәтуаластық және барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған базалық халықаралық шартқа – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойған болатын. Бұл құжат Каспий жағалауындағы елдердің өзара іс-қимылын одан әрі дамытуға бағытталған Каспий теңізінің жаңа құқықтық режимін құрды.

Биыл Ашхабадта өткен Алтыншы Каспий саммитінде бес мемлекеттің Президенттері достық пен сенім жағдайында Каспийдегі бесжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін, сондай-ақ өзара мүдде тұрғысынан өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларды талқылады.

Басқосуда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдіре отырып, осы маңызды кездесудің офлайн өткізілуі дер кезінде және дұрыс болғанын жеткізді. «Бұрын-соңды болмаған «жаһандық дауыл» жағдайында Каспий теңізінің геосаяси тұрғыдан орналасуына, бай табиғи ресурстарына, сондай-ақ оңтайлы транзиттік әлеуетіне байланысты оның маңызы арта түседі», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий – пайдалы ресурстардың мол қоры ғана емес, сондай-ақ шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын теңіз екенін атап көрсетті. «Біздің бүгінгі басты міндетіміз – Конвенцияның тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Төрт жыл бойы осы мәселеге қатысты өзара тиімді шешімдерді іздеу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл мәселелер тікелей ұлттық мүддеге байланысты болғандықтан, тараптардың ұстанымдарына түсіністікпен қараймыз. Біз көздеген мақсатымызға қол жеткізу үшін бар күшімізді салуға дайынбыз», – деді Президент.

Дәстүрлі логистикалық желілердің үзілуі жағдайында өзара көлік қатынасы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың орнықты дамуының және нығаюының маңызды факторына айналады. Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артты. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша аталған бағыттағы отандық жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артты.

«Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Біз ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек. Бұл өзара тиімді әрі бірізділендірілген тарифтерді уақытылы бекітуге, түйткілді мәселелерді реттеуге қатысты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан кейін ол аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне тоқталды. Өткен жылы еліміздің Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 млрд доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.
«Қазақстанның Әзірбайжанмен арадағы тауар айналымы 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде біздің жоғары сапалы бидай (шамамен 5 миллион тоннадан астам) мен ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Бір миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз бар. Ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Өзара сауда-саттықты күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Президент.

Елімізде азық-түлік тауарларын қаттау, сақтау және сату бойынша технологиялық тұрғыдан дамыған жүйесі бар заманауи көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтар мен Каспий маңы азық-түлік хабы арасындағы жүйелі интеграция шаруалардың, сатып алушылардың, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың тиімді кооперациясына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, жеткізілетін барлық өнімнің сатылуына сенімді кепілдік береді.

Мемлекет басшысы Каспий теңізінің экожүйесін сақтау ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Өйткені Каспий жағалауының экономикалық дамуы және миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты трансшекаралық суқоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке қатысушылардың назарын Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күресудің маңызды екеніне аударды.«Каспий қойнауын және оның маңындағы аудандарды игеру кезінде техногенді апаттар мен табиғи катаклизмдердің үлкен қаупі барын ескерген жөн. Сондықтан апат салдарының алдын алудың және оларды жоюдың аймақтық механизмін, төтенше жағдай кезінде өзара көмек көрсету жүйесін дамыту маңызды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы тығыз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту және «Каспий бестігінің» талдау құрылымының консорциумын қалыптастыру қажет екенін айтып, Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері кеңесінің жыл сайынғы отырысын өткізу жөніндегі Владимир Путиннің ұсынысын қолдады.

«Каспий бойынша ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты тереңдетуге қатысты бүгінгі айтылған бастамалар сапалы әрі уақытылы орындалатынына сенімдімін. Қазақстан баршамызға ортақ және ата-бабаларымыздан мирас болып қалған берекелі қарт Каспийдің қашанда достықтың, тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың теңізі болып қалуына мүдделі. Халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің гүлденуі және ілгерілеуі үшін өзара ерік-жігер таныта отырып, баршамыз осы ізгі мақсатқа қол жеткізетінімізге сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Алтыншы Каспий саммитінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Ресей Президенті Владимир Путин сөз сөйледі.

Талап Тілеген

24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді